Accessibility links

Қазақстан өтпелі кезең елдері рейтингінде де төменде тұр


Полиция АТФ банкі алдында наразылық шарасын өткізіп жатқан азаматтардың бірін әкетіп барады. Алматы, 15 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Полиция АТФ банкі алдында наразылық шарасын өткізіп жатқан азаматтардың бірін әкетіп барады. Алматы, 15 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Freedom House есебінде Қазақстан демократияны дамыту жағынан өтпелі кезеңде тұрған 29 ел ішінде 25-орын иеленген. Қазақстаннан кейін Беларусь, Әзербайжан, Түркіменстан, Өзбекстан тұр.

Халықаралық Freedom House құқық қорғау ұйымы рейтингінде бұрынғы СССР мен Шығыс Еуропаның коммунистік 29 елі топтастырылған.

Құқық қорғау ұйымының жыл сайынғы есебіне сәйкес, постсоветтік елдер арасында демократиялық жаңару жағынан Балтық елдері алда келеді. Көш соңындағы аутсайдарлер - Орталық Азия елдерінің көпшілігі, Ресей, Әзербайжан және Беларусь.

Freedom House ұйымының 1-7 аралығындағы рейтингінде 1 – ең жоғары прогресс деңгейі, 7 – ең төменгі деңгей саналады. Құқық қорғаушылардың бағалауынша, Қазақстанның индексі - 6,61, Тәжікстан — 6,39; Ресей— 6,46; Беларусь — 6,71; Әзербайжан — 6,75; Түркіменстан — 6,93; Өзбекстан — 6,93.

Словениядан кейінгі екінші орындағы Эстонияда бұл көрсеткіш - 1,96. Украина рейтингі – 4,64, ал Армения (5,36) мен Қырғызстан (5,93) тізім соңына қарай орналасқан.

Рейтингті құру барысында Freedom House зерттеушілері демократияны дамытудың сайлау процесі, азаматтық қоғамның даму деңгейі, тәуелсіз БАҚ-тың болуы, орталық және жергілікті биліктің демократиялық ұстанымы, сот жүйесінің тиімділігі мен тәуелсіздігі және коррупция деңгейі сияқты негізгі көрсеткіштерге қатысты ахуалды бағалайды.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КОРРУПЦИЯ ЖӘНЕ БАҚ-ТЫ БАСЫП-ЖАНШУ

Freedom House ұйымының Қазақстан бойынша баяндама авторы америкалық журналист, Орталық Азия мәселелері туралы жазатын Еurasianet басылымы тілшісі Джоанна Лиллис елде саяси реформалар жүргізу ниетін әзірше байқамағанын айтады.

ADAM bol журналының сотында отырған журналистер мен азаматтық белсенділер. Алматы, 26 ақпан 2015 жыл.

ADAM bol журналының сотында отырған журналистер мен азаматтық белсенділер. Алматы, 26 ақпан 2015 жыл.

— Жуырда ғана президент Нұрсұлтан Назарбаев ел үкіметі мен парламентіне көбірек құқық беру керектігін айтты. Бірақ әзірше ешқандай нақты қадам жасалмай отыр. Президенттің «100 қадам» бағдарламасында да саяси өзгерістер жайлы бір сөз жоқ, - дейді Джоанна Лиллис Азаттыққа.

Оның пікірінше, президент те, үкіметтегі шенеуніктер де көп айтатын коррупциямен күрес науқанынан да «тұшымды нәтиже шықпаған».

— Мұның мысалы – ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысты жағдай. Басшылық қызметтегі шенеуніктер бұған дейін де қамалған, бірақкоррупциялық жанжалдар әлі жалғасып келеді, - дейді Джоанна Лиллис.

Сарапшының пікірінше,БАҚ пен азаматтық қоғам жағдайы да мәз емес. Лиллистің айтуынша, жағдай әсіресе Жаңаөзен оқиғасынан кейін, яғни онсыз да санаулы қалған тәуелсіз әрі оппозициялық БАҚ-қа қарсы науқан жүргізілген 2011 жылы тіпті ушығып кеткен.

— Қазір Қазақстанда тәуелсіз БАҚ жоқтың қасы. Санаулы қалған ақпарат құралдары қудалау мен мықты қысымға ұшыраған. Азаматтық қоғамның жағдайы да осыған ұсқас. «Оппозициялық» деп атауға болатын нақты бір саяси партия жоқ, ал азаматтық белсенділер үлкен қысым жағдайында жұмыс істейді, - дейді Джоанна Лиллис.

Мұның мысалы ретінде Джоанна Лиллис Украинадағы соғыс туралы мақаладан «соғысты насихаттау» белгілерін байқаған Алматы әкімдігінің талап-арызы бойынша ADAM bol журналын жапқан сот процесін келтіреді. Джоанна Лиллис БАҚ-қа қарсы тағы бір процесті – «Қазкоммерцбанктің» талап-арызы бойынша Nakanune интернет-ресурсына қарсы өткен аптада аяқталған процесті де атап өткен. Сот журналисті «іскерлік беделіне келтірілген зиянның өтемі ретінде» банкке 20 миллион теңге төлеуді міндеттеген.

Freedom House ұйымының Қазақстан бойынша баяндама авторы америкалық журналист Джоанна Лиллис Джоанна Лиллис.

Freedom House ұйымының Қазақстан бойынша баяндама авторы америкалық журналист Джоанна Лиллис Джоанна Лиллис.

Бірақ Джоанна Лиллис аймақтағы өзге елдермен салыстырғанда, «елде тұрақтылық пен береке орнатып бергені үшін риза халықтың көбі президент Нұрсұлтан Назарбаевты қолдайтынын» айтады. Журналист Джоанна Лиллистің болжамынша, таяу жылдары азаматтардың саяси еркіндігі, БАҚ-тағы ахуал мен азаматтық қоғамдағы жағдай өзгермейді

Freedom House ұйымы бұрынғы социалистік блок елдеріндегі демократия мен азаматтық еркіндікті дамытуға қатысты жағдайды зерттеген Nations in Transit есебін жыл сайын жариялайды.

Freedom House ұйымының 2014 жылғы есебінде Қазақстан индексі биылғы баяндамадағы деңгейде – 6,61 болған. 2013 жылдың есебінде елге 6,57 көрсеткіші берілген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG