Accessibility links

«Бақытты кезде өмір сүріп жатқан» министр


Арыстанбек Мұхамедиұлының Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының ректоры кезіндегі суреті. Алматы, 12 қазан 2011 жыл.

Арыстанбек Мұхамедиұлының Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының ректоры кезіндегі суреті. Алматы, 12 қазан 2011 жыл.

Ректор кезінде жұртты таңырқатқан Арыстанбек Мұхамедиұлы мәдениет және спорт министрі болған соң да көзден кеткен жоқ. Сарапшылар оның қызметін түрліше бағалайды.

Әлденеше рет тосын сөзі не ісімен ел көзіне іліккен мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының аты соңғы кездері тағы айтыла бастады. Ол бірнеше ай бұрын қол қойған нұсқаулық музей қызметкерлерін уайымға салып, «министрліктің кей өкілдері дәстүрлі мәдени мекемелерді біріктіру арқылы қымбат ғимараттарды жекешелендіруді көздеуі мүмкін» деп алаңдауларына себеп болды.

«ӘЛИЕВТЕН» БАС ТАРТУ ЖӘНЕ ЖОҒАЛҒАН СЫРМАҚ

1990 жылдардың бас кезінен мәдениет министрлігі мен Қазақстан президенті әкімшілігінде түрлі қызметтер атқарған Арыстанбек Әлиев есімді азаматтың жұрт көзіне алғаш іліккен сәтінің бірі – 2008 жыл. Ол сол жылы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының ректорлығына тағайындала сала Әлиев деген тегінен бас тартып, Арыстанбек Мұхамедиұлына айналған. Өзі бұл әрекетін «мансабым өрге басқанда Рахат Әлиевтің туысы деушілер көбейді, 2007-2008 жылдардағы саяси оқиғалар ата-тегімді тезірек өзгеруге ықпал етті» деп түсіндірген. Бұл тұста Қазақстан президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы кезінде биліктегі ықпалды адамдардың бірі болған Рахат Әлиев қуғында жүрген еді.

Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының бас корпусы. Алматы, 7 қазан 2011 жыл.

Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының бас корпусы. Алматы, 7 қазан 2011 жыл.

Арыстанбек Мұхамедиұлының есімі 2011 жылы тағы бір шетін оқиғаға қатысты аталған. Сол кездері президент әкімшілігінің жетекшісі болған Аслан Мусиннің әйелі Гүлбану Үкетайқызы өнер академиясында өткізген шеберлік сабағы бірінші курс студентінің сөгіс алуымен аяқталған. Шеберлік сабағына қатысқан ректор Арыстанбек Мұхамедиұлы байқаусызда күлген студентке сөгіс жариялап, ол оқиға жұрт арасында көп талқыланған.

Арыстанбек Мұхамедиұлының аты 2013 жылы президент Назарбаевтың 73 жылдығы тұсында тағы бір рет еске алынған. Алматы облысы Текелі өңірінің екі шебері Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап ұзындығы 73 метрлік сырмақ тіккен. Оны Арыстанбек Мұхамедиұлы алдырған, бірақ сырмақ президентке жетпеген. Ісмерлердің айтуынша, оны президенттің жиені Айсұлтан Назарбаевтың үйлену тойына апарып жайған. Шеберлер «Арыстанбек Мұхамедиұлы еңбегімізді елбасыға жеткізер деп үміттендік, сырмақ сонда қалды» деген.

Ал екі шебердің еңбегін елбасыға айтудың реті келмегенін түсіндірген Арыстанбек Мұхамедиұлы «сырмақтың суреті мен сипаттамасын президент әкімшілігіндегі кейбір қызметкерлерге жіберіп, хабар күтіп отырғанын» Азаттық тілшісіне хабарлаған. Ақыры ол сырмақтың президентке жеткен-жетпегені белгісіз күйде қалған.

ТЕЛЕФОН ҰСТАП ЖҮГІРУ ЖӘНЕ «НАЗАРБАЕВША КИІНУ»

2014 жылдың наурызында Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен мәдениет министрі болып тағайындалған Мұхамедиұлының жұрт көзіне іліккен бір әрекеті 2014 жылы қараша айында Алматыда әлем чемпионаты өткен кезде болды. Ол әлем чемпионы атанған ауыр атлет Илья Ильинді марапаттау рәсімінде Қазақстанның әнұраны ойнап тұрғанына қарамастан жүгіріп шығып, гимн айтып тұрған спортшының құлағына телефонды тосқан. Кейін «спортшыға телефон соққан адам – Қазақстан президенті Назарбаев» екені хабарланған.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Швейцарияда журналистерге сұхбат беріп тұр. 9 маусым 2015 жыл.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Швейцарияда журналистерге сұхбат беріп тұр. 9 маусым 2015 жыл.

Арыстанбек Мұхамедиұлының жұрт арасында көп талқыланған тағы бір сөзі – Қазақстанды «жаман қырынан көрсететін фильмдер» тізімін жасау туралы ұсынысы. Ол сынаған туындылардың бірнешеуі керісінше шетелдерде жүлде алып, ел тұрмысын шынайы бейнелейтін фильмдер ретінде аталған.

Жұрт министрдің 2015 жылы шілдеде айтқан тағы бір сөзіне таңырқаған. Ол «Жәнібек пен Керей», «Жеті Жарғы» және Нұрсұлтан Назарбаевтың портретінен құралған триптих үшін 130 миллион теңге төленгенін мәлімдеген еді. Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл бағаны «триптихты салған алты суретші де – еңбегі жоғары бағаланатын суретшілер» деп түсіндірген.

Мұхамедиұлының есте қалған тағы бір сөзі – 2015 жылы қараша айында үкімет жиынын өткізген президент Нұрсұлтан Назарбаевқа берген жауабы. Қазақстандықтардың «дастарханында тамағы, басында үйі, астында машинасы бар» екенін айтқан президент министрден «550 жылдығын қазақтың атап өттік қой. Айтшы, Арыстанбек, 550 жылдың ішінде қазақ дәл осылай өмір сүрді ме бір күн?» деп сұраған. Арыстанбек Мұхамедиұлы оған: «Енді, Нұрсұлтан Әбішевич, шынын айтқанда бәріміз бақытты кезде өмір сүріп жатырмыз ғой... Енді, тәуелсіздік арқасында, сіздің арқаңызда...» деп жауап берген.

Енді, Нұрсұлтан Әбішевич, шынын айтқанда бәріміз бақытты кезде өмір сүріп жатырмыз ғой... Енді, тәуелсіздік арқасында, сіздің арқаңызда...

Мәдениет және спорт министріне көпшілік назары таяуда тағы да ауған. 2016 жылы ақпан айының соңында Қазақстанға келген Египет президенті Әбдел Фаттах әс-Сисиді әуежайдан күтіп алған Арыстанбек Мұхамедиұлының киімі әлеуметтік желілерде көп сөз болған. Министр осыған орай өзін «қасаң шенеунік стилінен гөрі еркіндеу киінгенді қалайтын мәдениет министрі» ретінде сипаттаған. Өзінің айтуынша, ол «киім киісте де Нұрсұлтан Назарбаевтан үлгі алуға тырысады».

Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылар мен мәдениет саласының өкілдері Арыстанбек Мұхамедиұлының қызметін түрліше бағалайды.

Актер Асанәлі Әшімов министрдің жұрт көзіне іліккен әрекеттерінің бірін – әнұран айтып тұрған спортшыны телефонмен сөйлесуге мәжбүрлегенін есіне алды.

– Илья Ильинге кімнің телефон соққаны белгілі. Назарбаев жұмсаса, әнұран түгілі Құран оқылып жатса да апарады, – дейді ол.

Сарапшы Айгүл Омарова Арыстанбек Мұхамедиұлы басқаратын министрліктің ісіне көңілі толмайтынын айтады.

– Министрлік кино, балет, тағы да басқа салалардағы отандық өнер шеберлерін халыққа насихаттамайды, қазақстандық көркем фильмдерді телеарналардан көрсетпейді, – дейді ол.

Алайда жазушы, мәдениет және спорт министрлігіндегі көркемдік кеңес мүшесі Дулат Исабеков бұл пікірмен келіспейді.

– Отандық кинофильмдерді телеарнадан көрсету керек дегенді қолдаймын. Бірақ ондай құзырет мәдениет және спорт министрінде жоқ. Өйткені телеарналар басқа министрлікке қарайды, – дейді ол.

Арыстанбек Мұхамедиұлының «өзімен сыйлас екенін» алға тартқан Дулат Исабеков «оның қызметінің саяси қыры туралы айтқым келмейді, ол – сірескен шенеунік мінезін бойына жұқтырмаған адам» деп қана сипаттады.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG