Accessibility links

Арон Атабекке Польшаның сәлемдемесі жетпеді


Арон Атабек, 18 жылға сотталған диссидент. Алматы, 2007 жылғы ақпан

Арон Атабек, 18 жылға сотталған диссидент. Алматы, 2007 жылғы ақпан

Саяси тұтқын Арон Атабекке арналған аяқ киім бірнеше айдан соң сәлемдемені Польшадан жіберген белсенді Балли Мажецке қайтып оралды. ҚАЖК заң бойынша қайтарғанын айтады.

Польшадан саяси тұтқын Арон Атабекке сәлемдеме ретінде жіберілген аяқ киім төрт айдан соң иесі Балли Мажецке қайтып келді. Сәлемдеме екі ай бойы тұтқын отырған Арқалық түрмесінде жатқан болып шықты. Бұл туралы Польшада тұратын белсенді Балли Мажец хабарлады.

– Мамырдың басында Аронға бандероль жібергенбіз. Ол хатында аяқ киімі жоқ екенін жазған. Көңілімізді білдіру үшін оған жеңіл аяқ киім салып жіберейік деп шештік. Кеше ғана бандероль мыңдаған шақырым жол жүріп отырып қайта айналып келді. Арон Атабекке аяқ киім жетпепті. , – дейді Балли Мажец.

Оның сөзінше, бұл әрекет - "Қазақстандағы қарсыласу қозғалысының жетекшілерінің бірі Арон Атабекке опасыз билік жасаған қысастық".

– Ол ылғи Ақордаға қарсы шығып жүрді. Түрме басшылығы оған Еуропадағы отандастары жіберген сәлемдемені бере салса нелері кетер еді? Ол бірнеше рет жаздық аяқ киімі жоқ екені туралы жазып еді. Былтырғы ескі етігін киіп жүргенін айтқан. Міне, осындай ұсақ-түйек арқылы билік халықтың Аронға деген махаббаты үшін одан кек алған болады. Басқа себеп ойыма келмей тұр, – деді белсенді.
Балли Мажец, қоғамдық белсенді. Прага, 27 сәуір 2009 жыл

Балли Мажец, қоғамдық белсенді. Прага, 27 сәуір 2009 жыл


«Қазпоштаның» сайты арқылы сәлемдемені нөмірі бойынша іздегенде оның Польшадан мамырдың 8-і күні жөнелтіліп, Қазақстанға маусымның 15-і күні жеткені анықталды. Ары қарай сәлемдеме расында да 23 маусым мен 3 қыркүйек арасында Аркалықта жатып, кері қайтарылған.

Азаттық тілшісі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне (ҚАЖК) хабарласқанда баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымжан Хасенов бұл жағдайға қатысты комментарий берді.
Қамауда жатқандарға арнайы киім мен етік береміз. Сол себепті жазғы аяқ киімге мұқтаждық жоқ.

– Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес тұтқын қатаң режимде жатқан болса, жылына бір-ақ сәлемдеме (посылка, бандероль немесе передача) алады. Егер жалпы режимде жатса, жылына екеу алады. Ол бұған дейін сәлемдеме алған болар. Сол себепті тыйым бар шығар. Одан бөлек қамауда жатқандарға арнайы киім мен етік береміз. Сол себепті жазғы аяқ киімге мұқтаждық жоқ, - деді ол.

Арон Атабек (Едігеев) 2007 жылғы қазанда 18 жылға сотталған еді. Оған 2006 жылғы шілдеде "Шаңырақ" ықшамауданында болған билікке қарсы наразылық шарасы кезінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айып тағылған. Қақтығыс кезінде бір полицей өлген болатын.

Арон Атабек Қостанай облысындағы УК-161/12 түрмесінде жазасын өтеп жатыр. Адам құқығын қорғаушылар оны диссидент және саяси тұтқын деп таниды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG