Accessibility links

Қазақстан Ресейге салынған санкциялардан ұтуды ойлайды


Бағбандар Сапар Бекмагамбетов пен Ольга Суздалева апорт алмасын ұстап тұр. Алматы, 16 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Бағбандар Сапар Бекмагамбетов пен Ольга Суздалева апорт алмасын ұстап тұр. Алматы, 16 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресей Батыстың кейбір елдерінен азық-түлік импорттауға тыйым салған соң Қазақстанда «бұл жергілікті нарық үшін ұтымды» деген сөздер айтыла бастады. Бірақ Қазақстанның өзі де импортқа тәуелді.

Ресей билігі тамыздың 7-ісінен бастап Еуропа Одағы елдерінен, АҚШ, Канада, Норвегия және Австралиядан кейбір азық-түлік түрлерін әкелуге тыйым салды. Ресей тыйымына сиыр, шошқа, тауық еті, балық, шұжық және ет өнімдері, көкөніс пен жеміс, ірімшік пен сүт өнімдері ілікті. Түрлі болжам бойынша, 9-15 миллиард доллардың өнімін бір жыл бойы импорттауға тыйым салынған.

Нарықта пайда болған бос орынға Қазақстан бизнесінің назары ауды. Астанадағы ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ресей мен Батыстың бір-біріне салған санкциясынан Қазақстан ұтуы мүмкін деп болжайды.

– Ресей жеміс пен көкөністің көбін алып отырған Молдова, Польша сияқты келетін елдерге санкция салды. Ресей енді өз өндірісін дамытуға тырысатыны белгілі, бірақ біз үшін де тыйым салынған позициялардың орнын басу мүмкіндігі туады. Енді өндірісті өзімізде дамыту керек, бұл қолымыздан келеді, – деп мәлімдеді палата басшысы Абылай Мырзахметов баспасөз өкілдеріне.

Сарапшылардың арасында бұл идеяны қолдайтындар да, оған сенбейтіндер де бар.

Григорий Марченко Қазақстан ұлттық банкінің басшысы кезінде. Алматы, 9 сәуір 2013 жыл.

Григорий Марченко Қазақстан ұлттық банкінің басшысы кезінде. Алматы, 9 сәуір 2013 жыл.

Қазақстан ұлттық банкінің бұрынғы басшысы Григорий Марченко «Россия-24» телеарнасына берген сұхбатында ресейліктерді азық-түлікті Қазақстаннан сатып алуға шақырды.

«Америкалық генетиктер әлемдегі алма атаулының бәрі Алматы түбіндегі Іле Алатауындағы екі шатқалдан тарайтынын дәлелдеген. Алманы да, қойды да бізден сатып алыңыздар» деп мәлімдеді Марченко.

Әлеуметтанушы Ғаділбек Әкім Facebook желісіндегі парақшасында: «Жаңа мүмкіндіктерді пайдаланып қалу керек, бірақ Ресей нарығында көп өзгеріс бола қоймас. Қазіргі заманда сырттан келетін заттың бәрін бірдей ауыстыра алмайсың, томаға-тұйық, жұрттан оқшау экономиканы да құра алмайсың. Қазір бәрі бір-бірімен байланысқан заман. Бір елдердің алдынан жабылған есік екінші бір елдердің алдынан мүмкіндік болып ашылады. Мысалы, Қазақстан өнімдерін сыртқа шығаруға, әсіресе шекара бойындағы аймақтарға сатуға мүмкіндік туып тұр. Бірақ абайлау керек. Өзбектер Ресейге жіберетін жеміс-көкөніс көлемін арттыруға дайын екендерін мәлімдеп те қойды. Қысқасы, ешкім мүмкіндіктен айрылғысы келмейді. Бірақ қанша дегенмен мұның бәрі Еуропа Одағы, АҚШ, Жапония, Австралия, Канададан келетін өнімдерді алмастыра алмайды» деп жазады.

Қаржыгер Айдан Кәрібжанов бұл идеядан онша үлкен үміт күтпейді. «Қазақстанның алдынан адам айтса нанғысыз мүмкіндіктер ашылады деген алдамшы идеяларға қарамастан, бұдан ештеңе ұтпаймыз. Айраннан гөрі инфляцияны экспорттау оңайырақ» деп жазады ол Facebook-те.

Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев. Алматы, 9 қыркүйек 2013 жыл.

Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев. Алматы, 9 қыркүйек 2013 жыл.

Азаттық тілшісімен әңгімелескен бұрынғы дипломат, блогер Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, әуелі Қазақстанға келетін импортты ауыстыру жайын ойластырған жөн.

– Өйткені біз азық-түліктің көбін Ресейден әкелеміз. Бұған көз жеткізу үшін Қазақстанның кез келген супермаркетіне барсаңыз жеткілікті. Алманы қайта түлетіп, сатуға болады, бірақ оны өзіміз де сырттан әкелеміз. Қысқасы, көп «бірақ...» болмағанда, біраз нәрсені істеуге болар еді, – дейді ол.

Статистика агенттігі деректері бойынша, соңғы жылдары азық-түлік импорты көлемін ұлғайтқан Қазақстанға 2013 жылы сырттан 4 миллиардтай доллардың өнімі әкелінген. Жергілікті өндірушілер алмаға деген ішкі сұраныстың тек 50 пайызын, ірімшікке сұраныстың 46 пайызын, ал құс етіне сұраныстың 36 пайызын ғана орындай алады. Мысалы, қазір Алматыда игілігін генетиктер мен тарихшылар ғана көретін жергілікті алмадан гөрі Польша немесе Қытайдан әкелінген алма оңай табылады.

Бірақ Қазақстан сауда саласында Ресеймен ынтымақтастығын нығайта бермек. Мұны жуырда Еуразия экономикалық одағына мүше үш ел – Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттері телефон әңгімелерінде де талқылады. Беларусь жағының «Ресей тыйымы біз үшін Клондайкқа айналады» деген сөзі Еуразия одағында бәсекелестік қыза түсетінін аңғартады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG