Accessibility links

Үндістанмен ынтымақтастыққа «тепе-теңдік» тұрғысынан қарайды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди. Астана, 8 шілде 2015 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди. Астана, 8 шілде 2015 жыл.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан әлемдік державалардың бірі ретінде мойындалған Үндістанмен дұрыс қарым-қатынас орнатудан саяси және экономикалық пайда көруі мүмкін.

​Бүгін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл елге ресми сапармен келген Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен кездесті. Екі күннің қорытындысы бойынша Қазақстан мен Үндістан арасында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық жайлы құжаттарға қол қойылды.

Қазақстандық сарапшылар Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің сапарын Қазақстан мен тұтас Орталық Азия аймағы үшін «өте маңызды» деп бағалайды.

Саясаттанушы Расул Жұмалының пікірінше, аймақтағы және әлемдегі геосаяси жағдайды ескерсек, бұл сапар Үндістан үшін ғана емес, аймақ елдері мен Қазақстан үшін өте үлкен маңызға ие.

– Үндістан шын мәнінде әлемдік держава мәртебесін алды. Геосаяси жағдай күрделеніп, күшті елдер арасында тайталас өршіп тұрған шақта, әсіресе Ресей мен Батыс елдері бір-біріне қырын қарап тұрған кезеңде бұндай іссапар сыртқы саясат пен геосаясат қарым-қатынасында құнды, – дейді саясаттанушы.

Саясаттанушы Расул Жұмалы.
Саясаттанушы Расул Жұмалы.

Расул Жұмалы соңғы уақытта сарапшылардың Астананы «көпвекторлық саясат» деп жариялаған ұстанымынан ауытқып, екі орталық күшке – Ресей мен Қытайға көңіл бөлгені үшін сынап келгенін ескертеді. Сондықтан Үндістанмен байланыс орнату сыртқы саясат тепе-теңдігін ұстауға қажет дейді саясаттанушы.

Оның айтуынша, Ресей мен Қытай Қазақстанның Үндістанмен жақындасуға біршама қызғанышпен қарайды, себебі олар ықпал ету құралын өз қолдарында ұстап, оны ешкіммен бөліскілері келмейді.

– Мәселе бұл жағдайда Қазақстанның мүмкіндігі қандай және Үндістанның әлеуетін жақындату үшін қаншалықты саяси жігерге ие дегенге тіреледі, – дейді Расул Жұмалы.

Экономист Петр Своик Қазақстан қазір Үндістанға Еуразия экономикалық одақтың мүшесі және Шанхай ынтымақтастық ұйымының қатысушысы ретінде қызықты дейді.

Экономист Петр Своик.
Экономист Петр Своик.

– Қазақстан мен Үндістан байланысы маңызды емес, Үндістан және ШЫҰ ынтымақтастығы маңызды. Ол соған енуді көздеп жүр, ЕЭО да оны тартады. Бұл жағынан алғанда Қазақстан еуразиялық интеграцияның өте маңызды бөлігі ретінде Үндістан мен ЕЭО және ШЫҰ арасында «көпір» рөлін атқармақ, – дейді Своик.

Своик Қазақстан мен Үндістан арасында тауар айналымы төмен екенін еске салады. Қазақстандық шикізатты алу жағынан да, Қазақстанға үндістандық тауарларды әкелу тұрғысынан да Үндістан бастапқы орында тұрған жоқ.

Қазақстан үкіметінің деректері бойынша, Қазақстан мен Үндістан арасында тауар айналымы 2012 жылы 500 миллион долларды құраса, 2013 жылы 670 миллион доллардан асқан (Салыстыру үшін: 2013 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 28 миллиард долларды құрады, ал Ресей мен Қазақстан арасында 23 миллиард доллардан асты).

Саясаттанушы Айдос Сарымның айтуынша, ұзақ уақыт бойы үнді бизнесінің Қазақстанға енуге жасаған әрекеті Қытай мен Ресейдің жақтырмау себебінен нәтиже бермеген. Үнділік консорциумдар Каспийдегі мұнай-газ кен орындарына бәсекелестері қытайлық және ресейлік компаниялар болғандықтан ене алмаған. «Соңғылары Қазақстанды тек өз мүдделерін жүзеге асыратын аймақ ретінде қарастырады» дейді сарапшы.

Саясаттанушы Айдос Сарым.
Саясаттанушы Айдос Сарым.

– Қазір Үндістан үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды. Жақында Қытай төрағасы Си Цзиньпин Үндістанға сапар жасады, сонда қарым-қатынастың біршама түзелгені байқалды. Ресей де, Қытай да Үндістанның ШЫҰ-ға мүше болғанын қалайды. Үндістан мүмкіндікті пайдаланып Қазақстанға «кіруге болатынын» аңғарды, себебі бұл – энергетикалық қауіпсіздік және геосаясат тұрғысынан маңызды аймақ, – дейді Айдос Сарым.

Үндістан премьер-министрінің Астанаға екі күндік сапары аясында қазақстандық және үндістандық компаниялар арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Қол қойылған құжаттар арасында – «Қазатомпром» ұлттық компаниясы мен Үндістанның атом энергиясы корпорациясы арасында жасалған қазақстандық уранның бес тоннасын тасымалдау шарты, қорғаныс және әскери-техникалық әрекеттестік туралы үкіметаралық келісімдер бар.​

Мақаланы орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG