Accessibility links

Қазақстан газеттеріндегі алғашқы әзілдер


Фотожурналист Вячеслав Каморский күлкі күніне арнаған фотосына «автотұрақ мәселесін осылай шешкен жүргізуші бар. Оның «Москвичін» аэровокзал маңындағы ағаштан көруге болады» деп жазған. Келесі фотосын ол «кондитерлер клубында қарағанды және жергілікті сағыздарды үрлеуден жарыс өтті» деп сипаттаған (1980 жыл).

Фотожурналист Вячеслав Каморский күлкі күніне арнаған фотосына «автотұрақ мәселесін осылай шешкен жүргізуші бар. Оның «Москвичін» аэровокзал маңындағы ағаштан көруге болады» деп жазған. Келесі фотосын ол «кондитерлер клубында қарағанды және жергілікті сағыздарды үрлеуден жарыс өтті» деп сипаттаған (1980 жыл).

Сәуірдің 1-і, яғни халықаралық күлкі күні ақпарат құралдары түрлі әзіл-қалжың мен қауесет таратып, аңғал жұртты әуре етіп қояды.

Елдің және одақтас республикалардың орталық басылымдары күлкі күні жұртты алдайтын ешқандай әзіл-қалжың жарияламағанын совет газеттерінің 1 сәуірдегі сандарынан байқауға болады.

Бұл үрдіс Совет Одағында алғашқы «сарыжағал» басылымдар пайда бола бастаған 1980 жылдардың екінші жартысына, яғни Горбачевтің «қайта құру» кезеңі қарқын алғанға дейін жалғасқан.

«СОЦИАЛИСТИЧЕСКАЯ АЛМА-АТА» ГАЗЕТІНДЕГІ «1 СӘУІР»

Ал облыстық және қалалық газет редакциялары күлкі күнін сонау 1930-жылдардың өзінде «атап өткені» байқалады. Мысал ретінде «Социалистическая Алма-Ата» қалалық және облыстық газетін келтіруге болар еді.

1937 жылы сәуірдің 1-індегі газет редакциясы оқырмандарын «Бірінші сәуір күнімен!» құттықтап, Н.Алаев деген автордың фельетонын жариялаған. Автор екі оқиғаны мысалға келтіріп, сәуірдің 1-і күнгі әзілдер астарында кейде зіл жататынын жазады.

Бұл оқиғаның бірі сол кездегі Алматыда болған. Қалалық қаржы бөлімі үш пошта бөлімшесі арқылы тұрғындарға үш мыңнан аса хат жолдаған. Бірақ 500 хат иесіне жетпей, кері қайтып келген. Пошта қызметкерлерінің хабарлауынша, Пушкин көшесіндегі 28 үй «жоқ болып кеткен», ал 400-ден аса тұрғын аяқастынан қайтыс болған немесе белгісіз жаққа кетіп қалған. Бірақ көп ұзамай адресаттардың бәрі өз орнында екені, ешкім қайтыс болмағаны, тіпті сырқаттанып та қалмағаны анықталған. Бұл пошта қызметкерлерінің бірінші сәуірдегі әзілі болып шыққан.

«Социалистическая Алма-Ата» газетіндегі күлкі күніне арналған карикатура (1938 жыл).

«Социалистическая Алма-Ата» газетіндегі күлкі күніне арналған карикатура (1938 жыл).

1938 жылы сәуірдің 1-і күні газеттің соңғы бетінде «Бірінші сәуірдің адам нанғысыз әзілі» деген тақырыппен карикатуралар топтамасы жарияланған. Суретші В.Нестеров қала тұрғындары сенер-сенбесін білмеген жағдайларды бейнелеген. Бұл жолы суреттер әзіл үшін емес, қалалықтардың бір бөлігінің мәдениетсіздігі мен коммуналдық қызмет орындарының жұмысын сынау үшін жарияланған.

Сол жылы «Социалистік Алматы» газетін жауып тастады.

АЛҒАШҚЫ МЕДИАӘЗІЛДЕР

«Социалистік Алматы» газетін жапқаннан кейін жергілікті қалалық және облыстық газет 10 жылдан соң бір-ақ ашылды. Әуелі «Алма-Атинская правда» деп аталған басылым атауы кейін «Огни Алатау» деп өзгертілген. Басылымның 1950-1960 жылдардың бірінші сәуірінде шыққан сандарынан күлкі күніне арналған ешқандай әзіл-қалжың табылмады.

1968 жылы қалалық «Вечерняя Алма-Ата» газеті шыға бастаған. Басылым шыққан бірінші жылдан бастап «Күлкі күні» айдары пайда болып, 1968 жылы редакция бұл айдарға тұтас бір бет арнаған. Жергілікті газеттің күлкі күне орай ұйымдастырған алғашқы әзілдері (алдаулары) осы жылы жарияланған сияқты.

Газетте «Алматы бағында үлкен алма ағашы гүлдеді. Кезінде бұл ағашты әйгілі жиһанкез Миклухо-Маклай егіпті. Ғылыми қызметкер Расцветаевтың хабарлауынша, бұл өлкеде алма ағашы әдетте сәуірдің аяғына қарай гүлдейді екен. Бірақ бұл ағаш - 504 жылда бір рет сәуірдің басына қарай гүлдейтін ерекше қасиеті бар ағаш. Ол бұл құбылысты Күн жүйесіндегі электромагниттік тербеліспен байланыстырады. Бірақ біздің ғылыми қызметкерлер тағы бір маңызды жаңалық ашты: ерте гүлдеген алма ағашы емес, жөке ағашы екен. Фототілшіміз Гдебоширов жиналған қызыққұмар жұртты арасынан жарып өте алмағандықтан, сиқырлы ағаштың фотосын бере алмадық» деген қысқа жазба жарияланған.

Сәуірдің басында гүлдеген ағашты да, бұл өлкеде ешқашан болмаған Миклухо-Маклайдың (тарихта болған адам) ағаш егуі мен өзге адамдарды да редакция қызметкерлері ойдан шығарғаны түсінікті.

Қалалық газеттің бірінші сәуірге арналған кейінгі әзіл-оспақтарының топтамасында Ленц-Таежный деген ойдан шығарылған кейіпкер пайда болды. Бірде ол Алматыда жаңадан ашылған алты айлық көркем өнер курстарының директоры ретінде сұхбат беріп, актер, жазушы, ақындарды даярлауға уәде етеді. Ол «қолына қалам ұстаған немесе сахнаға шыққанның бәрі шетінен дарынды болғандықтан, әлгі курстарға жұрт ешқандай емтихансыз қабылданады» деп мәлімдейді. Сондай-ақ «қалаға бір топ белгілі киноактерлер шақырылды, олар қолтаңбасы қойылған фотопортреттерін бүкіл кинотеатрларда тегін таратады» деген хабар жазылған. Редакция курсты да, оның директорын да, киноактерлерді де ойдан шығарғаны белгілі.

«Социалистическая Алма-Ата» газетіндегі күлкі күніне арналған, ойдан шығарылған кейіпкер - Ленц-Таежныйдың сұхбаты (1976 жыл).

«Социалистическая Алма-Ата» газетіндегі күлкі күніне арналған, ойдан шығарылған кейіпкер - Ленц-Таежныйдың сұхбаты (1976 жыл).

Газеттің бірінші сәуірге арналған келесі сандарының бірінде Ленц-Таежный Алматыдағы Баум тоғайы директорына айналған. Ол газеттегі сұхбатында шаруашылықты дамыту жоспарларымен бөліседі. Әуелі ол аллеядағы ағаштардың түбіне үстел-орындықтар қойып, табиғаттың көркем мүйісінде сырахана ашпақ болған. Бірақ табиғатты қорғаушылар тоғайға араша түскен... Сондықтан ол тоғайды саябаққа айналдырмақ ойын айтып, «қазірдің өзінде баққа тиіндер мен 10 шақты қызыл түлкі, 40 қоян мен екі елік әкелінді, экологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін енді бір-екі қасқыр әкелу керек» деген жоспарымен бөліседі.

1970 жылдардан бастап облыстық «Огни Алатау» газетінде күлкі күніне орай «Күлкі клубы» («Клуб СДС (смех — дело серьезное)» айдарымен материалдар жариялана бастаған.

«Тоқырау» кезеңіндегі совет газеттерінің бірінші сәуірге арналған әзілдерінің арасынан кейбір тапшы тауарларға қатысты әзілдерді кездестіруге болады. 1970 жылдардың аяғы мен 1980 жылдардың басында Алматыда кәдімгі автоқаламның сиясы (стержень) қат болған еді. Бірінші сәуір сандарының бірінде «Союзпечать» киоскілеріне түрлі түсті сиялар көп түсті деген қалжың пайда болды.

ҚАЛЖЫҢДЫ ТҮСІНБЕГЕНДЕР ДЕ БОЛҒАН

Бірақ газеттерде қоғам, оқырманның белгілі бір әзіл-қалжыңды қалай қабылдағаны туралы деректер жоқ. Ол замандағы газеттердің әзілдеу, алдау амалдары қалай пайда болғаны да қызық.

Алғашқы мақаласы 1961 жылы «Казахстанская правда» газетінде шыққан Вячеслав Каморский – фотожурналистика ардагері. Кейін ол «Вечерняя Алма-Ата» басылымында, «ҚазТАГ» агенттігінде жұмыс істеген. Қазір Калугада (Ресей) тұрады.

- «Вечерняя Алма-Ата» газетінде Вениамин Ларин деген прогресшіл редактор болды. Ол планеркада «бірінші сәуірге арналған әзіл-қалжың ойластырыңдар, бірақ сәтті болып шықсын» деп тапсырды. Мен сол кезде күлкілі фотосурет жасап, алты рубль көтеріңкі қаламақы алғаным есімде. Тоғыз жастағы ұлым екеуміз мотороллермен Көктөбеге келдік. Ұлымның қолына бәйшешекті ұстатып, қолының астынан гүлді суретке түсірдім. Сөйтіп биіктігі бір метрден асатын гүлдің суреті шықты. Ал мәтінін Евгения Панова жазды, - дейді Вячеслав Каморский.

Алматы қаласына арналған ауа-райы болжамы. Ауа температурасы бұл жерде қалалықтарға таңсық Фаренгейт өлшемі бойынша жазылған (1977 жыл).

Алматы қаласына арналған ауа-райы болжамы. Ауа температурасы бұл жерде қалалықтарға таңсық Фаренгейт өлшемі бойынша жазылған (1977 жыл).

Редакция фотосуреттің астына ботаника ғылымының «академигі» Гиацинт Нарциссович Пестиковтың «табиғатта мұндай құбылыс болуы мүмкін» деген пікірін береді. Суретті көрген қала тұрғындары алып бәйшешекті көру үшін тауға жүгірген.

- Бұл әзілім үшін гүл құмарлардан таяқ жей жаздадым. Әсіресе ғажайып бәйшешекті іздеп Көктөбеге шыққан көп балалы отағасы қатты ашуланды. Ол кезде фуникулер (аспалы жол) уақытша істемей тұрған болатын, әлгі кісі бала-шағасын ертіп, Абай ескерткішінен Көктөбеге дейін жаяу барыпты, - деп еске алады Вячеслав Каморский.

Фотожурналистика ардагерінің айтуынша, орталық стадионның трибунасы аясында түсірілген модель қыздардың фотосуреті де жұртты дүрбелеңге салған. Суреттің астында сәуірдің 1-і күні кешке Алматы-Прибалтика модельдері арасында футбол матчы өтеді деген хабарландыру жазылған.

- Стадионға жарты қала жиналды. Милиция дауыс күшейткішпен хабарлап, оларды әрең қайтарды. Біздің алдауымызға тіпті қалалық компартияның бірінші хатшысы ма, атқару комитетінің төрағасы ма - біреуі сеніп қалып, әйелі мен баласын ертіп, «матчты» тамашалауға барыпты. Кезінде бұл әзіліміз үшін бас редактор Вениамин Ларинді біраз «сүйрегендері» есімде, - дейді Вячеслав Каморский.

«Караван» газетінің бас редакторы Лариса Увалиева «Шамамен 1970 жылдардың аяғында «Огни Алатау» газетінде істейтін журналист Борис Молокандов мынадай әзіл ойлап тапты. Оның идеясы бойынша, бес килограмдық таразыға үрленген үлкен алманы (ол кезде сондай алмалар болатын) қойып, суретін «Алматыда мынадай үлкен апорт алма өсті» деп бірінші сәуір күнгі нөмірге шығардық. Бұл әзіліміз бүкіл Совет Одағына тарап кетіп, әлгі алма ағашының көшетін сұрап, хат жазғандар көп болған» деп еске алады.

Лариса Увалиеваның айтуынша, тағы бірде «Караван» газетінде істейтін келіншектердің бірін кимоно кигізіп, фотоға түсіріп, «жапон ғалымдары жапондар мен қазақтардың қандас халықтар екенін анықтады» деп жазған.

— Әлгі әзілден кейін тарихшы бір әйел редакцияға телефон соғып, «жалған ақпарат таратқандарың үшін сотқа беремін» деп бізге қатты ұрысты. Әрине, сотқа жеткен жоқ, бірақ бұл - қалжыңды түсінбейтіндердің бір мысалы бола алады. Күлкі күніне арналған әзілді шын көретін жандар көп, - дейді Лариса Увалиева.

Оның айтуынша, күлкі күніне арналған әзіл-оспақтар - көбінесе ұжымдасып жасалатын шығармашылық процесс.

XS
SM
MD
LG