Accessibility links

«Антигептил» Мұсабаевты «Марсқа ұшырмақ»


"Антигептил" тобының мүшелері наразылық акциясын өткізіп тұр. Астана, 26 желтоқсан 2013 жыл.

"Антигептил" тобының мүшелері наразылық акциясын өткізіп тұр. Астана, 26 желтоқсан 2013 жыл.

Байқоңырдан ресейлік зымыран ұшыруға қарсы белсенділер тобының «Қазғарыш» басшысына қатысты наразылық акциялары енді видео-әжуа түріне енді. Ал Мұсабаев «өркениетті диалогқа» шақырады.

Интернетте «Талғат Мұсабаев Марсқа ұша ма?» деген үш сериялы шағын видео жарияланды. Видеодағы «марстықтар» қаңтардың 27-сі күні «Қазғарыш» агенттігіне барып, мекеме басшысы Талғат Мұсабаевты «Марсқа емдеуге алып кетпек».

«Антигептил» мүшесі Махамбет Әбжан жариялаған видеода Астананың бір тұрғыны Марстан Малғат Тұсабаев есімді адамды шақырып, жерден Талғат Мұсабаевты алып кетуді, оны Марста емдеуді сұрайды. Ал «марстық тұрғын» костюмін киген екі адам «Астанадан Мұсабаевты Марсқа алып кетуге дайындайды». Соңында «марстықтар» Мұсабаевты «Ресейдің мүддесі үшін жұмыс істемеуге» шақырады.

«Талғат Мұсабаев дөрекі сөйлеп, «Ангигептил» мүшелерін «ауруға» теңеді. Бұл видео Мұсабаевтың сол сөзіне жауап ретінде түсірілді. «Бізді (зымыран ұшыруда гептил отынын қолдануға қарсы шыққандарды – ред.) ауруға теңеген адамды Марста емдеу керек» деп шештік» дейді видео авторы Махамбет Әбжан Азаттыққа берген сұхбатында.

Оның айтуынша, қаңтардың 27-і күні «Марстан келгендер» ұлттық ғарыш агенттігіне «Талғат Мұсабаевты Марсқа алып кетуге» барады.



Қаңтардың 15-і күні «Антигептил» белсендісі Болатбек Біләлов «Қазғарыш» агенттігі орналасқан ғимаратқа барып, ұйымның бұған дейінгі акцияларына жауап бермей келген Талғат Мұсабаевты «жекпе-жекке» шақырған еді. Ал қаңтардың 21-і күні Талғат Мұсабаев жергілікті телеарналардың біріне берген сұхбатында өзінің «өркениетті кездесуді» ғана қалайтынын, «ауру адамдармен емес, тек сау адамдармен кездесуге дайын екенін» айтқан.

«Антигептил» Талғат Мұсабаевты улы отын пайдаланатын ресейлік зымырандарды Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшыруға қарсы шықпады деп айыптайды.

Апатқа ұшыраған ресейлік "Протон-М" зымыраны. Байқоңыр, 2 шілде 2013 жыл

Апатқа ұшыраған ресейлік "Протон-М" зымыраны. Байқоңыр, 2 шілде 2013 жыл

2013 жылы 2 шілдеде Байқоңырда «Протон-М» зымыраны апатқа ұшырап, жарылып кеткен еді. Арнайы тексеру жүргізген «Қазғарыш» агенттігі апат аймағында гептилмен ластану деңгейі шекті мөлшерден жүздеген есе артық екенін мәлімдеген. Бұдан соң Қазақстанда «Антигептил» сияқты бірнеше белсенділер қозғалысы құрылып, наразылық шаралары ұйымдастырыла бастаған. Белсенділер Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылатын зымырандарда гептил отынын қолданбауды, Қазақстанда АЭС салмауды, елге ядролық қалдықтарды әкелмеуді талап етеді. Олардың наразылығын Талғат Мұсабаевтың Ресейдің Байқоңырда қала беретіні туралы айтқан соңғы мәлімдемесі күшейте түскенге ұқсайды. Қарсылық білдіргендердің көпшілігі "рұқсат етілмеген митингіге шықты" деп айыпталып, әкімшілік сотқа тартылып, айыппұл төледі.

Биылғы қаңтарда «Антигептил» мүшелері қарсылықтың жаңа тәсілін ойлап тапты. Олар бір адамдық митингілер ұйымдастыруға көшті. Алайда бір адамдық пикетке қатысты заңда арнайы жаза қарастырылмаса да, жалғыз өзі қарсылық білдіргендер де ұсталып, оларға 20 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 240 АҚШ доллары) айыппұл салынды. Бүгінге дейін Байқоңырдан "Протон-М" ұшырып, гептил отынын қолдануға қарсы бір адамдық наразылық акциясы жеті рет өтті.

"Антигептил" қозғалысының митингісі.

"Антигептил" қозғалысының митингісі.

«Қазғарыш» агенттігінің төрағасы, бірнеше мәрте ғарышқа ұшқан ғарышкер, «Қазақстан қаһарманы» атағының иегері Талғат Мұсабаев қаңтардың 9-ы күні жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында Ресейдің Байқоңырда қала бергенін қалайтынын айтқан болатын. Ол Байқоңырды пайдалануға қатысты екі мемлекет арасында бекітілген жаңа жол картасына сәйкес Қазақстанның ғарыш айлағындағы осыған дейін құпия саналып келген объектілерге кіруге мүмкіндік тауып, «Зенит» зымыран тасығыштарын бірлесе пайдалана бастайтынын мәлімдеген. Мұсабаев жаңа келісімге сәйкес Байқоңыр қаласында тұратын Қазақстан азаматтарына қызмет көрсету үшін қазақстандық билік органдарының бөлімшелері көптеп ашылатынын айтқан.

«Протон» тақырыбы туралы сұрақ қойылғанда Мұсабаев бұл мәселенің күрделі екенін айта келе былай деген:

«Бізде (Қазақстанда – ред.) «антигептилдік» қозғалыстар құрыла бастады. Ресей елшілігінің алдында плакат ұстап тұр. Қай заманда Қазақстандағы Ресей елшілігі алдында адамдар қарсылық көрсетіп тұрып еді? Ресейдің жуыр уақытта «Протоннан» бас тарта алмайтынын түсінеміз. Мейлі, ұша берсін. Бірақ ұшса, құламасын. «Протондарға» қатысты «жол картасында»: «Қазақстанның қоршаған ортасына тигізетін экологиялық зардапты азайту үшін 2016 жылдан бастап «Протон-М» зымыран-тасығыштарын ұшыру саны бойынша ұсыныстар даярлансын» деп жазылған».
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG