Accessibility links

Сарапшылар ресейлік техникаға ғана тәнті


Астанада өткен әскери парадтан көрініс. 7 мамыр 2015 жыл
Астанада өткен әскери парадтан көрініс. 7 мамыр 2015 жыл

Астанадағы әскери парадты «жақсы ұйымдастырылған» деп бағалаған сарапшылар әскери техниканың сапасына қатысты проблемалар барын айтады.

Бүгін Астанадағы «Қазақ елі» алаңында өткен әскери парадқа Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов қатысты. Парадқа генерал-лейтенант Мұрат Майкеев басшылық етті.

Биыл 2005, 2009, 2011 және 2014 жылғы парадтармен салыстырғанда, ең ауқымды парад болды. Оған бес мыңнан аса жауынгер, құрлық әскерлерінің 200-ден аса қару-жарақ түрі мен әскери техникасы, әскери авиацияның 70 тікұшағы мен ұшағы қатысты. Әскери парад пен жеңістің 70 жылдығына арналған іс-шараларға ел аймақтары мен Алматы қаласынан 244, астаналық 16 ардагер шақырылды.

Парадтың тарихи бөлімінде екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қолданылған әскери техника, қару-жарақ пен ұшу аппараттарының 36 үлгісі көрсетілді. Тарихи бөлімнің әскери техника колоннасын Т-34 танкі бастады. Оның соңынан ЗИС-2 зеңбірегін, екінші дүниежүзілік соғыс тұсындағы советтің «Катюша» деген атпен танылған 122 миллиметрлік М-30 гаубицасы (1938 жылы шыққан үлгісі) және Ресейдегі азамат соғысы кезінен белгілі «Максим» пулеметін (жастарға бұл пулемет ресейлік «Брат-2» фильмінен таныс) сүйреткен ЗИЛ-157 автомобильдері шықты.

Астанадағы әскери парад
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:57 0:00

Парадтың қазіргі заман бөлімінде Қазақстан армиясының қару-жарағы мен әскери техника үлгілері көрсетілді. Алаңға парадтың бұл бөлімін басқармалы қару-жарақпен жабдықталған Т-72Б танкі бастап шықты. Оның соңынан «Солнцепек» соғыс машиналары, БТР-82 бронетранспортерлері, 122 миллиметрлік Д-30 гаубицалары, жаяу әскер машиналары, «Кобра» бронды машиналары мен Қазақстан армиясы соңғы жылдары сатып алған өзге техника түрлері жүріп өтті.

Ал әуе парадына ұшақтар мен тікұшақтар қатысты. Оның ішінде Ресейден жаңадан сатып алынған 4++ буынына жататын Су-30СМ жойғыш ұшақтары бар. Ұшқыштар жеңістің 70 жылдығына орай әуеде «70» санын бейнелеп қатар түзді.

САРАПШЫЛАР БАҒАСЫ

Астанадағы бүгінгі парадты үйінде теледидар арқылы немесе Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы паркте тамашалағандардың бәрі Азаттық тілшісіне «парад тамаша ұйымдастырылған» дейді. Бұрын СССР бас барлау басқармасында қызмет етіп, Совет Одағы ыдыраған соң қызметін Қазақстанның мемлекеттік барлау басқармасында жалғастырған, ал қазір отставкадағы полковник Валерий Котельников: «Қазақстан Республикасы қарулы күштері құрылғаннан бері алғаш осындай тамаша парад ұйымдастырылып отыр. Әсіресе әуе қорғанысы күштері, жойғыш ұшақтар мен транспорт авиациясы ерекше көзге түсті» деп бағалады.

Астанада өткен әскери парадтан көрініс. 7 мамыр 2015 жыл
Астанада өткен әскери парадтан көрініс. 7 мамыр 2015 жыл

Құрлық әскерлері қару-жарағы ішінен, Валерий Котельников әсіресе реактивтік снарядтары 90 шақырымға дейін ұша алатын әрі бір атқанда 280 гектар аумақтағы нысаналарды жойып жіберуге қабілетті «Смерч» реактивті жүйесін ерекше атайды. Котельниковтың айтуынша, бұл жүйенің алысқа ату мен дәл тигізгіштік қабілеті жақындағы нысаналарды көздеп ататын зымырандармен тең. Қазіргі заманғы реактивті жүйелердің прототипі - кезінде аты аңызға айналған «Катюша» зымыран кешені.

Бұрынғы барлаушы «БРМ-1» әскери барлау машинасын да ерекше мақтайды. Оның айтуынша, әсіресе жаяу әскерге арналған шынжыр табанды әскери машинаның (БМП) жетілдірілген түрі - «Рысь» БМР-3к машинасы өте маневрлі, шапшаң, жол талғамайды және су атқыш қозғалтқышының көмегімен кез келген өзен-көлден жүзіп өте береді әрі брондалған қабаты да мықты.

АҚШ ПЕН ТҮРІК ТЕХНИКАСЫН СЫНАУ

Бірақ тағы бір сарапшы, «Жауынгерлік бауырластық» ардагерлер одағының жетекшісі әрі ауған соғысына қатысқан Сергей Пашевич совет қару-жарағын мақтап, Америка мен Түркияның техникасын сынайды. Ол белгілі бір соғыс техникасының шайқастағы қабілетін Ауғанстанда көргенін айтады.

- Парадқа шығарған танкілердің ішінен әлі өзі жүретін Т-34 мен қазіргі заманға сай жетілдірілген Т-72 танкілерін ерекше айтар едім. Екеуі де Совет Одағында шығарылған әрі бұрын-соңды шыққан ең мықты техника, - дейді Пашевич.

Ал үстіне танкіге қарсы зымырандар орнатылған әрі парад дикторының сөзінше, бес тонна салмақпен жылдамдығын сағатына 110 километрге дейін арттыра алатын «Хаммер» сауытты автомобильдерінен запастағы полковник еш әсер алмаған.

- Қазіргі кезде америкалықтардың өздері бас тартқан «Хаммерлер» мені еш таңдандыра алмайды. Біздің құм төбелерде тығылып тұрып қалған «Хаммерді» танкінің күшімен ғана сүйреп шығарғанын өз көзіммен көрдім. Ол - қала ішінде соғысуға арналған машина. Бірақ қала ішінде де біздің танкіге қарсы РПГ-7 қол гранатамыздан қалай лаулайтынын көрдік. Бір граната тисе, түгі қалмайды, - дейді Пашевич.

Ол парадта әбден жарнамаланған әрі оның айтуынша, Қазақстан Түркиядан сатып алған «Кобра» барлау машинасын да жақтырмайды.

- Бұл машина қыс кезінде өте жайсыз екенін көрсетті. Біздің климатқа бейімделмегендіктен, іші суық, экипажға қолайсыз. Оны Астанада - аэромобиль әскерлерінен көргенмін, - дейді Пашевич.

Астанадағы әскери парадта ұшқыштар сызған 70 саны. 7 мамыр 2015 жыл
Астанадағы әскери парадта ұшқыштар сызған 70 саны. 7 мамыр 2015 жыл

Ал Ресейде шығатын «Тигр» сауытты автомобилін Пашевич «Шешен соғысында өзін сенімді машина ретінде танытты» деп мақтайды.

Авиация инженері, запастағы генерал-майор Сармантай Нұрғожин парадты теледидардан көргенін айтады. Ол биыл Ресейден сатып алған қазіргі заманғы Су-30СМ жойғыш ұшағын әлемдегі ең үздік ұшақ деп санайды. Оның айтуынша, бұл ұшақ өте маневрлі әрі жаудың жойғыш ұшақтарымен шайқасып немесе әуедегі өзге нысаналарға соққы беріп қана қоймай, құрлықтағы нысаналарды да дәл көздеп ата алады.

Запастағы генерал-майор Нұрғожин әуе шабуылынан қорғайтын ресейлік С-300 зымыран кешенін де мақтайды. Қазір Ресей қарулы күштері жетілдірілген жаңа С-400 кешенімен жабдықталып жатқанымен, ол С-300 кешені «ескірген үлгі» деген пікірмен келіспейді әрі «Астананы жақсы қорғайды» деп санайды. Нұрғажин «мәселе олардың ескілігінде емес, Қазақстанда аз екендігінде» дейді.

Астанадағы бүгінгі парад екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 70 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне орай өткізілді. 1992 жылдың 7 мамырында президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан қарулы күштерін құру туралы жарлыққа қол қойған. Бірақ Қазақстан қорғаныс министрлігі жұмысқа 1992 жылдың шілдесінен бастап қана кіріскен.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG