Accessibility links

ЕАЭО-ға қарсылар референдум өткізуді ұсынды


Алматыда қоғамдық белсенділер мен сарапшылар Қазақстанның Еуразия экономикалық одағына кіруіне қарсылық білдірді.

Қазақстан, Беларусь және Ресей Федерациясы арасындағы Еуразия экономикалық одағы келісімін мақұлдап, сенатқа жолдаған Қазақстан парламенті мәжілісінің әрекетіне қарсылық білдірген отыз шақты жергілікті сарапшы мен белсенді қазанның 6-сы күні Алматыда бас қосты. Олар Ресеймен тым жақын экономикалық интеграцияға түсу Қазақстанға керісінше зардап тигізеді деп мәлімдеді. Белсенділер Қазақстан бұл келісімді қабылдамас бұрын бүкілхалықтық референдум өткізуді ұсынды.

ЕАЭО-ға қарсылар жиынын экономикалық сарапшы, белсенді интернет қолданушы Денис Кривошеев бастады. Оның пайымдауынша, Қазақстандағы тұтыну заттары мен азық-түліктің соңғы уақытта қымбаттап кетуіне Ресеймен арада құрылған түрлі экономикалық одақтар әсер еткен.

Қазақстандық экономист Денис Кривошеев. Алматы, 6 қазан 2014 жыл.

Қазақстандық экономист Денис Кривошеев. Алматы, 6 қазан 2014 жыл.

- Қазақстан мен Ресей экономикалық жағынан бір-біріне қарсылас. Ресей Қазақстанның инновациялық тұрғыдан серіктесі емес. Ресейге салынған санкциялардың кесірі Қазақстанға тиіп жатыр. Бірақ оны билік мойындағысы келмейді. Теңге девальвациясы рубльдің құнсыздануынан болды. Қазақстан қымбаттаушылықты да тоқтата алмай отыр. Мәселен, мал шаруашылығы жақсы дамыған Қазақстанның солтүстік пен шығыс өңірінде биыл ет 30 пайызға қымбаттаған. Бұл да ЕАЭО-ның Қазақстан экономикасына тигізген зияны, - деді сарапшы.

ЕАЭО-ға қарсы пікір айтып көзге түсіп жүрген саясаттанушы Расул Жұмалы Қазақстанға бұл одақтан еш пайда болмайды деп санайды.

- Мамандар, биліктегілер Қазақстан Кеден одағы мен Еуразия одағына кірсе, шекара ашылып, азық-түлік бағасы арзандап, капиталдар мен қызмет түрлері дамиды деген. Бірақ кеденнен де, экономикалық серіктестіктен де пайда көріп отырған жоқ. 2010-2014 жылдары арасында Қазақстанда баға өсуі тоқтамай тұр, - дейді ол.

Саясаттанушы ЕАЭО-ны «Совет Одағын қайта құруға негіз болатын жоба» ретінде бағалай келе, қазанның 9-ы күні құжаттың түпкілікті ратификациясын жасайтын парламенттің жоғарғы палатасын бұл келісімнен бас тартуға шақырды.

Ғалым Ағелеуов, азаматтық белсенді. Алматы, 6 қазан 2014 жыл.

Ғалым Ағелеуов, азаматтық белсенді. Алматы, 6 қазан 2014 жыл.

Ал қоғамдық белсенді Ғалым Ағелеуов ЕАЭО-ға кіру-кірмеуді халық шешу керек деп пайымдайды.

- Қазақстан бұл одаққа кірмес бұрын келісімді баспасөзге толық шығарып, халыққа таныстыруы керек еді. Бірақ бұл әрекет жасалмады. Біз бүкілхалықтық референдум өткізуді ұсынамыз, - деді Ағелеуов.

Жиынға арнайы келген педагог Ботагөз Исаева «әскери қақтығыс пен аймақтық жанжалдар ортасында қалған» Ресеймен бір одаққа кіру Қазақстан жастарына қауіп төндіреді деп ойлайды.

- Ресей 15 жылдан бері әскери қақтығыстардың ортасында отыр. Егер Қазақстан Ресеймен бір одақта болса, болашақта Қазақстан жастары да Ресей әскерімен бірігіп әскери қақтығыстардың ортасына баруы мүмкін. Сондықтан жастарымыздың болашағын да ойлайық, - деді ол Азаттыққа.

Қазақстан билігі ЕАЭО туралы келісім тек экономикалық саланы қамтитынын, ішкі-сыртқы саясат пен әлеуметтік және әскери сала бойынша ел дербес шешім қабылдай беретінін мәлімдеп келеді. Ресми хабарларға сәйкес ЕАЭО үш елдің экономикалық кеңістігінде тауар мен капиталдың еркін қозғалуын қамтамасыз етпек. Мұндай түсіндірмелерге қарамастан бірқатар қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылары ЕАЭО келісімін Қазақстан парламентінің мәжілісі мақұлданған соң наразылық білдірген еді. Әлеуметтік қарсылық пен күдік-күмәннің көбеюіне ЕАЭО туралы келісім-шарт мәтінінің кешігіп жариялануы және қазақша нұсқасының мүлдем жарияланбауы да түрткі болған.

Биыл мамыр айының 29-ы күні Астанада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко және Ресей президенті Владимир Путин ЕАЭО құру туралы келісімге қол қойған. Келісім үш мемлекеттің парламенті бекіткен соң 2015 жылғы қаңтардың 1-інен бастап күшіне енуі тиіс.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG