Accessibility links

Арон Атабек диссидент ақын ретінде халықаралық сыйлыққа ие болды


Асқар Айдархан, ақын Арон Атабектің ұлы, әкесіне берілген халықаралық жүлдені қабыл алып тұр. Каир, 26 қараша 2010 жыл

Асқар Айдархан, ақын Арон Атабектің ұлы, әкесіне берілген халықаралық жүлдені қабыл алып тұр. Каир, 26 қараша 2010 жыл

Шаңырақ оқиғасы бойынша 18 жылға сотталған Арон Атабек сингапурлық Freedom to Create халықаралық сыйлығына лайық деп табылды. Оның «Назарбаев режимі және Революция» атты өлеңдер топтамасы «Қапастағы қайраткер» номинациясы бойынша үздік деп танылған.


Қарашаның 29-ы белгілі Шаңырақ оқиғасына қатысып, түрлі айыптармен сотталған азаматтардың аналары Алматыда баспасөз маслихатын өткізді. Олар бірнеше күннен кейін Астанада басталатын ЕҚЫҰ Саммитіне қатысушылардың назарын өз қасіретіне аударып, «жазықсыз жала мен ұрып-соғуға ұшырап, сотталған» туыстарының қылмыстық ісін қайта қарауды талап етіп отыр. Осы күнге дейін Қазақстандық соттың барлық сатысына арызданып келе жатқан аналар, ендігі үмітіміз Астанада өткелі отырған «әлем елдері жетекшілерінің елеулі жиынында» дейді.

ЕРЕКШЕ СЫЙЛЫҚ

Арон Атабектің әйелі Жайнагүл Айдарханның сөзінше, қарашаның 26-сы күні Каир қаласында сингапурлық Freedom To Create, яғни «Жасампаздық жолындағы бостандық» халықаралық сыйлығын табыс ету рәсімі өткен.
Freedom To Create – халықаралық ұйым ретінде қоғам игілігіне қызмет етіп жатқан әлем елдерінің әртістері, суретшілері мен ақын-жазушыларының шығармашылығына демеу береді.

Бұл сыйлықтың ішінде жас талант иелері мен түрмеде отырып шығармашылығын жалғастырғандарға арналған номинациялар бар.
Сондай сылардың бірі «Қапастағы қайраткер» (imprisoned аrtist) номинациясы бойынша жүлдеге түрмеде отырған қазақстандық диссидент Арон Атабек лайық деп танылды.

- Айта кету керек, бұл сыйлық Қазақстан азаматына алғаш рет табыс етіліп отыр. Ал ТМД елдері бойынша мұндай сыйлыққа ие болғандардың саны бірнешеу ғана, - дейді Жайнагүл Айдархан.

Ұйымның таратқан мәліметінде, бұл сыйлықтың берілуі ақын, диссидент әрі саяси тұтқын Арон Атабектің өмірінде жағымды өзгеріс тудыруы мүмкін деп атап көрсетілген. Себебі оның дәл осы номинацияда жеңіске жетуі – ақын Атабекті халықаралық ұйымның саяси тұтқын деп мойындағандығын білдіреді.

Бұл - адамды түрмеге қамағанмен поэзия мен прозаны қамап ұстау мүмкін еместігінің көрінісі дейді ақынның әйелі.

ЕҚЫҰ-ҒА ШАҒЫНУ

Дүйсенбі, қарашаның 29-ы күні көпке белгілі «Шаңырақ оқиғасы» бойынша жауапқа тартылған төрт азамат: Арон Атабек, Құрманғазы Өтегенов, Ерғанат Тараншиев және Рүстем Тұяқовтардың туыстары желтоқсанның 1-2-сінде Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммитіне қатысушылар мен ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жолдады. Олар өз туыстарына қатысты қылмыстық істің жалған екендігін айтып, жазықсыз түрмеде отырған ұлдарына қатысты қылмыстық істі қайта қарауды сұрап отыр.
14 жылға бас бостандығынан айырылған Рүстем Тұяқовтың анасы Райханның сөзінше, ұлының еш кінәсі жоқ. Ал сотта айтылғандардың барлығы азаптаудың нәтижесі.
Рахила Иманқұлова, сотталған Ерқанат Тараншиевтің анасы. Алматы, 29 қараша 2010 жыл

- Полицияға өз аяғымен барып, «мен жазықсыз екендігімді дәлелдеймін» деп барған балама істемегенді істеген. Ұрып-соққан, тісін түсіріп, батарейге байлаған, басына целлофан кигізіп, 17 қағазға қол қойдыртқан. «Сен Әсет Бейсеновтың өлімін мойныңа ал!» деген. Балам – ақ! Жас өмірі босқа кетіп жатыр, - дейді Райхан апай.

Қарт ананың сөзінше, тергеуде негізгі куәгер болған Айбатыр Ибрагимовтың кейінен барып, өз сөзінің жалған екендігін мойындағаны да іске еш әсер етпеген.

- Балаларымызға өтірік жала жапқан адамдар да өз кәнісін мойындады. Ең соңғы сотта Ибрагимов барып, «шындығымды айтамын; мені ұрып-соқты, маған осыларды көрсет дегеннен кейін көрсеттім» демекші болып еді, оны сөйлетпей қойды. Сондықтан біздің балаларымыздың ісін қайта қарауды сұраймыз, - дейді Райхан Тұяқова.

«ҰЛЫМДЫ КӨРМЕГЕЛІ ТӨРТ ЖЫЛДАН АСТЫ»

15 жылға бас бостандығынан айырылған Ерқанат Тараншиевтің анасы Рахила Иманқұлова, ұлын соттан кейін көрмегендігін айтады. Анасы жағдайының нашарлығынан Степнагорск колониясында жатқан ұлына әлі бара алмағандығын айтып, көзіне жас алды. Одан өзге жіберген сәлемдемесі белгісіз себептермен кері қайтып, ал соңғы бірнеше айда ұлынан мүлдем хабар ала алмай отыр.

- Екі айға жуық болды, мен ұлымнан не хат, не хабар ала алмай отырмын. Жіберген заттарым қайтып келіп жатыр. Астанаға жиналып жатқан жұрттан сұрарым, ұлыма жақсылық жасап, ең болмаса өз облысына, жақын жерге жеткізсе. Менің ұлым бекер босқа, біреудің көрсеткенімен кетіп отыр, - дейді Рахила апай.
Аят Темірбаев, «Шаңырақ ісіндегі» жауапқа тартылып, шартты түрде жазаға кесілген 20 азаматтың бірі. Алматы, 29 қараша 2010 жыл

Тергеу барысында ұсталғандарға қысым жасалып, азаптау фактілерінің болғандығын Аят Темірбаев та растап отыр. Аят - «Шаңырақ ісіндегі» жауапқа тартылып, шартты түрде жазаға кесілген 20 азаматтың бірі.

- Сот дұрыс жүргізілген жоқ, ешқандай дәлел болған жоқ. Тергеу амалдарының өзін өткен ғасырдағы қуғын-сүргінмен теңестіруге болады.
Сол кездегі маған көрсетілген ұрып-соғудың нәтижесінде денсаулығыма келген зиян әлі күнге дейін жазылмай келеді, - дейді ол.

Оның сөзінше, төрт жыл өткеннен кейін Шаңырақ тұрғындарына бәрібір жерлерін заңдастырып берді. «Билік өз дегенінен бәрібір танды. Енді сол кезде жазықсыз сотталғандарды ақтап, өз істері үшін кешірім сұрауы тиіс», - дейді Аят.

2006 жылғы шілденің 14-і өз бетімен қоныстанған жерлерден кетуді талап еткен жергілікті билікке қарсылық білдірген Алматыдағы «Шаңырақ» шағын ауданының тұрғындары құқық қызметкерлерімен қақтығысып қалған еді.

Жаппай қақтығыс кезінде Алматы қаласының Бостандық аудандық ішкі істер басқармасының 24 жасар тергеушісі Әсет Бейсеновтің үстіне белгісіз біреулер бензин құйып өртеп жіберген болатын. Денесінің 70 пайызы күйіп кеткен ол, 12 күннен кейін ауруханада көз жұмды.

Бұл іс бойынша қозғалған қылмыстық істі қараған Алматы қалалық соты 2007 жылғы қазанның 5-і осы оқиғаға кінәлі деп тапқан Арон Атабекті 18 жылға бас бас бостандығынан айыруға, ал Құрманғазы Өтегенов, Ерғанат Тараншиев пен Рүстем Тұяқовты 14-16 жыл аралығындағы мерзімге түрме жазасына кесуге үкім шығарған еді. Тағы 20 азамат 3 жыл мерзімге шартты түрде жазаға кесілді.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG