Accessibility links

Экспорты әлсіз Астана Кеден Одағында қайтпек?


Кірпіш заводының жұмысшысы. Талдықорған, 20 шілде 2012 жыл.

Кірпіш заводының жұмысшысы. Талдықорған, 20 шілде 2012 жыл.

Кеден Одағына кіретін үш ел өзара тауар айналымын ұлғайтқанымен, Қазақстанның екі елмен саудасы жүрмей тұр. Сарапшылар мұның себебін осы елдің өнеркәсіптік тауарларды аз экспорттауымен байланыстырады.

Жуырда қаржы министрлігі «Қазақстан 2013 жылы Ресей мен Беларусь бюджетіне баж салығы түрінде 291 миллиард теңге аударды, ал Қазақстан бюджетіне екі елден 250 миллиард теңге түсті. Яғни Қазақстанның Кеден Одағы аясындағы «теріс сальдосы» 42 миллиард теңгені құрады» деп мәлімдеді.

Қаржы министрлігі кедендік бақылау комитеті басшысы Ғұсман Әмрин «біздің есебімізше, бұл тенденция биыл да жалғасып, ел бюджеті түсімдеріне қатысты болжамдардың орындалмауына душар етуі мүмкін» деді.

2013 жылы баж салығы бойынша өзара есеп айырысқан Кеден Одағына мүше постсоветтік үш елдің ішінде Қазақстан ғана пайда көрмеген. «Бизнес-Новости» ақпараттық-сараптамалық агенттігі дерегінше, Беларусь әріптес екі елдің бюджетіне төлеген салығынан шамамен 17 миллиард теңгеге көп баж салығын алған. Ал Ресей Беларусь пен Қазақстаннан 26 миллиард теңге алған.

Алматы қаласындағы «Ұлағат бизнес групп» консалтинг компаниясы мамандары Ресейде жасалған көлік. Алматы, 24 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресейде жасалған көлік. Алматы, 24 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

қазіргідей шарттармен Кеден Одағы «Қазақстанға мүлде тиімсіз» дейді.

– Өзара саудада теріс сальдо Ресей мен Беларусьтің бізге тауарды көп әкеліп жатқанынан ғана емес, бұл елдерге шығаратын экспортымыздың азайып кетуінен де өсіп отыр. Бизнесмендердің айтуынша, «қазір бұл бір жаққа ғана ашық одақ болып тұр». Өйткені олар Қазақстанға қанша тауар әкелсе де еркі, ал біз ештеңе шығара алмаймыз, – дейді компания директоры Марат Қайырленов.

Кеден Одағына біріккен 2010 жылдан бері Қазақстан өз экспортын азайтып, Ресей мен Беларусь шығарған тауарларды көп әкеле бастағанын ресми статистика да көрсетеді.

Қазақстан білім және ғылым министрлігі экономика институтының профессоры Олег Егоров «Қазақстанда экспортқа шығаратын өнімдердің өндірісі жеткілікті дамымағандықтан осындай жағдай қалыптасты» деп біледі.
Тіпті өзіміз шығара алатын ет және сүт өнімдерін де сырттан әкелеміз.

– Қазақстанда экспортқа шығатын тауар түрлері тым жұтаң. Тіпті өзіміз шығара алатын ет және сүт өнімдерін де сырттан әкелеміз. Ал мұнай саласын алсақ, бізден әкеткен шикізаттан өндірілген полимер өнімдерді алмайтын еліміз жоқ. Мысалы, пластик терезелерді Түркиядан аламыз. Біздегі автомобиль, тепловоз, тікұшақ жинау зауыттары Ресейде де бар, оларды қайда экспорттаймыз, – дейді Олег Егоров Азаттық тілшісіне.

Ресей мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы құрылымында негізінен минералды өнімдер, металл және одан жасалған бұйымдар, химия өнеркәсібі өнімдері, машина және құрал-жабдықтар сияқты біркелкі тауарлардан тұрады. Бірақ қосымша құны жоғары қайта өңделген тауарлар Қазақстан экспортына қарағанда Ресей импортында көп.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG