Accessibility links

Арон Атабектің отбасына асар жасап, қолдау көрсетті


Диссидент Арон Атабектің үйіне "асарға" келгендер шатырды жаңалап жатыр. Алматы, 29 қыркүйек 2012 ж.
Диссидент Арон Атабектің үйіне "асарға" келгендер шатырды жаңалап жатыр. Алматы, 29 қыркүйек 2012 ж.
Қазірде түрмеде отырған диссидент Арон Атабектің ескі пәтерінің шатыры қайта жаңартылды. Бұл жұмыс қазақтың асар деп аталатын көне дәстүрімен атқарылды.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ БАСТАМА

Қыркүйектің 29-ы күні таңертеңнен Алматыда бір топ қоғам белсенділері диссидент ақын Арон Атабектің шаңырағына келді. Қазірде Қарағанды облысындағы Қаражал түрмесінде сот жазасын өтеп жатқан ақынның отбасы – әйелі Жайнагүл, ұлы Асқар мен қызы Айдана Алматының Түркісіб ауданындағы жалғыз қабатты, төрт пәтерлі ескі барак үйдің бір пәтерінде тұрады.

Асар – отбасының жалғыз өз күші жетпейтін шаруаны көпшіліктің жұмыла кірісіп атқаратын, қазақ халқында бұрыннан келе жатқан дәстүр.

Асарға жиналғандардың бірі саясаткер Серікжан Мәмбеталин асар өткізу туралы бастама осыдан бір айдай уақыт бұрын Facebook әлеуметтік желісінде көтерілгенін
Арон Атабектің отбасы тұрып жатқан үйдің бөлігі (шатыры жабусыз тұсы). Алматы, 29 қыркүйек 2012 ж.
Арон Атабектің отбасы тұрып жатқан үйдің бөлігі (шатыры жабусыз тұсы). Алматы, 29 қыркүйек 2012 ж.
Азаттық тілшісіне айтып берді.

— Мен бүгін өз көзіммен көргенге дейін Арон Атабектің бала-шағасы осындай ауыр жағдайда тұрады деп ойламаған едім, — деді Серікжан Мәмбеталин.

Асарға келгендердің бірі 50 жастағы Бейбіт Әбдіғұлов Арон Атабектің отбасы осындай қиын жағдайда тұрып жатқанына халық үшін өз намысы келетінін айтады.

Ерсілі-қарсылы қос бөлме және ас бөлмесі бар пәтердің арнайы жуынатын орны жоқ, әжетхана аулада орнатылған. Сырттан кірген адам әуелі бірден ас бөлмеге тап болады, одан әйелдердің жатын бөлмесіне өтесің. Ары қарай жүргенде және бір бөлме, ол бөлменің есігі аулаға шығады.

Бүгінгі асарды ұйымдастырушылардың бірі, қоғам белсендісі Ермек Нарымбаевтың айтуынша, әлеуметтік желідегі бастама қоғам тарапынан қолдау тауып, жұрт қаржылай және өзгедей көмек көрсеткен.

— Арон Атабек қазақ халқы үшін түрмеде отыр. Аронның өзіне жәрдемдесе алмасақ, енді тым болмағанда жұрт болып оның шаңырағына көмектесуіміз керек. Бүгін біз үйдің шатырын жөндемекпіз, — деді Ермек Нарымбаев.

Асарға қатысып жүрген жастардың бірі Әнуар Шотпаев бұл жерге саяси мақсатпен емес, жүрек қалауымен келгенін айтады. Әйткенмен саясатқа қатысты пікірін де іркіп қалмады:

— Біз, жастар, тек Арон Атабектің үйінің шатыры ғана емес, қазірде кейбір тұсы «тозып кеткен», ал кейде тіпті мүлде «тайып кететін» биліктің шатырын да жөндеп, орнына қоя аламыз.


ШАТЫРДЫ ЖӨНДЕУ

Бұл жер Алматының шеткірек жағы болғандықтан Арон Атабектің үй-ішіндегілер Алматының орталығына барарда «қалаға кеттім» деп айтады.

Асаршылар диссиденттің үйіне келгенде Жайнагүл Айдархан «қалаға кетіпті». Олар Жайнагүлді күтпей, шатырды жөндеуге бірден кірісіп кетті. Шатырдағы әбден шұрық тесік болып тозған шиферді алып тастап, орнына өздерімен бірге алып келген арнайы
Айдана Айдархан, диссидент Арон Атабектің қызы. Алматы, 29 қыркүйек 2012 ж.
Айдана Айдархан, диссидент Арон Атабектің қызы. Алматы, 29 қыркүйек 2012 ж.
металл төсеніштерді жауып, жаңалады. Сонымен бірге, еденді түзеп, жөндеуге қажетті линолеум, цемент және басқа материалдар әкелінді.

Азаттық тілшісіне диссиденттің қызы Айдана анасын күтпей асаршыларға түскі ас дайындау қамына жалғыз өзі кірісіп кеткенін айтты.

Сәлден кейін «қаладан» келген Жайнагүл Айдархан үйін асар жасап жөндеуді алғашында өзінің қош көрмегенін біздің тілшімізге айтып берді.

— Жоқ, әрине, үйді жөндеу керек қой, оның үстіне шатырдан су ағады. Бірақ мен у-шу, дабыра қылуды қалаған жоқпын, бұл үйдегі өзіме үйреншікті аураны бұзғым келмеді. Алайда су құбырын ауыстырған кезде қыс түскенге дейін осының бәрін атқаруға бір өзімнің ғана шамам жетпейтінін түсіндім. Сондықтан, Серікжан Мәмбеталин «көпшіліктің күшімен асар өткізіп жөндейік» деген ұсыныс айтқанда келістім.

Жайнагүл аура туралы айтқан сөзі ұғынықты болуы үшін қызы Айдананың 11 жасында салған суретін көрсетті. Онда футбол ойнап жүрген құдай мен шайтанның командалары доп ретінде жер шарын теуіп жүр. Бұл ойынға өткен әлем
Диссидент Арон Атабектің қызы Айдана Айдархан 11 жасында салған сурет. Алматы, 29 қыркүйек 2012 ж.
Диссидент Арон Атабектің қызы Айдана Айдархан 11 жасында салған сурет. Алматы, 29 қыркүйек 2012 ж.
чемпионаттарында есімі танымал болған итальяндық рефери Калинаның төрелік етіп жүргені бейнеленген. Жайнагүлдің айтуынша, Арон Атабекті үй-ішіндегілермен байланыстырып тұрған бұл сурет оған өте қымбат екен.

— Аронның футбол десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйер екенін көрсеңіз ғой. Футбол өтіп жатқанда біз барлығымыз жиналатынбыз — ол футбол көретін, ал біз оның қылығын тамашалайтынбыз. Бұл сурет үшін сыйлыққа кроссовка алғаны бар. Арон сол кроссовканы үш жыл киді. Айтпақшы, алдағы қаңтарда ол 60 жасқа толады, — дейді Жайнагүл.

Арон Атабек 2006 жылы Алматы қаласындағы Шаңырақ оқиғасына қатысты қылмыстық жауапқа тартылып, 2007 жылы күзде 18 жылға сотталған. Қазір ол Қарағанды облысындағы Қаражал түрмесінде жазасын өтеп жатыр. Оның жақтастары Шаңырақ оқиғасы кезінде Арон Атабектің баспанасын қорғап шыққан қарапайым жұртқа қарсы биліктің күш қолдануына жол бермеуге тырысқанын айтады. «Шаңырақ ісі» бойынша бірнеше адам сотталған еді.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG