Accessibility links

Диссиденттің баласы әке жағдайын азапқа теңейді


Диссидент ақын Арон Атабек "Шаңырақ ісі" бойынша өткен сотта тұр. Алматы, 2007 жылдың қазаны.

Диссидент ақын Арон Атабек "Шаңырақ ісі" бойынша өткен сотта тұр. Алматы, 2007 жылдың қазаны.

«Шаңырақ ісі» бойынша сотталған Арон Атабекке ұлымен жүздесуге рұқсат берілді. Асқар Айдархан түрмедегі әкесімен кездесуден алған әсерлері туралы Азаттық тілшісіне сұхбат берді.

Асқар Айдархан Павлодар қаласындағы тергеу абақтысында отырған әкесі Арон Атабекпен шілденің 2-сі күні кешкісін кездескен. Азаттық тілшісімен сұхбатында Асқар Айдархан «әкеммен кездесу қысқа болып, онымен 45 минуттай ғана сөйлестім» дейді.

Ақын әрі диссидент Арон Атабек 2006 жылы шілденің 14-і күні бір полицей қаза тапқан «Шаңырақ оқиғасын ұйымдастырды» деген айыппен 18 жылға сотталған. Арон Атабек Алматы маңындағы Шаңырақ тұрғындарының баспана құқығы үшін күрестім деп санайды және тағылған айыпты мойындамайды. Оның жақтастары «Атабекті қылмыс жасады деп қудалаудың саяси астары бар» деп есептейді.

Бірер жылдан кейін Алматы қаласы әкімдігі Шаңырақ тұрғындарының даулы жерлері мен салған баспаналарын заңдастырды. Ал Арон Атабек жазасын өтеп жатыр. Қамауда отырған оны Қостанай облысы Арқалық қаласындағы «жабық» түрмеге жауып, «түрме ішіндегі түрмеге» қамау арқылы екі мәрте жазалаған. Былтыр желтоқсанда оны этаппен жөнелткенде климаты жұмсақтау әрі Алматыда тұратын отбасына жақын Алматы облысына жібереді деген болжам болған еді. Бірақ Арон Атабек климаты қытымыр Павлодардағы абақтыға түсті.

«ДЕНСАУЛЫҒЫ НАШАРЛАП КЕТКЕН»

Азаттық: - Асқар, әкеңізбен кездесу қалай өтті?

Арон Атабектің ұлы Асқар Айдархан.

Арон Атабектің ұлы Асқар Айдархан.

Асқар Айдархан: - Екеуміз қабырғамен ортасы бөлінген, бірақ бір-бірімізді көре алатын бөлмеде жеке отырып, телефон арқылы сөйлестік. Басында бір-бірімізді нашар естіп едік, кейін байланыс жөнделді.

Азаттық: - Әкеңіздің өңі қалай екен? Былтыр желтоқсанда Қаражалдағы түрмеде соңғы кездесуде көргеннен бері әкеңіздің денсаулығынан қандай өзгеріс байқадыңыз?

Асқар Айдархан: - Әкемнің өңі бұрынғысынан жүдеу. Былтыр желтоқсан айында көргеннен он килограмдай арықтағаны бірден білінді. Бір-бірімізді анығырақ көріп, есту үшін арамызды бөліп тұрған қабырғаға жақындамақ болып жылжыған оның әзер қозғалатынын байқадым. Әсіресе Шаңырақ оқиғасына дейін, 2006 жылдың мамырында Бақай тұрғындарының «баспанамызды бұздырмаймыз» деп өткізген наразылық акциясына қатысқан кезде жарақаттап алған сол аяғын қатты сылтып басады.

Азаттық: - Арон Атабек денсаулығына қатысты шағым айтты ма?

Асқар Айдархан: - Әкем - оңайлықпен шағымдана қоятын кісі емес, нағыз батыр адам. Бірақ «қолаяқ», яғни балдақ керек екенін айтты. Темірден жасалған кедір-бұдыр нарға жату мүмкін болмағандықтан, еденге жатып ұйықтайтынын айтты. Соның салдарынан қазір омыртқасы мен буындары қақсап ауырады екен.

Шаңырақ оқиғасын кезінде аяғынан жарақат алған Арон Атабек. Алматы, 13 мамыр 2006 жыл.

Шаңырақ оқиғасын кезінде аяғынан жарақат алған Арон Атабек. Алматы, 13 мамыр 2006 жыл.

Шаңырақ оқиғасы кезінде оның басына қатты соққы тиген. Әлгі соққыдан кейін сол көзі ауыра бастаған. Қазір көзінің ауруы асқынып кеткен әрі жүрегі ишемиялық дертке шалдыққан.

Әкеммен кездесуге кірер алдында оған сәлемдеме, яғни азық-түлік пен біраз зат жібердім. Қажет дәрі-дәрмектерін де берейін деп едім, оларды қабылдамай қойды.

«КАРЦЕР» ЖАЗУЫ БАР ЖҰМЫС КИІМІ

Азаттық: - Арон Атабек Павлодардағы тергеу абақтысындағы жағдайы туралы айтты ма?

Асқар Айдархан: - Оны көбінесе айып абақтысында (ШИЗО) ұстап отырғанын түсіндім. Ол жер тіпті жаздың өзінде суық әрі сыз, ал қыста мүлде суық. ШИЗО-дан шығарғаннан кейін оны «ПКТ» деп аталатын камералық типтегі бір адамдық орынға ауыстырады. Павлодар СИЗО-сына этаппен жеткізген кезде басынан, арқасынан таяқпен ұрыпты. Ол «серуенге шығарғанда кейде таяқтап алады» дейді.

Айтпақшы, оны осы жолы алғаш көрген кезде тігінен «Карцер» деп жазылған сары түсті жұмыс киіміне бірден көзім түсті. Әкемнің айтуынша, ол қысы-жазы осы киімді киеді екен. Қыста кигенде қатты тоңамын дейді. Мұны естігенде «әкемнің Павлодар абақтысындағы жағдайын азаптауға теңеуге болады екен ғой» деген ой келді.

Ол камерадағы өлеусіреген жарықтан не оқи, не жаза алмайтынын айтады. Қолынан қалам мен кітап түспейтін адамға бұл өте ауыр ғой.

Азаттық: - Арон Атабек жаза мерзімін өтеуі тиіс қатал режимдегі колонияда емес, неліктен тергеу абақтысында отыр?

Әкемнің әңгімесінен түсінгенім - Қаражал түрмесіне қарағанда, Қарағандыдағы абақтыда жағдайы мүшкіл болған. Ал Павлодардың СИЗО-сындағы жағдайы Қарағанды абақтысынан да нашар екен.

Асқар Айдархан: - Оны білмеймін. Былтыр желтоқсанның 4-інде, Қаражал түрмесінде менімен кездескен күннің ертеңінде оны этаппен жөнелткенін ғана білемін. Әлгі түрменің әкімшілігі маған «этаппен Алматы облысына жөнелттік» деген. Бірақ ол Қарағанды түрмесіне түсіп, бірнеше ай сонда отырған. «Жазасын өтеп біткенше сонда қалады екен» деген сыбыс тараған. Бірақ өзі өтініш бермей қалдырса, бұл заңсыз болар еді. Заң бойынша, өзі өтініш берсе ғана және тергеу абақтысында тиісті жағдай болса ғана сотталған адам жазасын тергеу абақтысында өтей алады. Ал әкем «СИЗО-да отырғым келеді» деп өтініш бермеген.

Енді оны Қарағандыдағы тергеу абақтысынан Паволдар қаласының СИЗО-сына ауыстырған. Әкемнің әңгімесінен түсінгенім - Қаражал түрмесіне қарағанда, Қарағанды қаласындағы абақтыдағы жағдайы мүшкіл болған. Ал Павлодардың СИЗО-сындағы жағдайы Қарағанды абақтысынан да нашар екен.

Азаттық: - Бұл жайында Арон Атабектің өзі не дейді? Оны бір СИЗО-дан екіншісіне неге ауыстыра береді?

Асқар Айдархан: - Әкем «түрмеде жазған поэзия, өлеңдерімде қазіргі режимді қатты сынағаным үшін менен осындай амалмен өш алып жатыр. Мені тезірек әлсіресін деп әлгіндей орындарды таңдап, әдейі жібереді. Кейін бірдеңе болса, «ажалы жетіп өлді» дей салмақ» деп болжайды.

Бірақ әкем тағдырына налып, мұңын шағатын осал адам емес. Қоштасарда «Шаңырақ тұрғындары мені ұмытып кетсе де, тағдырыма өкінбеймін» деді.

Азаттық: - Сұхбат бергеніңізге рахмет.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG