Accessibility links

Кей кәсіпкер құнсыз рубль зардабынан әлі айықпады


Көліктен сиыр түсіріп жатқан адамдар. Қазақстан, 26 қазан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Көліктен сиыр түсіріп жатқан адамдар. Қазақстан, 26 қазан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Рубль құнсыздануынан Қазақстанның солтүстік аймағы кәсіпкерлері әлі зиян көріп отыр. «Баға төмен, 30 тонна сүтті далаға төккен шаруашылықтар бар» деген кәсіпкер Ресейдің құнсыз тауарымен бәсекелесудің жолын іздейді.

Өткен апта, шілденің 29-ы күні Қазақстанның «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов «Солтүстік Қазақстан облысындағы сүттің 80 пайызы жеке үй шаруашылықтарында өндіріледі. Бірақ сүт зауыттары олардың өнімдерін қабылдамайды. Осының кесірінен адамдар күнделікті сауған сүттерін далаға төгуге мәжбүр. Бұл өңірде сүт сату тиімсіз болып тұр, өйткені Ресейдің валюта нарығындағы жағдайға байланысты бәсекеге төтеп бере алмайды» деп мәлімдеген еді.

Азаттық тілшісі Ресеймен шекаралас аймақтардағы қазіргі жағдайды білу мақсатымен осы өңірдің сүт өндірушілеріне хабарласты. Олар Мырзахметовтің мәлімдемесін жоққа шығармады. Қостанай облысында 10 жылдан астам уақыт сүт өнімдерін өндірумен айналысып келе жатқан «ДЕП» ЖШС-інің қызметкері Нұрлан Сахидуллаевтың айтуынша, «Ресейден келетін сүт өнімдерінің бағасы әлі өте арзан болып тұр. Оның зияны мұндағы кәсіпкерлерге тиіп жатқаны рас».

- Тіпті кейбір сүт өнімдерін Алматыдан немесе Қазақстанның басқа өңірлерінен алғаннан гөрі, Ресейден алып келген көп пайдалы, арзан болып шығады, - дейді ол.

«ТӨГІЛМЕГЕН» ЖӘНЕ «ТӨГІЛГЕН» СҮТ

Нұрлан Сахидуллаевтың сөзіне қарағанда, ол істейтін өндіріс орнында сүт төгу оқиғасы әзірге болмаған. «Егер өндірген сүтіңіз сапалы болса, ондай мәселе туындамауы керек» дейді ол.

Сиыр фермасы. (Көрнекі сурет)

Сиыр фермасы. (Көрнекі сурет)

Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы бастығы Қайрат Омаров «Солтүстік Қазақстан облысында фермерлердің сүтін өткізе алмай, далаға төгіп жатқанын» теріске шығарды. Оның сөзіне қарағанда, «Петропавл мен Көкшетау қалаларында сүт қабылдайтын арнайы орындар бар. Сондықтан ешқандай сүт төгілмейді».

Ал Абылай Мырзахметовтың мәлімдемесіне қатысты Азаттыққа сұхбат берген «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына қарасты Агроөнеркәсіп кешені комитеті хатшысының орынбасары Мырзахмет Өксікбаев «Қазақстанда сүт төгу факторының тіркелгені рас екенін» айтады. Ол Азаттық тілшісіне:

- Рубль құлдырап кетуіне байланысты Ресейде өнімдердің де бағасы төмендеді. Мәселен, бұрын 1 рубль 5 теңге болатын. Қазір 3 теңгенің маңайында. Осы айырмашылық біздің Ресеймен шектесетін аймақтағы сүт өндірушілерге зардабын тигізіп тұр, - деді.

Мырзахмет Өксікбаевтың айтуынша, «Ресеймен шектесетін Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарына Ресей сүті 55 пен 80 теңге аралығында келеді».

- Ал өзіміздің сүтті сауып, оны өндіріп, сатылымға шығарғанда құны 80 тенгеден жоғары болып кетеді. Осының кесірінен кейде сүтті төгуге тура келеді. Мәселен, осыдан біраз бұрын Қостанай облысындағы «Сарыағаш» шаруашылығында екі күнде өндірілген 30 тонна сүтті ұраға төгуге мәжбүр болды. Ресей өнімдерімен бәсекелес болу үшін Қазақстандағы сүт өндіруге қатысты шаруашылықтарды біріктіру керек - дейді ол. «Сарыағаш» шаруашылығы өкілдері Азаттық сұрақтарына жауап беруден бас тартты.

Ресейдегі ферманың бірі. (Көрнекі сурет)

Ресейдегі ферманың бірі. (Көрнекі сурет)

Қазақстанның солтүстік аймақтары кәсіпкерлері Ресей рублінің арзандауына байланысты өз өнімдерінің бәсекеге төтеп бере алмай жатқанын Азаттыққа бұған дейін де хабарлаған еді. Биыл көктемде қостанайлық фермер «Жұрт Ресейден келетін арзан етке жүгіретін болды. Рубль бағамының құлдырауы ол жақтан келетін ет бағасын тым төмендетіп жіберді де, біз өнімдерімізді ондай бағаға сата алмай қалдық» деп шағымданған болатын.

Ресей Украинаның Қырым түбегін аннексиялауына және Украинаның шығысындағы дағдарысқа байланысты АҚШ пен Еуропа Одағының санкцияларына іліккен. Батыстың Ресейге санкциялары мен көмірсутек шикізатына деген бағаның құлдырауынан соң рубль құнсызданған еді.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG