Accessibility links

Қорғаныс министрін төбесінен су аққан үйлерге қонаққа шақырды

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Пәтерін көрсетіп жүрген зейнеткер Аграфена Зверева. Талдықорған, 2015 жылдың қарашасы.

Пәтерін көрсетіп жүрген зейнеткер Аграфена Зверева. Талдықорған, 2015 жылдың қарашасы.

Талдықорған қаласындағы үйлердің тұрғындары коммуналдық проблемаларға қатысты шағымданып, қорғаныс министріне хат жазды. Өйткені, олардың үйлері қорғаныс министрлігіне қарайды.

Талдықорған қаласындағы 9-алаң ықшамауданында төрт үйдің шатырынан су ағады. Кейбір тұрғындар пәтерінде су кешіп жүр. Бұл аудандағы қорғаныс министрлігінің ведомстволық үйлерінде көбінесе қазір жұмыс істеп жүрген және бұрынғы әскери қызметкерлер тұрады.

«ЖАЙЛЫ» ПӘТЕРЛЕРІНЕН ҚАШҚАНДАР

Енді тұрғындар туыстары мен достарының үйінен пана іздеуге мәжбүр. 81 жастағы зейнеткер Аграфена Зверева – 5-қабаттағы үш бөлмелі пәтерін тастап кеткендердің бірі. Ол «пәтерімде тұру мүмкін болмай кетті» дейді.

9-алаң ықшам ауданындағы пәтерлердің бірінің көгеріп кеткен дымқыл төбесі мен қабырғалары. Талдықорған, 2015 жылдың қарашасы.

9-алаң ықшам ауданындағы пәтерлердің бірінің көгеріп кеткен дымқыл төбесі мен қабырғалары. Талдықорған, 2015 жылдың қарашасы.

- Еңбек мүгедегімін, екі медалім бар, ал көрген күніміз мынау. Бергендері - 23 мың теңгелік мардымсыз зейнетақы, оған қалай күн көруге болады... Денсаулығым да нашар, оң көзім мүлде көрмейді, сол көзім жабылып барады. Құлағым нашар естиді. Өздерің қараңдаршы, мұнда тұру мүмкін емес қой. Балкон құлап, қабырғалардың сылағы түсіп жатыр. Жағалата шелек, шылапшын қойсақ та, мына қияметтен құтқармайды, - дейді Аграфена Зверева.

Әбден тозып, төбесінен су сорғалаған шатырдың әлегін кейінгі жылдары төменгі қабат тұрғындары тарта бастаған. Пәтерлерде дымқыл тартқан электр сымдарынан ұшқын шашырайды, тұрмыстық техника істен шығып жатыр.

- Ток жүретін сымдар тұйықталып, өрт бола ма деп қорқамын. Менің ғана пәтерім емес, жарты подьезд өртеніп кетсе қайтемін. Кейін мені айыптап шығады ғой. Өйткені менің пәтерімдегі розеткалардан ұшқын шығып, түтіндейді. Аспалы шамнан су сорғалайды. Жаңбыр жауғанда жарықты қоспаймыз. Сондықтан пәтерімді тастап кетуден қорқамын. Күйеуім мен қызым кетіп қалды, мұнда жалғыз қалдым, - дейді Маргарита Кутейникова.

ҚОЛАЙСЫЗ ҚҰРЫЛЫС МАТЕРИАЛЫ

Алматы облысының энергетика және тұрғынүй шаруашылығы басқармасына 9-алаң ықшам ауданындағы көп қабатты үй тұрғындарынан талай рет ұжымдық шағым түскен. Ведомствоның жазбаша жауабында қорғаныс министрлігіне қарайтын болғандықтан, әлгі үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізе алмайтыны жазылған.

9-алаң ықшам ауданындағы пәтер тұрғыны Маргарита Кутейникова. Талдықорған, 2015 жылдың қарашасы.

9-алаң ықшам ауданындағы пәтер тұрғыны Маргарита Кутейникова. Талдықорған, 2015 жылдың қарашасы.

Талдықорған гарнизонына қарасты әскери прокуратураның хабарлауынша, 2014 жылы апатты үйлерді тексеріп, тиісті актілер толтырылған және ақша бөлуді сұрап қарулы күштердің тұрғын үй-эксплуатациялық басқармасы бастығына өтініш жолданған.

Тұрғынүй қорының жай-күйін қадағалуы тиіс Талдықорған аудандық эксплуатациялық бөлім (қорғаныс министрлігінің территориялық бөлімшесі) мамандарының айтуынша, тұрғын үй-эксплуатациялық басқармасы ақша емес, құрылыс материалдарын бөлген.

- Шатырды жабу үшін бізге ризолин деген материал бөлді. Бірақ оны қыркүйектің аяғында - тым кеш берді. Әлгі материалмен ауа температурасы 15 градустан асатын жылы уақытта және күн ашықта ғана жұмыс істеуге болады. Ал қазір күн сайын жауын, сондықтан жұмысты бітіре алмай жатырмыз. Енді өзге құрылыс материалын іздейміз, - дейді Талдықорған АЭБ бастығы Ерғали Дәуітбаев.

Апатты пәтердің төбесінен тамған суға қойылған ыдыстар. Талдықорған, 2015 жылдың қарашасы.

Апатты пәтердің төбесінен тамған суға қойылған ыдыстар. Талдықорған, 2015 жылдың қарашасы.

Шатырынан су сорғалаған үй тұрғындары бұл жағдайды «шаруаға қырсыздық» деп атайды. Олар Талдықорғанға келіп, үйлерінде тым болмаса бір күн қонақ болып кетуді сұрап, қорғаныс министріне хат жазған.

- Мен қорғаныс министрі Тасмағамбетовті осында шақырғым келеді. Мұнда келіп, біздің өмірі жөндеу көрмеген пәтерлерімізде тұрып көрсін. Әскери қызметке осы күнге дейін 30 жылымды бердім, енді жыртық астау ұстап қалдым, - дейді №17 апатты үй тұрғыны Сергей Зверев.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG