Accessibility links

"Протон" ұшқанда "Антигептил" мүшелері ұсталды


"Антигептил" қарсылығы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:31 0:00

ВИДЕО: Қарсылық акциясына шыққан "Антигептил" қозғалысы белсенділерін полиция ұстап әкетті. Астана, 28 сәуір 2014 жыл. Авторы - Өркен Жоямерген.

Астанада "Протон-М" зымыран тасығышының ұшырылуына және Еуразия Одағына қарсылық білдірген "Антигептил" қозғалысының белсенділерін полиция ұстап әкетті.

Сәуірдің 28-і күні Астанада "Антигептил" қозғалысының 15 шақты мүшесі Ақорданың алдында қарсылық акциясын өткізді.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, белсенділер ресейлік "Протон-М" зымыран тасығыштарында гептил отынының пайдаланылуына, енді құрылғалы жатқан Еуразия экономикалық одағына, Ресейдің Қырымды аннексиялап алуына қарсылықтарын білдірген хаттарын Ақорданың алдындағы жәшікке салды.

Наразылар бүгін Байқоңыр ғарыш айлағынан "Протон-М" зымыран тасығышының кезекті рет ұшырылуына байланысты Қазақстан президентіне сенімсіздік білдіретініндерін де мәлімдеді.

Белсенділер хат салған соң "Цензураға жол жоқ!", "Еуразия Одағына жол жоқ!" және "Жасасын Қырым!" деген жазуы бар плакаттар көтерді. Плакаттарды ашқан соң бірер минуттан кейін қарауылдап жүрген полиция белсенділерді арнайы көліктерге мінгізіп, Есіл аудандық ішкі істер бөліміне алып кетті.

Бүгін таңертең Байқоңырдан қазақстандық "ҚазСат-3" спутнигін тіркеген "Протон-М" зымыран тасығышы ұшырылған еді. Зымыран бұл жолы ресейлік байланыс спутниктерін де жер орбитасына шығарады.

Қазақстан 2006 жылы "ҚазСат-1", 2011 жылы "ҚазСат-2" спутнигін ғарышқа ұшырған. Қызмет ету мерзімі он жылға жарамды делінген "ҚазСат-1" екі жылдан кейін бұзылып қалған.

Ресей 2014 жылы Байқоңырдан жиырма шақты зымыран тасығыш ұшыруды жоспарлап отырғаны, олардың жетеуі - «Протон» екені бұдан бұрын хабарланған.

2013 жылы шілденің 2-сінде ресейлік үш «Глонасс» спутнигі тиелген «Протон-М» зымыран тасығышы Байқоңырдан ұша бере апатқа ұшырап, жарылып кеткен еді. Апат орнындағы зиянды заттардың шектік концентрациясы туралы екі елдің ақпараты екі түрлі болған. Қазақстандық мамандардың бағалауынша ол 660-тан 330-ға дейін, ал ресейлік мамандардың есептеуінше 130-дан 10-ға дейін төмендеген.

Апаттан кейінгі айларда қазақстандық белсенділер Ресейдің Байқоңырдан гептил қолданатын зымырандар ұшырмауын талап еткен бірнеше акция өткізді. Көп ұзамай 2013 жылғы шілде айында астаналық бір топ эколог пен белсенді "Антигептил" қозғалысының құрылғанын жариялаған.
XS
SM
MD
LG