Accessibility links

Қазақстан ЕАЭО-ның кеден кодексінен қандай пайда көреді?


Армения, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан мен Беларусь өкілдері Еуразиялық жоғары экономикалық кеңесте. Санкт-Петербург, 26 желтоқсан 2016 жыл.

Армения, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан мен Беларусь өкілдері Еуразиялық жоғары экономикалық кеңесте. Санкт-Петербург, 26 желтоқсан 2016 жыл.

ЕАЭО елдері басшылары бұл одақтың кеден кодексі туралы келісімді мақұлдады. Бұл кодексті «еркін тауар айналымы кепілі» деушілер де де, оған күмәнданушылар да бар.

Кеше Ресейдің Санкт-Петербург қаласында Еуразиялық жоғары экономикалық кеңес (ЕЖЭК) жиыны өтті. Жиынға Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) мүше елдердің төртеуінің – Ресей, Қазақстан, Қырғызстан мен Арменияның президенттері қатысты, ал Беларусь президенті келген жоқ.

Қазақстан президентінің сайтындағы дерекке қарағанда, бұл жиында «ЕАЭО-ның кеден кодексі қол қоюға дайын болған». Ресей президенті сайты «ЕЖЭК-тің мақұлданған құжат жобалары» қатарында ЕАЭО кеден кодексі туралы келісімді де айтқан. Армения президенті сайты да «бұл кодекс жайлы келісімге қол қойылғанын» хабарлаған. Ал Қырғызстан президенті сайтында ол туралы дерек жоқ.

«БҰЛ КОДЕКСТЕ БИЗНЕСКЕ ЖАҚСЫ НОРМАЛАР КӨП»

ЕАЭО-ның кеден кодексін әзірлеуге қатысушылардың бірі – Қазақстанның «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы. Палатаның кедендік әкімшілік департаментінің директоры Дина Мамашеваның айтуынша, бұл құжат үш жыл әзірленген.

– Мемлекет басшылары бұл кодекске қол қойғаннан кейін бес елдің парламенті оны ратификациялайды. Жаңа кодексті жүзеге асыру үшін ұлттық заңнаманы дайындай бастаймыз. Бәрі дұрыс болса, шамамен жарты жылдан соң ЕАЭО-ның кеден кодексімен жұмыс жасаймыз, – дейді ол.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілі Дина Мамашева.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілі Дина Мамашева.

Сарапшы Дина Мамашеваның айтуынша, ЕАЭО-ның кеден кодексіне қазіргі қолданыстағы кеден одағы кодексінде ескерілмеген 30 халықаралық келісім енгізілген.

– Жаңа кодекс жобасы толық электронды форматта жұмыс істеуге мүмкіндік береді әрі олар қағаз құжаттардан басым тұрады. Кодекс қабылданғанда жүктерді растайтын қағаз құжаттарсыз интернет арқылы декларациялап, жүкті кеденнен жылдам өткізуге болады. Автоматты өткізу сынды жаңа нормалар да қаралған. Қауіп-қатер басқару жүйесі белгі бермесе, жүк кеден инспекторынсыз-ақ автоматты түрде кеденнен өте алады. Бизнеске керек жақсы нормалар көп, – дейді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілі Дина Мамашева.

Оның 1500 беттік бұл кодекс «ЕАЭО елдері арасындағы еркін тауар айналымға жол ашады, Қазақстан экономикасының дамуына әсер етеді» деп біледі.

«ЭКОНОМИКАДАН САЯСАТ БАСЫМ ТҰРҒАНДА ҚАЙЫР ЖОҚ»

Экономикалық шолушы Денис Кривошеев ЕАЭО елдерінің кеден кодексі Қазақстанның да экономикасына дамуына себеп болады деген пікірге күдіктене қарайды. Ол қазір Қазақстанның «нарыққа әсер ететін тетіктерден айырылып отырғанын» айтады.

– Шекара – елдерді бөліп, өз нарығын реттеп тұруға мүмкіндік беретін жалғыз бөгет. Қазір біздің шекарамызды тартып алды, бәріне ыңғайлы кедендік баж бағамын қоя алмаймыз. ЕАЭО елдерінде ол қазір ортақ, – дейді ол.

Экономикалық шолушы Денис Кривошеев.

Экономикалық шолушы Денис Кривошеев.

Денис Кривошеев кеден кодексін «әлемдік бәсекелестікке қадам» деп атап, «экономикасы кішкентай әрі басқармалы Қазақстан бәсекеге шыдамайды» дейді.

Ал саясаттанушы Досым Сатпаев «ЕАЭО-дағы мүддесі басым Ресей одақ мақсатына кедергі келтіріп жүргенін» айтады.

– 2010 жылы Кеден одағы құрылғалы, ЕАЭО-ны құру туралы келісімге қол қойылғаннан бері Қазақстан экономикалық дербестігінің біразын жоғалтты. Әсіресе сыртқы саудаға қатысты экономикалық мәселелерді ЕАЭО елдерімен келісіп шешу бізге біраз қиындық туғызды. Екіншіден, одақ құру кезінде берілген «170 миллион адамдық нарыққа жол ашу» туралы уәделер сөз күйінде қалды. Себебі Ресей әлі күнге дейін біз экспорттайтын шектелген тауар түрлеріне де кедергі жасап отыр, – дейді Досым Сатпаев.

Cаясаттанушы Досым Сатпаев.

Cаясаттанушы Досым Сатпаев.

Сарапшының пікірінше, ЕАЭО-ның кеден кодекс қабылданса да, еркін тауар айналымына кепіл жоқ.

– Қандай кеден кодексі қабылданса да, экономикадан саясат басым тұрғанда бұл жобаның кез келген құжаты дұрыс іске аспайды. Мәселен, Ресей ертең тағы да Қазақстанның экономикалық серіктес елдерінің бірімен геосаяси ойындарын бастап кетсе, онда мына құжаттар жұмыс істемей қалады. Мұндай жағдайға ЕАЭО келісімі жасалған соң да жолыққанбыз, – дейді Досым Сатпаев.

Өткен жылдары Ресейдің кейбір елдермен (Украина, Түркия) қарым-қатынасы нашарлаған кезде оның зардабы қазақстандық кәсіпкерлерге де тиген. Жалпы, ЕАЭО шарты жасалған 2014 жылдан бастап Қазақстан экономикасы дамуы жылдан-жылға баяулап келеді.

Қазір ЕАЭО құрамындағы Ресей, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан мен Армения 2009 жылы қабылданған кеден одағының кеден кодексін пайдаланып жүр. Кеше келісімі жасалған ЕАЭО кеден кодексі 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енуі тиіс деп хабарланған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG