Accessibility links

Балықшылар Аралдан қайтадан балық аулай бастады


Қайраңда қалған кеме. Арал теңізі, 2008 жылдың маусымы.

Қайраңда қалған кеме. Арал теңізі, 2008 жылдың маусымы.

Си-Эн-Эн телеарнасында «Жер шекарасы» атты телехабар көрсетілімі жүріп жатыр. Әлемдегі биологиялық әр алуандықты қорғау тақырыбына арналған бұл хабарда дүниежүзілік ауқымда әсері бар экологиялық апат аймақтары мәселесі сөз болады. Олардың арасында Қазақстандағы Арал теңізі де бар.


СҰМДЫҚ АПАТ БОЛҒАН ЖЕР


Cерік Дүйсенбаев Арал теңізін бірінші рет көрген кезде небәрі 17 жаста ғана еді.

- Мен дүниеге келген сәтте Арал қаласының маңында теңіз жоқ болатын. Теңіз туралы әке-шешемнің айтқаны мен тарихи кітаптардан білдім, – деді ол Си-Эн-Эн телекомпаниясы тілшісіне. – Оны алғаш көрген кезде мұндағы адамдар теңізсіз әлі де 40 жыл өмір сүреді-ау деп ойлап, қапа болдым. Дегенмен, қазір қайта үміттеніп отырмыз. Қазір теңіз біздің Арал қаласына қайта таяп келеді. Қала мен теңіз арасындағы ара қашықтық 50 километрдей ғана. Әйтеуір бір күні, біздің қаладағы көне айлақтың жағалауы теңіз суына қайта толуы әбден мүмкін.

Арал теңізінің көлемінің күрт азайып кеткеніне қатысты мамандар «әлемдегі ең сұмдық экологиялық апаттың бірі» деген сипаттама берді. Бұл адам баласы әрекетінің кесірінен болған, қолдан жасалған апат болды.

1960 жылдары осы бір қуаңшылық жайлаған аймақта Арал көліне құятын өзендер суын мақта өсіретін алқаптарға бұрып әкетіп, су жетпегендіктен, теңіз бетінің аумағы 90 пайыздайға азайып кетті.

Су азайып, көл құрғай бастағаннан кейін, Арал суының тұздылығы да үсті-үстіне арта берді. Осының кесірінен көлдегі балық атаулы көптеп қырылды. Ал басты кәсібі мен талғажауы балық болғандықтан, оның зардабын жергілікті халық қатты тартып,
Арал теңізіндегі иесіз қалған кеме. 2008 жыл.
қиыншылық көріп, мұқтаж халге түсті, деп атап көрсетеді Си-Эн-Эн.

Арал суының тартылған соң бір кездері оның жағасына салынған, кәсібі қарқынды дамыған әрі тұрмысы бақуатты болған Арал қаласы да қу медиен даланың ортасында қалды. Мұндағы халық қазір жиілеп кеткен құм дауылынан көз аша алмайды.

ҚАУЛАҒАН ҚАЛАНЫҢ ҚАЛДЫҒЫ

Арал қаласының ең дәуірлеген тұсында 25 мыңға тарта адам балық шаруашылығының өркендеуі арқасында мамыражай тұрмысты бастан кешті. Ол кезде әр үйден жоқ дегенде бір адам балық өнеркәсібі кәсіпорындарының бірінде жұмыс істейтін.

Ал қазір сол балық өнеркәсібі кәсіпорындары мен балықшылар кемелері қаңырап бос жатыр. Балықтың небір түрін осы маңнан бұрынғы Совет Одағының түпкір-түпкіріне тасымалдау үшін пайдаланылған темір жолдарды да тат басып кеткелі қашан. Бұл да өткен күнде бұл арада өркендей қанат жайып, байлыққа кенелген дәулетті тұрмыстың болғандығының бір жұрнағы, елесі тәрізді.

Жұмыссыздық көптеген жергілікті тұрғынды сорлатты. Олар кәсіп іздеп, еріксіз үлкен қалаларға кетті. Ал мұнда қалған жұрт Арал қаласының қайнаған өмірдің қақ ортасы болған бұрынғы кезін мұңая еске алады. Ол кездері бұл жерде, тіпті, теңізде жүзіп жүретін мейрамханаға дейін болған деседі. Ал кенттің өзі келімді-кетімді адамы мен қонағы көп, берекелі айлақ болыпты.

Жергілікті тұрғындар өткен ғасырдың басында Арал қаласы балықшыларының Ресейдегі аштан қырылған жұртты құтқару үшін күн-түн демей жұмыс істегені жайлы майын тамыза отырып әңгімелеп береді. Олардың теңдеп тиеген ауырды еңсере тартқан өгіздей өршелене тер төгуіне Владимир Лениннің бұйрығы себеп болған көрінеді.

Арал қаласынан теңізді бетке ала, бұрын теңіз түбі болған сахарада бір сағаттай көлікпен жүріп өтсеңіз, апат ауқымын нақты түсіне аласыз, дейді телеарна.

Арал теңізінің солтүстік жағындағы Көкарал бөгеті. 21 мамыр 2010 жыл.
Анда-мында тат басып жатқан балықшы кемелері қаңқаларының арасында қазір түйе жайылып жүр. Атырау суы тартылып кеткен соң, теңіздің орыны әлденеше елі тұз басып жатқан байтақ сортаң аймаққа айналды.

Желмен бірге мұндағы тұз әлсін-әлсін көкке көтеріліп, улы шаң-тозаң бұл аймақтан әлдеқайда алыста жатқан жерлерге түсіп, ластап келеді. Әсіресе адамның тыныс алу жүйесіне зиянды осы экологиялық өзгеріс жергілікті жұрттың денсаулығына теріс әсер етіп қана қоймай, осы аймақтағы ауа райына да кері ықпалын тигізіп отыр.

Теңіз суы тартылғандықтан қазір мұнда қыс бұрынғыға қарағанда әлдеқайда суық әрі ұзақ болады. Ал жазы бұрынғыға қарағанда ыстығырақ және құрғақ болып жүр. Себебі, теңіз енді баяғыдай температураны табиғи реттеуші ретіндегі рөлін атқаруға қауқарсыз, дейді Си-Эн-Эн.

ЖАРҚЫН ӨМІР ЖАҢҒЫРА БАСТАДЫ

Әйтсе де, қазір Қазақстанда Арал теңізінің солтүстік бөлігін құтқару жөніндегі шаралар қолданылып жатыр. Бұл шараға Дүниежүзілік банк қолдау көрсетіп, ішінара қаржыландырып келеді.

2005 жылы құны 90 миллион доллар тұратын, теңіз суын бөгеуді мақсат тұтқан Kөкарал қоймасы салынып бітті. Осының нәтижесінде Арал теңізінің солтүстік бөлігі теңіздің қалған бөлігінен оқшауланып тасталды.

Теңіз суы ернеуінің 2003 жылы тіркелген ең төмен деңгейімен салыстырғанда 12 метрге биіктеуіне осы шараның септігі тиді.
Арал теңізі. 2008 жыл. Маусым айы.


Осының арқасында ондаған жылдар өткен соң, балықшылар қайта мұнда ау салып, мәре-сәре болып жатыр. Солардың бірі Саип Талғат пен тағы басқа бірсыпыра балықшының балық аулау кәсібіне жең түре кірісіп кеткеніне бір жылдай болып қалды. Олар, әрине, балықты теңіздің солтүстік бөлігінен аулайды. Әдетте, Талғат ауын теңізге тастар алдында олжасының мол болуын сұрап, Құдайдан медет сұрайды.

Қазір Арал теңізінің солтүстік бөлігінде 15 түрлі тұщы су балығы өсіп-өніп жатыр. Олардың арасында табан, алабұға мен бекіре де кездеседі. Әрине, соның ішіндегі ең қымбаты - көксерке. Оның бір киләсінің бағасы 500 теңгеге (шамамен 3 доллар) дейін барады. Сондықтан, балықшылар бұл балықты «алтын балық» деп атайды.

Осының бәріне де қарамастан Арал теңізінің келешегі әлі де бұлыңғыр болып тұр деп хабарлайды телеарна.

Дегенмен, Серік бұл қаланың бағы қайта жанатынына кәміл сенеді. Оның ойынша, Арал теңізін құтқару жобасының екінші кезеңінің іске асуы бұл арманның шындыққа айналуына жол ашуы тиіс. Ал жобаның екінші сатысының мақсаты – Арал теңізіне құятын Сырдария өзені бассейніндегі судың қорын басқару жұмысының сапасын арттыру.

- Бүкіл әлем Арал теңізі азайды, ол енді өлі теңіз деп шулап жүр. Мұнда аулайтын балық та қалмаған дейді. Ал мен бұл өлі емес, тірі теңіз деймін. Теңіз біраз демалып, тыныстады, өзінің айдын-шалқар көл болған дәуренінің қайта оралуын күтіп жатты. Енді, міне, сол дәурен қайта оралды, - дейді Арал маңында тұратын Серік атты азамат.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG