Accessibility links

Сот "Аңыз адамды" өтемақы төлеуге міндеттеді


Гитлер жайлы даулы материал басқан "Жұлдыздар отбасы - Аңыз Адам" журналына қарсы соғыс ардагерлерінің шағымын қараған сот редакциядан 13 миллион теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды.

30 маусым күні Алматының Алмалы аудандық соты Гитлер жайлы материал басып, дауға қалған "Жұлдыздар отбасы - Аңыз Адам" журналының ісі бойынша шешім шығарды.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, істі қараған судья Әсет Боранбаев журнал редакторы Жарылқап Қалыбайды оның үстінен шағымданған 13 адамның әрқайсысына 1 миллион теңгеден - жиыны 13 миллион теңге төлеуге және екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінен жария түрде кешірім сұрауға міндеттеген.

Маусым айының басында өздерін "Ұлы Отан соғысы ардагеріміз" деп сипаттаған 13 адам "Жұлдыздар отбасы - Аңыз адам" журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбайдың үстінен сотқа шағым түсірген еді. Арызданушылар журнал Адольф Гитлерді "жақсы жағынан сипаттап, фашизмді насихаттады" деп санайды.

Судья Әсет Боранбаев "Аңыз адам" журналына қатысты сот үкімін оқып тұр. Алматы, 30 маусым 2014 жыл.
Судья Әсет Боранбаев "Аңыз адам" журналына қатысты сот үкімін оқып тұр. Алматы, 30 маусым 2014 жыл.

​Арыз иелері Жарылқап Қалыбайдың соғыс ардагерлері алдында жария түрде кешірім сұрауын және шағымданушы 13 адамның адамның әрқайсысына 5 миллион теңгеден - жиыны 65 миллион теңге төлеуін талап еткен еді.

Қазақ тілінде шығатын, 25 мың данамен тарайтын "Жұлдыздар отбасы - Аңыз адам" журналы сәуір айындағы санында нацистер көсемі Адольф Гитлер туралы мақалалар жариялаған соң дауға қалған еді.

Жарылқап Қалыбай шулы журнал нөмірінде Гитлердің насихатталмағанын, керісінше, оның өмірі мен қызметі жан-жақты сарапталғанын айтып келеді. Ол сот үкімімен келіспейтінін білдіріп, шағым беретінін мәлімдеді.

Маусымның басында Жарылқап Қалыбайдың үстінен сотқа шағым түсірген арызданушылар редакторға «Гитлерді жақсы жағынан сипаттап, фашизмді насихаттады» деген айып тағып, оның соғыс ардагерлері алдында жария түрде кешірім сұрауын және шағымданушы 10 адамның адамның әрқайсысына 5 миллион теңгеден - жиыны 65 миллион теңге төлеуін талап еткен болатын.

Дүңгіршекте сатылып жатқан "Аңыз Адам" журналының Гитлер туралы саны.
Дүңгіршекте сатылып жатқан "Аңыз Адам" журналының Гитлер туралы саны.

Алайда шағымданушылардың ешбірі маусымның 5-інен бері бірнеше рет өткен сот отырысына қатысқан жоқ. «Соғыс ардагерлерінің мүддесін қорғаушы» адвокат Нұртас Ахметовтің қолындағы сенім хат бойынша 13 арызданушының барлығы да Алматы қаласының тұрғындары, 8-і Алматы қаласының «Мамыр» ықшам ауданындағы «Ардагерлер үйінің» тұрғындары болып шықты.

Бір айға жуық созылған сот отырысына «Жұлдыздар отбасы – Аңыз адам» журналы фашизмді насихаттамаған» деп санайтын бірнеше адам куәлік етті. Олардың арасында «Жұлдыздар отбасы – Аңыз адам» журналын қорғап Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жазған 138 адамның бірі ақын, тіл саясаты белсендісі Мұхтар Шаханов та болды.

Гитлер жайлы журналды өртеу
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:25 0:00

«Жұлдыздар Отбасы – Аңыз адам» журналының Адольф Гитлерге арналған нөмірі биыл сәуір айының ортасында жиі талқыланып, Ресей сыртқы істер министрлігінің реакциясын тудырған еді. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі "Аңыз адам" журналының Адольф Гитлер туралы нөмір шығаруын "мүлдем орынсыз және өрескел жайт" деп санайтынын мәлімдеді.

Сәуірдің 21-і күні Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында ауған соғысы ардагерлері мен өздерін НОД (ұлттық азат ету қозғалысы - ред.) деп атайтын ұйымның ондаған белсендісі Адольф Гитлер туралы қарама-қайшы материалдар басқан «Жұлдыздар отбасы – Аңыз адам» журналына қатысты наразылық акциясын өткізіп, журнал санын өртеген болатын.

Мамыр айының 11-і күні Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Алматы қаласы әкімдігі ішкі саясат басқармасының талап арызын қарап, «Отбасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС) мен оған қарасты «Жұлдыздар отбасы – Аңыз адам», «Жұлдыздар отбасы» және «Жұлдыз жорамал» журналарының бас редакторы Жарылқап Қалыбайға жиыны 120 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салған. Ол кезде редактор Гитлер жайлы қарама-қайшы мақалалар шыққан журналдың «тіркеу деректерін көрсетпегені үшін» жазаланған еді.

XS
SM
MD
LG