Accessibility links

«Экстремизм» анықтамасына алаңдау күшейді


HRW ұйымының атқарушы директоры Хью Уильямсон. Алматы, 10 қыркүйек 2012 жыл.

HRW ұйымының атқарушы директоры Хью Уильямсон. Алматы, 10 қыркүйек 2012 жыл.

Адам құқықтарының ахуалына қатысты халықаралық ұйымның сынынан соң Қазақстан билігі «олардың айтқанын тыңдағанмен, керегін өзі таңдайтынын» мәлімдеді.

Жаңаөзен оқиғасынан кейін Қазақстанда «экстремистік әрекет жасағаны үшін» заңдық жауапкершілікке тартылған саяси ұйымдар мен белсенділердің көбеюі халықаралық ұйымдарды алаңдата бастады.

Адам құқықтарының ахуалына мониторинг жасайтын Human Rights Watch (HRW) ұйымы қыркүйекте Қазақстанда жаңадан жасалып жатқан қылмыстық кодекс жобасындағы бірқатар баптардың халықаралық заң нормаларына қайшы келетінін айтып, Қазақстан бас прокурорына ұзақ-сонар хат жолдады. Қазақстандық билік өкілдері HRW хатында айтылған арыз-шағымға кереғар мағынадағы жетістіктер туралы мәлімдейді.

«ҚЫЛМЫСТЫҚ БАПТЫҢ ОРНЫ ҒАНА АУЫСҚАН »

HRW ұйымының атқарушы директоры Хью Уильямсон қыркүйектің 16-сы күні Қазақстанның бас прокурорына жазған 14 беттік хатында жаңадан қарастырылып жатқан қылмыстық кодекстің 13 бабына арнайы тоқталып, оларды сөз бостандығы, діни сенім бостандығы, еңбек құқығы, жиылыс еркіндігі секілді адам құқығының негізгі шарттарына нұқсан келтіреді деп тапқан.

Сот шешімімен "экстремистік" деп жабылған «Голос Республики» газетінің тілшілері. Алматы, 22 ақпан 2013 жыл.

Сот шешімімен "экстремистік" деп жабылған «Голос Республики» газетінің тілшілері. Алматы, 22 ақпан 2013 жыл.

Халықаралық ұйым атаған 13 бап – Қазақстанда соңғы жылдары
жиі талқыланып, дау туғызған баптар. Әсіресе, «экстремистік әрекет» деп танылған «ұлттық, рулық, нәсілдік, діни және әлеуметтік араздық туғызу», «Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасының ар-намысына тию», «депутаттардың ар-ожданын қорлау», «билік өкілін тілдеу», «елдің конституциялық құрылысын күштеп құлату» секілді баптар жөнінде қарама-қайшы пікірлер көп айтылған болатын.

Хью Уильямсонның жазуынша, аталған баптар Қазақстанның өзі де қосылып отырған адам құқықтары бойынша халықаралық стандарттарға сай келмейтіні осыған дейін де бірнеше мәрте құлаққағыс етілген. Солай бола тұра жаңа қылмыстық кодексте олардың тек орыны ауысып, «қылмысқа» берілетін жаза одан сайын ауырлай түскен.

​«Қазір қолданыста жүрген қылмыстық кодекстегі «әлеуметтік, ұлттық, рулық және діни араздықты қоздыру» деп аталатын 164-бапты алып тастауды немесе түзету енгізуді екі жыл бойы айтып келеміз. Адам құқығы туралы халықаралық заң нормаларына көрінеу қайшы жалпылама бапты нақтылап, қылмыстық жауапкершілік шегін анық белгілеудің орнына одан әрі бұлыңғырлата түскен. Жаңа кодексте 173-бапқа айналған бұл норма бойынша ең жоғары жаза бұрын 12 жыл болса, енді 20 жылға жеткізілген» деп жазады Хью Уильямсон.

164-баппен жеті жарым жылға сотталған тіркелмеген "Алға" партиясының лидері Владимир Козлов. Ақтау, 8 қазан 2012 жыл.

164-баппен жеті жарым жылға сотталған тіркелмеген "Алға" партиясының лидері Владимир Козлов. Ақтау, 8 қазан 2012 жыл.

Ұйым басшысының пікірінше, қылмыстық кодекске өзгерістер сөз, жиылыс, діни сенім және бірлестіктер бостандығына нұқсан келтіретін жайттар көбейген кезде жасалып отыр. Уильямсон 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасынан кейін Қазақстанда билікті ашық сынағандардың түрмеге қамалып, тәуелсіз және оппозициялық газеттердің жабылып, олардың қимылдарының «экстремистік әрекетке» теңелгеніне назар аудартады. HRW басшысы өзі сынаған баптар Қазақстанда заңды түрде саяси қарсылық көрсету әрекеттерін сот арқылы қудалау үшін қолданылды деп санайды. HRW Қазақстанның бас прокуратурасын қылмыстық кодекстің күшін жоюға, я баптарын өзгертуге шақырады.

«ШЫНДЫҚҚА САЙ КЕЛМЕЙДІ»

HRW-дің және басқа да жергілікті және халықаралық ұйымдардың сындары мен нақты ұсыныстарын Қазақстан билігі көбіне елемеуге тырысады. Аракідік халықаралық ұйым пікірлерін жоққа шығарып отырады.

HRW өкілінің хаты жарияланған соң көп ұзамай Қазақстанның сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов аталмыш хатқа қатыссыз бір сөзінде «Қазақстан туралы халықаралық ұйымдар дайындаған есептердің барлығы бірдей шындыққа сай келе бермейді» деп мәлімдеді.

Қазақстан бас прокуроры Асхат Дауылбаев. Сурет бас прокуратураның ресми сайтынан алынды. Астана, 27 шілде 2011 жыл.

Қазақстан бас прокуроры Асхат Дауылбаев. Сурет бас прокуратураның ресми сайтынан алынды. Астана, 27 шілде 2011 жыл.

Алайда қыркүйектің 20-сы күні Қазақстанның бас прокуроры Асхат Дауылбаевтың «Қазақстандағы адам құқықтары мен бостандықтарының ахуалы күрделі боп отырғанын» күтпеген жерден мойындап сөз сөйледі.

Бас прокуратураның деректері бойынша, 2012 жылдың басынан бергі бір жарым жылдың ішінде 855 адамның конституциялық құқығы бұзылғаны, 104 адамның заңсыз тұтқындалғаны, 209 адамның заңсыз ұсталғаны және 372 адамды қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартпақ болғаны анықталған.

«КЕРЕГІН ӨЗІМІЗ ТАҢДАЙМЫЗ»

Қазақстан билігінің халықаралық құқық қорғау ұйымдарының сынына қалай қарайтыны қыркүйектің 27-сі күні Алматы қаласында өткен «БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша комитетінің қылмыстық саясат және сот жүйесі туралы ұсыныс-пікірлерінің Қазақстан республикасында орындалуы туралы» сараптама конференциясында да байқалды.

Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов, президент әкімшілігінің құқық қорғау органдары бойынша бөлімінің меңгерушісі Алик Шпекбаев, парламент Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов. Алматы, 27 қыркүйек 2013 жыл.

Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов. Алматы, 27 қыркүйек 2013 жыл.

мәжілісінің депутаттары Нұрлан Әбдіров пен Рамазан Сәрпеков және бірқатар құқық қорғаушылар қатысқан жиында жаңартылған қылмыстық кодекс пен қылмыстық атқару кодексі сөз болған еді.

Конференцияда баяндама жасаған бас прокуратураның ғылыми-зерттеу орталығы институтының бөлім бастығы Ержан Кемәлидің айтуынша «адам құқығы бойынша халықаралық құқықтық стандарт қазақстандық құқықтық жүйенің құрамдас бөлігі болғалы көп уақыт өткен».

- Президент жарлығымен 1994 жылы адам құқықтары жөнінде комиссия құрылды. Адам құқықтары бойынша 2009-2012 жылдарға арналған ұлттық жоспар жасалды. ОБСЕ-ге төрағалық ету Қазақстанды демократия және адам құқығы мәселесінде алға жылжытты. Қазақстан адам құқығы саласындағы өз міндетін орындап, БҰҰ мен ЕҚЫҰ-ның осы бағыттағы әрекеттеріне қолдау көрсетіп келеді. Ал жаңа қылмыстық атқару кодексі халықаралық талап мен принциптерге мейлінше жақындатылды, - деді ол.

Жоғарғы соттың қылмыстық істер бойынша қадағалау алқасының төрағасы Ақылтай Қасымов «мың жарымнан асатын ескерту мен ұсыныстар енгізілген жаңа кодекс жобасы жетілген дүние» екенін айтты.

Конференцияда бірнеше рет сөз алған Игорь Рогов сөз арасында «шет мемлекеттер мен халықаралық құрылымдардың тәжірибесіне сүйену керектігін» де айта кетті.

- Айтқандарын тыңдаймыз, бірақ керегін өзіміз таңдаймыз, - деді Игорь Рогов.

Конференцияға қатысушы ресми өкілдер Азаттыққа HRW-дың хаты туралы комментарий беруден бас тартты.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG