Accessibility links

Гитлерге нөмір арнаған журнал жазаға тартылуы мүмкін


Адольф Гитлерге арналған «Аңыз адам» журналының №8 саны сатылып тұрған дүңгіршек. Алматы, 18 сәуір 2014 жыл.

Адольф Гитлерге арналған «Аңыз адам» журналының №8 саны сатылып тұрған дүңгіршек. Алматы, 18 сәуір 2014 жыл.

Әйгілі адамдар туралы жазатын қазақтілді журнал шығарушысына Адольф Гитлерге арнаған нөмірдегі екіұшты комментарийлер үшін қылмыстық жазаға тартылу қаупі төнді.

Сәуірдің 18-і күні Қазақстанның әлеуметтік желісі мен онлайн БАҚ-тарының форумы сөз еркіндігін пайдалану мен зұлымдықты насихаттаудың ара-жігін ажырату туралы талқылауға толып кетті. Бұған «Аңыз адам» (толық атауы - «Жұлдыздар отбасы – Аңыз адам» - ред.) журналының сәуір айындағы нөмірін Адольф Гитлерге арнауы түрткі болды. Басылымның иесі Жарылқап Қалыбайды сынның астына алушылар көп. Бірақ журнал редакциясы мен бірқатар оқырман оны қолдап, басылымның мақсаты «Гитлерді насихаттау емес екенін», «адамзатты қан қақсатқан диктатор туралы тарихи шындықты жазу, сол арқылы жамандықтан жирену» екенін жазып жатты. Мұндай уәжді Жарылқап Қалыбай мен редакция журналистері журнал жарыққа шықпай тұрып наурыз айында жаңа нөмірдің кейіпкері туралы Facebook желісінде оқырмандармен кеңескен бірнеше постарында ескерткен.

Әйтсе де нацистік Германия билеушісінің мұқабадағы «Аңыз адам» деген жағымды мағыналы журнал атауының астындағы көрнекі түрлі-түсті суреті мен жеке бір комментатордың «Гитлер фашист емес, ұлы тұлға» дейтін даулы пікірі журнал ұжымының уәждерімен сәйкеспейді. Бұдан бөлек Гитлер туралы мақалалардың дені оны «жауыз» деп сипаттайды. Адольф Гитлерге арналған «Аңыз адам» журналының №8 саны сатылып тұрған дүңгіршек. Алматы, 18 сәуір 2014 жыл.

Адольф Гитлерге арналған «Аңыз адам» журналының №8 саны сатылып тұрған дүңгіршек. Алматы, 18 сәуір 2014 жыл.



Байланыс және ақпарат агенттігінің «Аңыз адам» журналының соңғы нөміріне қатысты жариялап үлгерген жылдам мәлімдемесі даудың ұлғая түсетінен хабар берді. Жергілікті БАҚ арқылы бүгін таратылған мәлімдемеде:

«Журналдың («Аңыз адам» – ред.) мазмұнында Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын бұзушылық, атап айтқанда әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру (ҚР Қылмыстық кодексінің 164-бабы) белгілері бар. Аталған факті бойынша агенттік тиісті шаралар қабылдауда» деп жазылған.

Агенттіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Аңыз адам» басылымының сәуір айындағы нөмірінің көп бөлігі Адольф Гитлер тұлғасының жан-жақты қырларын және фашистік идеологияны ақтап алуға арналған. «Гитлер фашист емес» деген тақырыппен шыққан материалдарда журналист Нағашыбай Есмырза ұлтшыл-социалистердің көшбасшысын ақтап қана қоймай, сонымен бірге, мәтін ашық түрде ксенофобиялық сипатта айтқан».

«ПРОКУРАТУРА КӨРІП ОТЫР МА?»

Байланыс және ақпарат агенттігінің мәлімдемесіне ұқсас «Аңыз адамды» айыптаушы, жазғырушы пікірлер мен материалдар бүгін әлеуметтік желілер мен қазақстандық және ресейлік сайттарда жарық көрді. Ресейлік regnum.ru сайтының жазуынша, «Аңыз адам» журналы «бұл материалды Адольф Гитлердің 125 жылдығына арнаған, фашистік идеологияны ақтап алуды көздеген және Ресей президенті Владимир Путинді Гитлермен салыстырған».

Facebook әлеуметтік желісінде «Аңыз адам» журналындағы Гитлер туралы жарияланған материалдарға қарама-қайшы, түрлі пікірлер айтылды. Ол жөнінде алғаш жазғандардың бірі, белсенді әлеуметтік желісін қолданушы, бұрынғы ауыл шаруашылық вице-министрі Марат Толыбаев «Қазақстанда Гитлердің насихатталуы таңғаларлық жағдай, прокуратура көріп отыр ма екен бұны? Құқықтық баға беріле ме екен?» деп сұрайды. "Аңыз адам" журналының Сталинге арнаған нөмірі.

"Аңыз адам" журналының Сталинге арнаған нөмірі.



Әлеуметтік желі қолданушыларының арасында журналды түгел оқып шықпай тұрып, пікір айтпауға шақырушылар да бар. Соның бірі Arystan Arystanov: «Егер журналда Гитлерді мақтап, насихаттап жатса бір бөлек. Егер ондай мазмұнда болмаса Гитлердің кім екенін білгенде тұрған не бар?» дей отырып, Гитлердің «Майн кампф» деген кітабы да түрлі тілде жарияланып жүргенін ұмытпауды» ескерткен.

Қазақстан қоғамында совет кезінен қалыптасқан Гитлердің зұлымдығын әшкерелей отырып, Сталинді ақтап алу үрдісін меңзеген әлеуметтік қолданушылар да бар. Данияр Қасымов есімді Facebook қолданушысы: «Тұрақты түрде БАҚ-та Сталиннің суреттерін көру біртүрлі емес пе? «Көсем «фюрерге» қарағанда бірнеше есе көп қазақстандықты өлтірді емес пе?» деп сұрайды. Ал журналист Қасым Аманжолұлы «Аңыз адамның» Сталинге арналған нөмірі шыққан-шықпағанын білмеймін, бірақ «сталиндік» санға дәл осындай реакция жасар ма еді біздің құзырлы органдар?» деген сауал қояды.

Бірақ «Аңыз адам» 2011 жылғы қыркүйек айындағы санын Йосиф Сталинге арнаған. «Қызыл террор» аталған 1930 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің бас ұйымдастырушысының да үлкен көрнекі суреті мұқабаға жарияланған. Бірақ «сталиндік сан» оқырмандар мен әлемуеттік желі қолданушыларының назарына іліне қоймаған.

ПУТИНМЕН САЛЫСТЫРУ

Азаттық тілшісінің «Аңыз адамның» шығарушысы Жарылқап Қалыбайдан комментарий алу әрекеті сәтсіз аяқталды. Журнал иесі наурыздың 27-сі күні Facebook парақшасында Гитлерге арналатын нөмір туралы хабарлап, «Аңыз адам» журналына Гитлер туралы жазып, адамзатты қан қақсатқан фашизм тарихын жан-жакты сөз етуді қолға алдық. Кімнің қандай ұсынысы бар?» деп пост жазған еді. Пікір қалдырған оқырмандардың кейбірінен «Путинмен салыстырып жазсаңыздар, жұрт сиясы кеппей жатып талап әкетер» деген ұсыныс түскен, жауап ретінде Жарылқап Қалыбай: «Гитлерді Путинмен салыстыру максаты үшін ғана жазатынын» хабарлаған. Жарылқап Қалыбай, "Аңыз адам" журналының бас редакторы. Алматы, 10 қыркүйек 2013 жыл

Жарылқап Қалыбай, "Аңыз адам" журналының бас редакторы. Алматы, 10 қыркүйек 2013 жыл



Жарылқап Қалыбайдың бұл пікірі Адольф Гитлер туралы «Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам» журналының биыл сәуір айындағы 8-нөмірінде де қайталанған. «Біз не үшін Адольф Гитлерді жазып отырмыз?» дейтін алғашқы беттегі түсіндірме мақаласында ол екі себепті көрсетеді.

«Бірінші, мемлекет басына, Адольф Гитлер сияқты адам кездейсоқ келіп қалған жағдайда, оған ерген бүкіл халықтың орға жығылатынын көрсету үшін. Екінші, ұлтшылдық-шовинистік идеяны қайта жалаулатып келе жатқан Ресей империясының қазіргі билігінің аса қауіпті саясатынан қорғану мақсатында жазып отырмыз!» деп жазады ол.

Жарылқап Қалыбай «Ресей империясының аса қауіпті саясаты» деп Кремльдің Украина мен Қырымдағы әскери әрекеті мен Еуразиялық интеграциялық одақтарды жеделдету ниетін меңзейді. Ол бұған дейін де «антиресейшіл, ұлтшыл көзқарасын» байқатқан еді. 2013 жылғы қыркүйек айында Қалыбай ұшақ ішінде «өзіне қазақ тілінде жауап бермеген» қазақстандық әуе компаниясының стюардессасына дөрекелік танытып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«ГИТЛЕР КІМ?»

Ал журналдың Адольф Гитлердің балалық шағы, жеке өміріне қатысты деректер жарияланған соңғы нөмірінде тарихшы Сайын Борбасовтың «Неміс ұлтының басым бөлігі фашизмнің шовинистік идеологиясының құрбанына айналды» атты, тарихшы Тұрғанжан Төлебаевтың «Гитлер герман тайпаларының арғы тегі – арийліктерді әлемдегі ең таза қанды халық санады» дейтін фашизмді айыптайтын тағы да басқа бірнеше көлемді материал шыққан.

Осы сандағы «Сіз үшін Гитлер қандай тұлға?» дейтін айдарында Гитлерді айыптау сарынындағы пікірлер жиі айтылған. Осы бөлімде «Гитлер – фашист емес» дейтін Нағашыбай Есмырза есімді өзін «ұлтшыл» деп таныстыратын қоғамдық белсендінің жауабы көбірек назарға ілінген. Ол: «Көзімізді ашқаннан бері бізге: «Гитлер – фашист, нацистер талай халықты қырған... Адамдарға эксперимент жасаған» деп түсіндіріп келді. Рас, ол эксперимент жасады, бірақ оныкі большевиктер жасаған эксперименттің қасында түк те емес еді» деген сарында пікір білдірген. Адольф Гитлерге арналған «Аңыз адам» журналы №8 санының бір беті.

Адольф Гитлерге арналған «Аңыз адам» журналы №8 санының бір беті.



Қазақтілді ең тиражы көп жекеменшік басылым саналатын «Жұлдыздар отбасы – Аңыз адам» журналына қатысты байланыс және ақпарат агентігінің нақты қандай шара қолданбақшы екені де белгісіз болып қалды. Агенттік қызметкерлері Азаттық тілшісінің сауалына БАҚ басқармасының басшысы Жанболат Байбосынов қана жауап бере алатынын айтты. Бірақ басқарма басшысы телефон тұтқасын көтермеді.

Байланыс және ақпарат агенттігінің «Аңыз адам» журналына қарата көрсеткен қылмыстық кодекстің 164-бабы осыған дейін бірнеше рет қоғамдық белсенділер мен журналистерге қатысты қолданылған.

2011 жылы желтоқсан айындағы Жаңаөзен оқиғасына байланысты айыпталушыларға қарата жиі пайдаланылған бұл бапты халықаралық құқық қорғау ұйымдары «айыпталушының айыбын дәл көрсете алмайтын жалпылама бап» ретінде сипаттаған.

Қолданыстағы қылмыстық кодекстің «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк немесе дiни араздықты қоздыру» деп аталатын 164-бабына сәйкес «егер осы әрекеттер көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, сол сияқты әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк, дiни араздықты немесе алауыздықты насихаттайтын әдебиет пен өзге ақпарат жеткізгіштерді тарату жолымен жасалса, айыпталушы бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл төлейді, не 2 жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына жегіледі, әйтпесе 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG