Accessibility links

Қазақстанның гимнін Бораттың әнімен шатастырды


Ұлыбританиялық комик Саша Барон Коэен Борат ролінде.
Ұлыбританиялық комик Саша Барон Коэен Борат ролінде.

Кувейттегі жарыста бірінші орын алған қазақстандық спортшы Мария Дмитренконы марапаттау кезінде жарысты ұйымдастырушылар Қазақстан гимнінің орнына британдық комик Саша Барон Коэеннің «Борат» фильмінде айтылған әнді ойнатты.


Қазақстан спорттық атыс құрамасының бас жаттықтырушысы Анвар Юнусметовтің Tengrinews агенттігіне айтуына қарағанда, спортшылар марапаттау рәсімінен бұрын ұйымдастыру комитетінен Қазақстанның гимні бар-жоғын сұраған.

«Гимннің бар екенін айтқан ұйымдастырушылар оны интернеттен көшіріп алса керек» дейді спортшылар.

«Борат: Американы Қазақстанның даңқты халқы үшін мәдени тұрғыда зерттеу» деп аталатын фильмдегі кейіпкері Борат Сагдиев Қазақстанның гимні ретінде бұл елді келемеждеген ағылшынша ән айтқан еді.

Спортшы Мария Дмитренко сол «Бораттың гимні» ойналып біткенше қолын жүрек тұсына қойып, байсалды түрде тыңдап тұрды.



Кейін ұйымдастырушылар кешірім сұрап, ертеңінде болған марапаттау шарасында Қазақстанның шын гимнін қойған.

«Борат» фильмін 2006 жылы көрсетуге тыйым салған санаулы елдің бірі Кувейт билігі бұл оқиғаға орай ресми түсініктеме берген жоқ.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми хат жазғанын айтқан министрлік өкілі Ілияс Омаров «былтыры Парижде өткен әлемдік ауыр атлетика чемпионаты кезінде де байқаусызда Қазақстанның ескі әнұраны ойнағанын» айтады.

Жуықта Қазақстанның өзінде де мемлекеттің гимнін басқа әуенмен шатастырып алды.

Наурыздың басында Қостанайда өткен шаңғы фестивалі кезінде ұйымдастырушылар Қазақстан әнұранының орнына танымал әнші Рики Мартиннің «Livin 'La Vida Loca» деген әнін қойды.
XS
SM
MD
LG