Accessibility links

АҚШ пен Қазақстанның энергетика саласындағы әріптестігі


АҚШ президенті Барак Обама (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қауіпсіздік саммитінде. Оңтүстік Корея, Сеул, 27 наурыз 2012 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қауіпсіздік саммитінде. Оңтүстік Корея, Сеул, 27 наурыз 2012 жыл.

Jamestown.org сайты АҚШ пен Қазақстанның жаңа энергетикалық келісім шарттарға қол қойғаны жайлы мақала басты. Бұл екі ел уранды бірлесіп өндіріп, аймақтағы энергетика нарығын дамытпақ.

Jamestown.org қыркүйектің 5-і күні жариялаған бұл мақаласында «Қазақстан мен АҚШ-тың энергетикалық әріптестік жөніндегі комиссиясы соңғы рет Вашингтонда 15-16 қазан күндері кездесті» деп жазады.

«АТОМДЫ ЖАҢАША ИГЕРУ»

Екі елдің делегация басшылары - Қазақстанның мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев пен АҚШ-тың энергетика министрінің орынбасары Даниэл Понеман энергетика салысында бірлесіп жұмыс істеудің 2012-2013 жылдарға арналған біріккен жоспарына қол қойды.

Екі ел келешекте мынадай ауқымды төрт категория бойынша бірлесіп жұмыс жасамақ: ядролық қауіпсіздік және ядролық қуатты игеру; газ және мұнай қорларын игеру; энергия көздерін қолданудың тиімділігін арттыру, электр энергиясын дамыту.
Ядролық сынақ кратерінің қасында арнайы құрал радиация мөлшерін өлшеп тұр. Көрсеткіш - 255 микро рентген/сағат. Семей полигоны, 22 тамыз 2011 жыл.
Ядролық сынақ кратерінің қасында арнайы құрал радиация мөлшерін өлшеп тұр. Көрсеткіш - 255 микро рентген/сағат. Семей полигоны, 22 тамыз 2011 жыл.

Атом энергиясын өндіргенде екі ел де ядролық қаруды таратпауды қадағалап, радиацияның зиянын барынша азайтуға тырысады. Бұдан өзге ядролық қауіпсіздік шараларын күшейтетін орталық құрып, халықаралық қауіпсіздік шараларын бірлесіп нығайтпақ.

Келісімде Қазақстанның ғылыми-зерттеу мақсатында жасақталған реакторларды жоғары байытылған ураннан аз байытылған уранға өткізуі, атом энергетикасын бейбіт мақсатта пайдалану мәселесінде халықаралық байланысты дамытуы міндет етілген.

Мақала авторының зерттеуінше, АҚШ компаниялары Қазақстанға келісім бойынша энергетикалық ресурстарды барынша тиімді әрі таза жолдармен игеруді үйретеді. Одан бөлек, АҚШ осы саладағы мол тәжірибесі мен дамыған технологиясын Қазақстанға әкеледі. АҚШ пен Қазақстан аймақтағы электр қуаты нарығындағы бәсекелестікті күшейтіп, электр қуатын тарататын жүйелерді де дамытпақ.

«АСТАНА МЕН ВАШИНГТОННЫҢ ТОҒЫСҚАН МҮДДЕЛЕРІ»

Астана өзінің энергетикалық ресурстары мен мұнай-газ өнімдерін тасымалдайтын жолдарын жан-жақты жетілдіру үшін АҚШ-пен әріптес болуға тырысып отыр.

Шетелдік инвесторларды елге тарту және атом қуатын игеру саласындағы қауіпсіздігін күшейту мақсатында метан қалдықтарын барынша азайтып, экологиялық проблемаларын реттеуді көздейтін Қазақстан АҚШ-тың көмегіне мұқтаж.

Мақала авторының пікірінше, АҚШ пен Қазақстанның энергетикалық әріптес болуына екі ел мүдделерінің бір жерден шығуы себеп болған. АҚШ үкіметі Қазақстанның газын әр түрлі жолдармен тасымалдағанын қолдайды және өзі де бұл тұрғыда Қазақстанмен мүдделес.

Вашингтон Астананың газ құбырларын Иран арқылы емес, Түркия арқылы тартуын жақтайды. Бірақ Орталық Азияда газ және мұнай тасымалдайтын құбырлардың сан тарапты болғанын да құптайды.

АҚШ-пен бірлесіп осындай жоспарлар құрып жатқан Қазақстан Ресейдің де
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қытай төрағасы Ху Цзиньтао. Пекин, 22 ақпан 2011 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қытай төрағасы Ху Цзиньтао. Пекин, 22 ақпан 2011 жыл.
экономикалық және энергетикалық сұранысын орындап, Қытайға да мұнай мен газ өнімдерін экспорттайтын жаңа жолдар салып жатыр.

Автордың зерттеуінше, Қазақстан мұнай игеру мәселесін қайта реттеу кезінде АҚШ фирмаларымен келіспей қалған кездері де болған.

Қазақстан тәуелсіздік алған соң АҚШ-пен энергетика секторындағы әріптестігін нығайтуға аса мүдделі болды. Қазақстанның газ бен мұнай саласына АҚШ корпорациялары 1990 жылдары келді. 1992 жылы АҚШ-тың Chevron компаниясы Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауындағы Қазақстанға қарасты Теңіз мұнай кенішін игере бастаған.

«ЖАҢА ТИІМДІ ШАРТТАР ЖАСАСУ КЕРЕК»

Басылымның жазуынша, кейбір кездері келісімге келе алмай қалса да, Қазақстан әлі күнге дейін энергетика игеру саласында ілгері дамып кеткен Батыс компанияларына тәуелді. 1990 жылдары мұнай өнімдері арзан кезде ақшаға мұқтаж болған Қазақстан шетелдік технология мен инвесторларға өте тиімді шарттар ұсынған. 1999 жылдары мұнай өнімдері қымбаттаған соң, Қазақстан мен басқа да мұнай экспорттайтын елдер өздеріне тиімді шарттар жасауға көшті.
Тәжірибе аз кезде АҚШ компанияларына онсыз да өте тиімді жағдай жасадық, сондықтан енді тең дәрежеде келісімге келейік.

Қазақстанның үкімет басшылары елді дамытатын ірі жобаларды іске асыру үшін мұнай мен газдың табысына тәуелді.

АҚШ тарапы «тиімді шарттар жасаспай ешқандай да шетелдік компаниялар ірі жобаларға миллиардтаған қаржы салмайды» деген уәж айтады.

Ал Қазақстан «тәжірибе аз кезде АҚШ компанияларына онсыз да өте тиімді жағдай жасадық, сондықтан енді тең дәрежеде келісімге келейік» деген ұсыныс айтады.

2011 жылғы қазан айындағы мәлімет бойынша, АҚШ Қазақстанға 36 миллиард долларға тең (яғни елге келген инвестицияның 16,4 пайызы) тікелей инвестиция салған.

АҚШ-тың ірі энергетикалық компаниялары да Қазақстан нарығынан үлес алған.

Әлемдегі ең ірі жеке меншік компания ExxonMobil Corporation Каспий мұнай
Каспий теңізі қайраңындағы Д аралы. Қашаған кен орыны, 2009 жыл.
Каспий теңізі қайраңындағы Д аралы. Қашаған кен орыны, 2009 жыл.
құбыры консорциумы акциясының 7,5 пайызын, Қашаған мұнай кен орнының 16,81 пайызын, Теңіз кен орнынын 25 пайызын иеленген.

АҚШ-тағы екінші ірі мұнай компаниясы Chevron Каспий мұнай құбыры консорциумының 15 пайызына, Теңіз кен орнының 50 пайызына, Қарашығанақтың 20 пайызына ие.

Ал ConocoPhillips компаниясы Қашаған кен орыны акциясының 8,4 пайызын иеленген.

Америкалық инвесторлардың Қашаған мұнай кен орнында (5,4 миллард тонна), Теңізде (3,1 миллиард тонна), Қарашығанақта да үлестері бар.

Jamestown.org сайтындағы мақала авторы АҚШ инвесторларының Қазақстанда жақсы табыс тапқанын дәлелдейтін біршама деректер келтіре отырып, «сондықтан Қазақстан келешекте де АҚШ компаниялары үшін тиімді әріптес боп қала бермек» деген тұжырым жасайды.
XS
SM
MD
LG