Accessibility links

Төртінші мәрте сотқа беру ефрейтор Пірәлиеваға оңайға соқпайды


Бұрынғы әскери қызметкер Шұғыла Пірәлиева. Алматы, 19 мамыр 2014 жыл.

Бұрынғы әскери қызметкер Шұғыла Пірәлиева. Алматы, 19 мамыр 2014 жыл.

Жалдамалы әскери қызмет атқарған Шұғыла Пірәлиеваның жұмысқа қайта тұру жайлы талабын орындаудан үшінші мәрте бас тартқан сот жүйесінің үстінен шағымданбақ. Қазақстанда бұрынғы әскери қызметшілердің еңбек даулары бойынша сотқа шағымдануы өте сирек.

Алматы әскери гарнизонының соты ефрейтор Шұғыла Пірәлиеваның – Алматы облысының Жетіген кентіндегі 65229 авиациялық бөлімнің бұрынғы әскери қызметшісінің азаматтық арызын қанағаттандырмады. Ол өзімен жасалған келісімшартты заңсыз деп танып, қызметіне қайта орналасуды сұраған еді.

Сот шешімін Қазақстан Жоғарғы сотының апелляциялық инстанциясында бұздырғылары келеді. Бірақ адвокат Бекетай Әлмұханов айтқандай, бірінші инстанцияның сотына төртінші мәрте шағым беру енді мүмкін болмайды.

ЕФРЕЙТОРДЫҢ ӨЗ ҚҰҚЫ ҮШІН КҮРЕС ШЕҢБЕРІ

Бұл енді бірінші инстанция сотының үшінші шешімі, яғни ефрейтор Шұғыла Пірәлиеваның шағымы бойынша үшінші сот шеңбері басталды. Алда сот жүйесі бойынша төменнен жоғарыға төртінші шеңбер қылаң беруде. Алайда адвокаттың айтуынша, мұны формалдылықтар мен сот тәжірибесі де болдыра қоймауы мүмкін.

Қазақстандық әскери қызметкерлер. (Көрнекі сурет)

Қазақстандық әскери қызметкерлер. (Көрнекі сурет)

Алматы облысының Жетіген кентіндегі 65229 әскери бөлімнің келісімшарттағы ефрейторы Шұғыла Пірәлиеваны қызметтен 2012 жылдың қарашасында шығарып жіберген. Ол заңсыз шығарылғандығын сот арқылы дәлелдеп, орнына қайта оралуға тырысып жүр. Бірінші сот айналымында ол тіпті Жоғарғы сотқа дейін жетті.

Шұғыла Пірәлиева қызметіне қайта орналасу мәселесін соттан тыс жағдайда да шешуге талпынып көрді. Ол қорғаныс министрлігінің Бас штабына жазды. Алайда бұрынғы қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаевтың ұлы, генерал Мүслім Алтынбаев қол қойған жауапта бұл мәселесін шешу үшін сотқа жүгінуге құқы бар екендігі жазылған. Осылайша, соттан тыс айналым да тұйыққа тірелді.

Екінші сот айналымында Шұғыла Пірәлиева Әскери соттың апелляциялық алқасына да жетті. Олар Пірәлиеваның өз шағымының мазмұнын өзгертуге тиіс және тағы да бірінші инстанциялық сотқа жүгінуге құқы бар екендігін нұсқады.

Үшінші мәрте жазған шағымы бойынша Шұғыла Пірәлиева өткен аптада бірінші инстанциялық соттың арызды қанағаттандырмау жайлы шешімін алды. Ол әділдікке жету үшін енді Жоғарғы сотқа дейін баруға бел буып отыр. Келешектегі ойы – БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне де шағым беру.

КҮРЕСТІҢ КЕЛЕШЕГІ

Қазақстандық белгілі құқыққорғаушы Евгений Жовтис Шұғыла Пірәлиеваның Алматы гарнизоны сотының оны қызметке қайта орналасуын қабылдамау жөніндегі шешіміне шағымының келешегіне күмәнмен қарайды.

Жовтис Қазақстанда мемлекеттік қызметшілер, әсіресе, әскери қызметшілер өз құқықтарын қорғау ісінде тіпті қарапайым азаматтарға қарағанда қауқарсыз жағдайда екендігін айтады.

Қазақстандық құқыққорғаушы Евгений Жовтис.

Қазақстандық құқыққорғаушы Евгений Жовтис.

– Мен олардың материалдық құқықтары жайлы айтып отырған жоқпын: бұл тұрғыда мемлекет оларға қандай да бір жағдайлар жасаған. Алайда олардың құқықтық қорғалуы тіпті жай азаматтардан да нашар. Мемлекеттік қызметшілер корпоративтік қағидаларды қорғаудың қысымында және жоғарыдан төменге қатаң бағынышты. Олардың кәсіподақтары да жоқ, дегенмен кейбір батыс елдерінде бұл бар, мысалы, полицейлер кәсіподақтары. Сондықтан бізде, мысалы, әскери қызметші оқшантайдан шығарылып тастағандай, жұмыссыз қалған болса, ол бірден басы артық адам ғана емес, сондай-ақ құқығынан айрылған жанға айналады, – құқыққорғаушы.

Ефрейтор Шұғыла Пірәлиеваның БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне жасамақ шағымының келешегін де Евгений Жовтис аса бір оптимистік тұрғыда бағалап отырған жоқ:

– Қазақстанның бірнеше азаматының шағымдары бойынша БҰҰ комитеті оң шешімдер шығарғанымен де, БҰҰ комитеті деңгейінде істі ұтып шығу анағұрлым қиын. Біріншіден, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағымдану процедурасы өте ұзақ. Мен өзім де 2010 жылы сонда шағымданған болатынмын. Шағымым бойынша әлі күнге шешім қабылданған жоқ. Екіншіден, азаматтардың нақ БҰҰ комитетінде қаралатын құқықтары бұзылғандығын дәлелдеу өте қиын.

Соңғы айтқанын растайтын жаңа мысал ретінде Евгений Жовтис БҰҰ комитетінің сотталған құқыққорғаушы Вадим Курамшиннің шағымын осы ұйымның ережелері мен стандарттарына сәйкес ресімдеу ұсынысымен кері қайтарғанын айтты.

Ефрейтор Шұғыла Пірәлиева – Қазақстан әскеріндегі қызметіне қайта орналасу құқығы үшін әскер басшылығымен үшінші мәрте соттасып жатқан жалғыз әскери қызметші (онда да әйел адам). Әскери ортадағы мұндай даулардың сотқа дейін жетуі сирек. Қазақстанда бұрынғы және қазіргі әскерилер арасында сотқа шағымдану кең таралмаған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG