Accessibility links

Қазақстан мен Ресей арасындағы «ғарыш дауы»


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Кремль, 9 қазан 2012 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Кремль, 9 қазан 2012 жыл.

Jamestown.org сайты Қазақстандағы Байқоңыр космодромы туралы мақала басты. Ақордамен келісе алмаған Кремль Амур аймағынан жаңа ғарыш айлағын салуды қолға алды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге сапарының алдында «Известия» газеті «Роскосмос» агенттігінің өкілімен сұхбаттасқан деп жазады Jamestown.org қазанның 24-і күні жарияланған мақаласында.

Аты-жөнін атамаған ресейлік маман «Мәскеу мен Астана Байқоңырдың қасынан тағы бір ғарыш алаңын салу туралы келісімге келе алмады. Осылайша екі елдің арасындағы келіссөз тұйыққа тірелді» деген.

«ҚҰРЫЛЫС ҚАРЖЫСЫН ҚАЗАҚСТАН ТӨЛЕСІН»

2004 жылы Қазақстан президенті Назарбаев пен Ресей президенті Путин «Байқоңырдың мүмкіндіктерін арттыру үшін құны бір миллиард 600 миллион доллар деп есептелген «Бәйтерек» ғарыш айлағын саламыз» деп келіскен.

Мақала авторы Волошиннің дерегі бойынша, ортақ келісім болғанымен, Ресей жағы «Біз Байқоңырды түгел жалға алып, ақысын төлеп отырғандықтан, Қазақстан жаңа жобаны өзі қаржыландырады» деген. Бұдан соң Қазақстан келіссөздерді тоқтатып тастады.
Байқоңырда ғарышқа ұшатын зымыран бөлшектері құрастырылып жатыр. 18 қазан 2011 жыл.

Байқоңырда ғарышқа ұшатын зымыран бөлшектері құрастырылып жатыр. 18 қазан 2011 жыл.


Астана арада сәл уақыт өткізіп барып, «Бәйтеректің» шығынын 800 миллион доллардан бөліп төлейік» деген ұсыныс жасаған. Кремль «Ресей онсыз да Байқоңырды жалдағаны үшін жыл сайын 115 миллион доллар төлейді. Одан да басқа қосымша шығындарды жауып отыр» деп, Астананың ұсынысын қабылдамаған.

Қазақ ғарыш агенттігінің мәлімдеуінше, «Қазақстанда «Бәйтеректі» қаржыландыратын қор жоқ. Себебі әу баста жаңа жобаны қаржыландыру үшін екі елдің арасында үкіметаралық арнайы келісімдер болған».

«ПРОТОННЫҢ» ЗИЯНЫ МЕН «АНГАРАНЫҢ» АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ

«Ресейге жаңа ғарыш кешені «Ангара» зымыранын дамыту үшін керек» деп жазады Jamestown.org. «Роскосмос» жаңа ракета - «Ангараны» сынау жұмыстарын 2012 жылға жоспарлаған. Бірақ қаржы тапшылығына байланысты бұл жоспар кейінге ысырылды. Бұған дейін Байқоңырдан ұшып жүрген «Протон» зымыранымен салыстырғанда, «Ангараның» артықшылығы - экологиялық жағынан әлдеқайда таза. Ал «Протон» пайдаланатын отынның уы мол әрі зымыран жарылған жағдайда халық денсаулығына тигізетін зияны туралы дау-жанжал бірнеше рет Ресейдің мазасын алды.
2007 жылы «Протон» Назарбаев сапармен жүрген Жезқазғаннан 40 шақырым жерге құлады. 219 тонна гептилі бар. Ол адамдардың ісік ауруына шалдығуына әсер етеді.

Мақала авторы осыған орай «Протонның» апатқа ұшыраған кездерін жазған. 2007 жылы қыркүйек айында «Протон» зымыраны жарылып, дәл сол кезде Қазақстан президенті Назарбаев сапарда жүрген Жезқазған қаласынан 40 шақырым жерге барып құлады.

Бұл жолы «Протонның» бөшкесінде 219 тонна гептил бар еді. Бұл элемент жарылуға бейім әрі адамдардың ісік ауруына шалдығуына әсер етеді» деп жазған.

«ТЕГІН ЕМДЕП БЕРЕМІЗ»

Қазақстан сол кезде Ресейден «Протонның» тигізген зардабы үшін 60 миллион доллар өтемақы төлеуді талап еткенімен, Ресей үкіметі «апаттан зардап шеккен жергілікті халықты тегін емдеп береміз» деген уәдемен 2 миллион 400 мың доллар ғана өтемақы төлеп құтылған.

Мақала авторының пайымдауынша, «Протонды» «Ангарамен» ауыстыруға түрткі болған тағы бір себеп - техникалық ақауларының көбеюі.

Қазақстан үкіметі Ресейден «Бәйтерек» жобасын қаржыландыруды талап етіп жатқанда, Мәскеу Байқоңырды жалға алғаны үшін төлейтін 115 миллион доллар ақысын тоқтатқан жоқ.
Байқоңырдан ұшқалы тұрған Ресей зымыраны. 24 тамыз 2011 жыл.

Байқоңырдан ұшқалы тұрған Ресей зымыраны. 24 тамыз 2011 жыл.


Былтыр Қазақстан парламентіндегі кейбір депутаттар Байқоңырдың ақысын өсіру жайлы ұсыныс айтқан. Олар «Байқоңырға қатысты келісім-шарт 1994 жылы жасалған. Ал Ресейдің жыл сайын ұшыратын зымырандары көбейіп келеді» деген уәж айтқан.

Осыған орай Кремль Ресейде «Восточный» деп аталатын ғарыш айлағын салу жайлы шешім қабылдады. Оның құрылысы 2012 жылдың басында Қытаймен шекарадағы Шығыс Амур аймағында басталды. Жоспар бойынша, жаңа айлақ 2015 жылы іске қосылады.

Ресей Байқоңырды 2050 жылға дейін жалға алуға келісіп қойса да, қазір «Роскосмос» зымырандарының 90 пайызын Ресейдің батысындағы Плесецк айлағынан ұшыруды жоспарлап отыр деп жазады шетелдік басылым.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG