Accessibility links

Сарапшылар Минск кездесуінен тез нәтиже күтпейді


Суретте солдан оңға қарай: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Украина президенті Петр Порошенко, Еуропа Одағының (ЕО) сыртқы саясат жөніндегі жоғары комиссары Кэтрин Эштон, ЕО энергетика жөніндегі комиссары Гюнтер Оттингер, ЕО сауда жөніндегі комиссары Карел де Гюхт. Минск, 26 тамыз 2014 жыл.

Суретте солдан оңға қарай: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Украина президенті Петр Порошенко, Еуропа Одағының (ЕО) сыртқы саясат жөніндегі жоғары комиссары Кэтрин Эштон, ЕО энергетика жөніндегі комиссары Гюнтер Оттингер, ЕО сауда жөніндегі комиссары Карел де Гюхт. Минск, 26 тамыз 2014 жыл.

Қазақстандық сарапшылар Минскідегі Украина-Ресей келіссөзінен «позитивтік нышан» көреді. Олар бұл жанжалға қатысты Астананың Мәскеуден тым тәуелсіз позиция ұстанарына күмәнданады.

Қазақстандық сарапшылар мен саясаткерлер Азаттыққа тамыздың 26-сы күні Минскіде өткен Украина-Ресей келіссөздеріне және осы кездесуге Кеден Одағы өкілі ретінде қатысқан Қазақстан президентінің ұстанымына қатысты пікірлерін айтты.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев Ресей мен Украина президенттерінің Минскіде алғаш рет жүзбе-жүз кездесуін шын мәніндегі «позитивтік» нышан деп сипаттайды. Сарапшы бұл кездесуде екі тарапқа да қатты бататын мәселелер көтерілгендіктен мәселе тез арада шешіле қоймайды деп пайымдайды.

Оның пікірінше, қазіргі ең басты мәселе Киев пен Мәскеу арасындағы қарым-қатынасты жақсарту ғана емес, Киев пен шығыс Украинадағы сепаратист аймақтардың арасында диалог орнату да соншалықты маңызды.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев.

«Бұл тұрғыда, меніңше, тараптар арасында араағайындар мен келіссөздер неғұрлым көбірек болса, соғұрлым қандай да бір нәтиже шықпақ. Мұны қазір экономикасы коллапс (құлау – ред.) алдында тұрған Украина да, Ресейге қарсы санкциялар экономикасына айтарлықтай әсер етіп отырған Еуропа Одағы да, сол сияқты біртіндеп Солтүстік Корея, Иран, Куба сияқты әлемнен оқшау елдер қатарына жақындай түскенін Ресей де жақсы түсінеді. Әрине, қазір батырсынып отырған Мәскеу де ондай елдер қатарында болғанды әсте қаламайды» дейді Сәтпаев.

Билікшіл Қазақстан коммунистік халық партиясының парламенттегі фракциясының жетекшісі Владислав Косарев Украинадағы дағдарысты реттеуге байланысты ісі мен сөзі бір жерден шықпай отыр деп Киевті кінәлайды. Оның пікірінше, Украина президенті Петр Порошенконың елдің шығысындағы сепаратистермен келіссөз жасауға құлық танытпауы соғыс отының өршуіне соқтырған.

Саясаткер Владислав Косарев "Хабар" телеарнасы эфирінде. 12 қаңтар 2012 жыл.

Саясаткер Владислав Косарев "Хабар" телеарнасы эфирінде. 12 қаңтар 2012 жыл.

«Ол дипломатиялық келіссөздер жүргізу керек еді ғой. Бірақ олай болмады, оның орнына «Град» сияқты қару-жарақ түрлерінен атып, ұрысқа ұласып кетті. Соғыс жүріп, қантөгіс боп жатыр. Келіссөздері бастау үшін кез келген жағдайда да соғысты тоқтату керек. Ешқандай соғыс келіссөздермен қатар жүргізілмейді» дейді Косарев.

Киев Шығыс Украинада жағдайды ушықтырып, сепартистерге қару-жарақ пен материалдық қолдау көрсетіп отырған Ресей деп айыптайды. Украинаның қауіпсіздік қызметі соңғы күндері шекара бұзған әскери көлік керуендері туралы хабарлап, қолға түскен бірнеше ресейлік солдаттың видеосын жариялады. Ресей қорғаныс министрлігі солдаттарды Украина территориясына «кездейсоқ, адасып барып қалған» деп сипаттады.

Шығыс Украинадағы қазіргі жағдайды парша-паршасы шығып сынған қыш ыдысқа теңеген Косарев «жан-жаққа ұшқан сынықтарды жинап қайта құрастыру тым қиын болады» дейді.

Саясаттанушы Расул Жұмалы Минскіде тамыздың 26-сы күні өткен кездесу Киев пен Мәскеудің бұрынғы позицияларынан айнымағанын көрсеткенін айтады. Сарапшы осыған дейін Украинадағы дағдарыс туралы көзқарасын білдіру кезінде сақтық танытып келген Астананың Минскіде өзгешелеу позиция ұстанғанын айтады.

Саясаттанушы Расул Жұмалы.

Саясаттанушы Расул Жұмалы.

«Мысалы, Донецк пен Луганскіге гуманитарлық көмек беру, оларды қалпына келтіру туралы Қазақстанның бастамасы, сол сияқты, Украинаның таңдап отырған стратегиялық бағытына, оның Еуропа Одағына ассоциациялық мүше болу туралы ниетіне Қазақстанның оң көзбен қарайтынын айтуға болады» дейді Расул Жұмалы.

Жұмалы бұған қоса Ресейдің кейбір батыстық азық-түлік өнімдеріне біржақты жариялаған санкцияларына Кеден Одағындағы екі әріптесінің қосылмағанын да атап өтті. Ол мұны «әр мемлекеттің өз ұлттық мүделерін ойлағандығының рационалды, жаңа нышаны» деп сипаттайды.

Сарапшының ойынша, Минск, Мәскеу және Астана арасында тек экономикалық емес, сонымен бірге саяси мәселелер бойынша да қарама-қайшылықтар мен келіспеушілік бары аңғарылған.

Расул Жұмалының болжауы бойынша, жарты жыл, я бір жылдық орта мерзімде Ресейге Украинаға қатысты өзінің қазіргі ұстанған саясатын өзгертуге тура келмек.

«Украина дербес, тәуелсіз мемлекет ретінде қандай жолды таңдайды, қандай интеграциялық немесе мемлекетаралық одаққа енеді – бұл тек егеменді ел ретінде Украинаның өзінің құқығы екенін өзгелер, соның ішінде Қазақстан да ескеруі керек» дейді Жұмалы.

Саясаткер Әміржан Қосанов.

Саясаткер Әміржан Қосанов.

Саясаткер Әміржан Қосанов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің Украина – ЕО әріптестігі туралы Минскіде білдірген өзгешелеу пікірлеріне қарап, Астана Мәскеуге қатысты көзқарасын өзгертті деу тым асығыс пікір болатынын айтады.

«Үлкен саясатта ондай-мұндай пікірталастар болып тұрады. Ең бастысы – Қазақстан Еуразия Одағынан түпкілікті бас тарта алмай отыр, бастысы – осы» дейді ол.

Қосанов «кез келген, тіпті нәтижесіз болса да келіссөздің соғыстан артық болатынын» айтады. Сонымен қатар ол Минскідегідей кездесулердің өз артықшылығы барын, бірақ, одан нақты нәтижені іле-шала күтуге болмайтынын ескертеді.

2014 жылдың басында шарықтау шегіне жеткен Киевтегі әйгілі «Майдан» шерулерінен соң Украинаның бұрынғы президенті Виктор Янукович биліктен кеткен еді. Жергілікті оппозиция уақытша үкімет құрған соң елдің шығысындағы Ресеймен шекаралас аймақтарда қарулы қақтығыс туған. Бұдан соң Ресей «орыстілді тұрғындардың құқығын қорғау» деген желеумен Қырым автономиялық республикасына әскер кіргізіп, оны аннексиялаған еді. Жаңа президент сайлауын өткізген Украина Қырымды әлі өзінің территориялық бөлігі деп санайды және елдің шығыс облыстарындағы сепаратистік қарсылыққа Ресей дем беріп отыр деп айыптайды. Кремль бұл айыптауларды жоққа шығарады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG