Accessibility links

Терроризммен күрес заң жобасына оппозиция алаң


Атырауда өткен арнайы операцияға қатысқан жасақ. Көрнекі сурет
Атырауда өткен арнайы операцияға қатысқан жасақ. Көрнекі сурет

Парламент сенаты терроризмге қарсы іс-қимылдар туралы заңға енгізілетін түзетулерді мақұлдады. Кейбір оппозициялық саясаткерлер «бұл заң онсыз да шектеулі демократиялық қызметімізге қарсы қолданылуы мүмкін» деп қауіптенеді.

Қыркүйектің 25-і күні парламент сенаты депутаттары экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдар мәселелері жөніндегі заңдарға енгізілмек түзетулер жобасын алғашқы оқылымда мақұлдады.

Заң жобасына сәйкес, Қазақстанда террористік деп танылған ұйымдар сот шешімі бойынша дереу жабылып, ұйымды экстремистік немесе террористік деп тану процедурасы жеңілдетіледі. Сенатқа құжатты таныстырған бас прокурордың орынбасары Жақып Асановтың айтуынша, қазіргі заңға сәйкес бұл процедура екі айға жуық созылатын.

Түзетулер жобасында «террористік сипаттағы үгіт-насихат материалдарын» таратқан сайттар бұғатталып, БАҚ-дың жұмысы тоқтатылатыны да қарастырылған.

Заң жобасында экстремистік немесе террористік деп танылған ұйымның мүлкі де тәркіленуі мүмкін.

Алматылық полицейлер демонстрантты ұстап әкетіп барады.
Алматылық полицейлер демонстрантты ұстап әкетіп барады.

Жобаға сәйкес, экстремистік немесе террористік сипаттағы қылмыстары үшін сотталған және жазасын өтеп жатқан жандарға қатысты қаржылық мониторинг жүргізіліп, олардың қаржы операциялары бақылауға алынады.

Заң жобасына сәйкес, шетелге шығатын қазақстандықтарға экстремистік немесе террористік ұйымдардың жұмысына қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы ескертіледі.

ОППОЗИЦИОНЕРЛЕРДІҢ ҚАУПІ

Жоғарғы кеңестің бұрынғы төрағасы, қазір оппозиция жетекшілерінің бірі Серікболсын Әбділдин «билік саяси оппозицияны террористер мен экстремистерге теңестіру науқанын терроризм мен экстремизммен күрес туралы заңдарды күшейтетін түзетулер енгізу туралы бастама көтермес бұрын бастап кеткен» деп санайды.

- Нұрсұлтан Назарбаев режимі кез-келген өзгеше ойлау мен саяси қарсыластықты терроризм мен экстремизмге балайды. Мысалы, билік оппозициялық «Алға» партиясы мен оппозициялық басылымдарды негізсіз экстремистік деп танып, жауып тастады, - дейді Әбділдин.

Оппозициялық "Алға" партиясының сотталған жетекшісі Владимир Козлов
Оппозициялық "Алға" партиясының сотталған жетекшісі Владимир Козлов

Оның айтуынша, ешкім террористік немесе экстремистік партия ретінде танымағанымен, бұрын екі рет алты айға жабылған оппозициялық коммунистік партия да биліктің қырына ілінген. Бірақ Әбділдиннің айтуынша, әлгі түзетулер қабылданғанан кейін жағдай күрт өзгеріп, билік оппозициялық партияны «заңды» негізде жауып тастауы мүмкін.

Польшада тұратын қазақстандық эмигрант Мұратбек Кетебаев Facebook желісінде бас прокурордың орынбасары Жақып Асановтың сенаттағы сөзінен «қатты шошынғанын» жазады. Оның сөзінше, сот оппозициялық «Алға» партиясын «Ақорданың жарлығымен» экстремистік деп танығандықтан, прокуратура өкілі тура атамаса да, оны экстремистік партия ретінде көрсеткен.

«ЛИВИЯ ТАҒДЫРЫН ҚАЙТАЛАМАУ КЕРЕК!»

Парламент сенатының бұрынғы депутаты Уәлихан Қайсаров осындай пікірді айтады. Бұдан бөлек, ол әлгі түзетулерді қабылдауға байланысты тууы мүмкін тағы бір қатерді ескертеді.

- Билік қоғамның басын айналдырып тастаса, онда полиция, ҰҚК, прокуратура мен соттар ғана емес, қоғам да оппозиция мен өзгеше ойлайтын жандарды террористер мен экстремистерге теңестіретін болады, - дейді ол.

Ал мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеті мүшесі, президентті қолдайтын коммунистік халық партиясынан сайланған депутат Владислав Косарев бұл пікірмен келіспейді әрі мұндай түзетулер қажет деп санайды.

Владислав Косарев, коммунистік халық партиясының жетекшісі
Владислав Косарев, коммунистік халық партиясының жетекшісі

- Меніңше, оппозицияға қорқатын ештеңе жоқ. Кемшіліктері мен қателіктерін бетіне басқан кезде билікпен «сіз-біз» десіп жұмыс істеу керек. Бірақ бір жағынан халықты қоздырып, билікке қарсы қою да лайықсыз қылық. Қазір билік пен халықтың ортақ тіл табыса алмауы кесірінен құрдымға кетіп жатқан мемлекеттерді де көріп отырмыз. Тіпті тіл табысса да, «сыртқы күштер» араласып, «араздастырып», ақыры күйретіп тынады. Мысалы, Ливия және басқа елдер, - дейді Владислав Косарев.

БҰҰ-НЫҢ ҮНДЕУЛЕРІ

Қыркүйектің 24-і күні АҚШ президенті Барак Обаманың төрағалығымен өткен БҰҰ қауіпсіздік кеңесі отырысында «Ислам мемлекеті» сияқты экстремистік ұйымдарға өткен тұлғаларға қатаң шаралар қолдануды қарастыратын қарар бір ауыздан қабылданды.

Қауіпсіздік кеңесіне мүше 15 ел түгел БҰҰ-на мүше елдер исламшыл топ құрамында шетелге соғыс қимылдарына аттанған немесе осы мақсатқа өзгелерді тартқан жандарды қылмыстық жауапкершілікке тартатын заң қабылдауға міндетті деген шешім қабылдады.

ИШИМ содырлары
ИШИМ содырлары

Барак Обаманың мәлімдеуінше, соңғы жылдары Сирияға әлемнің 80-нен астам елінен 15 мыңнан аса шетелдік содырлар аттанған. Ол «әлгі террористер жанжалды өршітіп, басқа елдерге тікелей қоқан-лоқы жасап отыр» деп мәлімдеді.

Сирия мен Иракта соғысып жатқан исламшыл террористік ұйымдар қатарында Қазақстан азаматтары да барын Азаттық бұдан ертеректе өз зерттеуінде анықтаған болатын. Прокуратура өкілі парламентте шетелдегі террористік ұйымдар қатарында Қазақстанның 100-ден аса азаматы барын айтты.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG