Accessibility links

Қазақстандағы киіктің қырылу себебі әлі жұмбақ


Киіктің өлексесі. Қостанай облысы, 2015 жылдың маусымы.
Киіктің өлексесі. Қостанай облысы, 2015 жылдың маусымы.

2015 жылы Қазақстан даласында киік жаппай қырылды. Киіктің қырылу себебіне қатысты дау әлі аяқталмады. Жергілікті ғалымдар жойылып кету қаупі төнген жануарларды сақтап қалу шараларын ұсынады.

Ресми мәлімет бойынша, биыл мамырда Қостанай, Ақмола және Ақтөбе облыстарында Бетпақ даланы мекендейтін 150 мыңнан астам киік қырылған. Батыс басылымдары «Қазақстандағы киіктің жаппай қырылуы 200 мың бас болып саналатын жануардың мүлде жойылып кетуіне ұласуы мүмкін» деген қауіптерін жариялаған.

Билогиялық қауіпсіздік проблемалары жөніндегі ғылыми-зерттеу институты мамандары жануарлар пастереллёз ауруынан қырылды деп санайды. Бірақ кейбір ғалымдар індетті ауру жұқтыратын кенелер таратуы мүмкін деп болжайды. Тағы бір сарапшылардың айтуынша, жануарлар мекендейтін аймақта жауын-шашын көп болып, киік суық тиіп қырылуы мүмкін. Киіктің улануы жайлы гипотеза бойынша, былтыр далаға көп пестицид шашып, мамандар шегіртке улаған. Ал кейбір белсенділердің болжамынша, киік ресейлік «Протон» зымыран тасығышынан құлаған бөліктерден төгілген гептилден уланып қырылған.

ТЕКСЕРУ ӘЛІ АЯҚТАЛМАҒАН

Мамырдағы індеттен кейін үкімет киіктің жаппай қырылуы себептерін анықтау үшін ведомство аралық жұмыс тобын құрған. Астана әлгі топқа шетелдік және жергілікті ғалымдар кіргенін мәлімдеген. Бірақ Қазақстан БАҚ-тарының хабарлауынша, алты айдан бері сарапшылар ортақ пікірге келе алмаған.

Комиссия тексеру қорытындысы мен ұсыныстарын қарашада жариялайтынын уәде еткен, бірақ киік қырылған жерлерден алып, шетел зертханаларында тексеріліп жатқан сынамалардың нәтижелері әлі дайын емес болып шықты.

Кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жергілікті ғалым, сарапшылардың жұмысына көңілі толмай ашуланған.

Киіктер. Алматы облысы.
Киіктер. Алматы облысы.

- Мұнша киік неліктен қырылып қалғанын ешкім білмейді, біреуі былай дейді, біреуі олай дейді. Бұл - бізде тиісті мамандар жоқ екенін, өз жерімізде не болып жатқанын анықтай алмайтынымызды білдіретін масқаралық, - деп мәлімдеген Назарбаев.

Ал «Алтын Дала» халықаралық табиғатты қорғау бастамасы жобасының үйлестірушісі Штеффен Зютер NBC News агенттігіне берген комментариінде «киіктің қырылуына бактериялардың қатысы бары анық, бірақ әдетте залалы жоқ микроорганизмдердің жаппай індетті қалай қоздырғаны әлі жұмбақ» деген еді.

NBC News сайты Штеффен Зютердің «Жаппай қырылу көлемі мен жануарлардың төлдейтін мезгілде індеттің бүкіл үйірге таралу шапшаңдығы өзге жануарлар табиғатынан бұрын-соңды байқалмаған құбылыс. Бұл – көз көріп, құлақ естімеген жағдай» деген сөздерін келтірген.

«Киікті сақтау альянсы» қоғамдық ұйымын басқаратын ұлыбританиялық академик Э.Миллер-Галландтың пікірінше, киіктің жаппай қырылуына шынымен пастереллёз бактериясы себеп болуы мүмкін, бірақ киік ажалы басқадан болуы ықтимал. Ұлыбританиялық ғалымның айтуынша, әдетте пастереллёз бактериясынан басқа бір дертке шалдыққан әлжуаз жануарлар ғана өледі.

Азаттықтың киік қырылғаны жайлы арнайы репотажы (маусым, 2015 жыл):

Киік қырылған дала
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:06:46 0:00

БЕЛСЕНДІЛЕР ЭКСПЕДИЦИЯСЫ

Астанадағы азаматтық белсенділер де өз болжамдарын мәлімдеді. Олар «Шындық» экспедициясын ұйымдастырып, киік қырылған аймақтарды аралап шықты.

Белсенділердің пікірінше, киік зымыран ұшыруға пайдаланылатын улы компоненттері бар гептилден уланып қырылған, Бірақ өзге сарапшылардың мәлімдеуінше, Байқоңырдан ұшырылатын ресейлік "Протон-М" зымыран тасығышының соңғы апаты 16 мамырда болған, ал киіктер бұдан бір аптадай ерте әрі мүлде өзге аймақта қырыла бастаған.

Экспедиция мүшесі Мақсат Ілиясұлы көмілмей қалған 42 киіктің өлексесін тауып, өз сынамаларын алғанын айтқан. Бірақ «қаржы қиындығына» байланысты оларды тексеруге мүмкіндік болмаған.

2010 жылы Батыс Қазақстан облысында қырылған киіктердің өлексесін жинап жүрген мамандар.
2010 жылы Батыс Қазақстан облысында қырылған киіктердің өлексесін жинап жүрген мамандар.

- Биыл жауын-шашын көп болғандықтан, киіктің қырылу себебі ауа-райына байланысты деп ойлаймын. Оның үстіне, зымырандарды ұшырып жатты. Ұшырған кезде гептил тарап, көкке көтеріледі де, жауын-шашымен бірге жерге түседі. Егер келер жылы да жауын-шашынды болса, бұл жағдай қайталануы мүмкін. Жерімізде «Протонды» ұшыруға және қару-жарақ сынауға тыйым салмай, киік қырыла беруі мүмкін, - дейді Мақсат Ілиясұлы.

2016 ЖЫЛҒА БОЛЖАМ

Желтоқсан айында «Казахстанская правда» мемлекеттік газетінде Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Ресей және Қазақстан биология ғылымдарының докторы, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының (РЕАН) академигі Мұрат Нұрышев пен биология ғылымы кандидаты Озат Байтанаевтың бірлескен мақаласы жарияланған. Олардың болжамынша, киік «генетикалық синдром» себебінен қырылған.

Ғалымдардың мақаласында «Біздің ойымызша, киік қырылу себептерінің бірі олардың «шөлмек мойын» әсерінен генетикалық алуан түрлілігінің күрт азуымен байланысты» деп жазылған.

Лақтаған киік.
Лақтаған киік.

Екеуінің пікірінше, «генетикалық алуан түрліліктің азуы жануарлар популяциясының бейімделгіш қуатын, яғни тіршілік ету қабілетін төмендетеді». Ғалымдар «егер 2016 жылдың мамырында киіктер жаппай төлдейтін жерлерде ауа-райы жауын-шашынды болса, пастереллезден тағы қырылады» дейді.

Нұрышев пен Байтанаев билікке келесі жылдың көктемінде тікұшақпен профилактикалық жұмыс жүргізіп, киік жаппай төлдейтін территорияға пастереллезге қарсы вакцинаның ерітіндісін шашуды ұсынады. Бұдан бөлек олар вакцина шашып әрі түз жануарларының төлдеуіне жайлы жағдай жасау мақсатында киік жаппай төлдейтін орындардың шекарасын анықтауды ұсынады.

Екі ғалымның мақаласында «...киіктің генетикалық алуан түрлілігін қалпына келтіру үшін қазақстандық тұқым мен моңғол тұқымын будандастыру қажет. Киіктердің азған тұқымын қалпына келтіру үшін аздап «қан жаңартқан» дұрыс» деп жазылған.

«Киікті сақтау альянсының» деректері бойынша, қазір Орталық Азияда 260 мыңға тарта киік бар, олардың ең көбі, яғни 200 мыңға жуығы Қазақстанды мекендеген. Сарапшылардың кей дерегінше, қазір Қазақстанда 50 мыңдай киік қалған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG