Accessibility links

Қытай инвестициясы негізінен энергетика саласына жұмсалады


Қытай төрағасы Си Цзиньпин (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мұнай құбыры ашылуы салтанатында. Астана, 7 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Қытай төрағасы Си Цзиньпин (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мұнай құбыры ашылуы салтанатында. Астана, 7 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға сапары барысында Қазақстан экономикасына салынатын қомақты инвестиция туралы келісімге қол қойылды. Оның көбі энергетикалық ресурстарды өндіру мен тасымалдау саласына жұмсалмақ.

Биыл Қазақстан мен Қытай басшылары үшінші мәрте кездесіп отыр. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен Сочи мен Гаагада жүргізген келіссөздерінен кейін мемлекеттік сапармен Қытайдың қаржы орталығы – Шанхай қаласына барды.

Мұнда Қазақстан экономикасына миллиардтаған доллар салу қарастырылған бірнеше сауда-экономикалық келісімге қол қойылды.

Келісімдердің бірінде Тынық мұхиты жағалауындағы Ляньюньган қаласында Қазақстан – Қытай логистикалық терминалын салу айтылған. Қазақстан президенті сайтында «әлемдегі ең ірі порттардың бірі Ляньюньганда Оңтүстік-Шығыс Азия, Австралия және Канадаға Қазақстаннан шикізат тасымалдап, өңдейтін әрі кері жүк таситын, аумағы 21 гектар болатын терминал салынады» деп жазылған.

Кездесу кезінде«Самұрық-Қазына» қоры мен CITIC компаниясы арасында мұнай-газ және тау-кен саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум, Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасын қаржыландыру, Алматы облысында мұнай-газ құбырларын шығаратын зауыт салу, экономиканың шикізат емес салаларындағы бірлескен жобаларды несиелендіру сияқты өзге де келісімдерге қол қойылды.

Сапар барысында жоғары технологиялар, азаматтық авиация, уран өндіру және көмір өнеркәсібі саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары да қозғалған.

«Қазинформ» агенттігінің хабарлауынша, бұл келіссөздердің нәтижесінде Қазақстан экономикасына барлығы 10 миллиардтан аса доллар түсуі тиіс. Агенттік Назарбаевтың «бұл Қазақстан экономикасын дамытып, халқымыздың әл-ауқатын жақсартады» деген сөздерін келтірген.

ВИДЕО: Қазақстан мен Қытай басшыларының кездесуі
Қазақстанға келіп жатқан Қытай инвестициясының көп бөлігі әзірше энергетикалық салада шоғырланған. Инвестиция көбінесе Қазақстанның мұнай, газ, көмір, уран сияқты энергетикалық ресурстарын өндіру мен экспорттауға жұмсалады. Мысалы, 2013 жылы Атасу – Алашаңқай мұнай құбыры арқылы Қытайға 10 миллион тоннадан астам мұнай тасымалданған. Ал мұнай құбырын кеңейту жобасы аясында 2015 жылы оның қуаты 20 миллион тоннаға дейін артпақ.

АҚШ-тың Heritage Foundation зерттеу институты деректері бойынша, Қытай 2005-2013 жылдары Қазақстан экономикасына 21 миллиард 800 миллион доллар бөлген. Оның 19 миллиард 700 миллион доллары энергетикалық саладағы бірлескен жобаларды қаржыландыруға жұмсалған. Бұл – Қытайдың осы кезеңде Қазақстанға салған барлық инвестициясының 90 пайызы.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG