Accessibility links

Арон Атабек Алматыға жақын колонияға жіберілді


Диссидент Арон Атабек Алматы изоляторында. Ақпан, 2007 жыл
Диссидент Арон Атабек Алматы изоляторында. Ақпан, 2007 жыл

Қамаудағы ақын, әрі диссидент Арон Атабек Қаражал түрмесінен өзінің тұрғылықты жеріне жақын колониялардың біріне ауыстырылмақ.

Арон Атабек қамауда отырған Қаражал қаласындағы АК 159/22 колониясының әкімшілігі Азаттық тілшісіне оның кеше, желтоқсанның 4-і күні Қарағандыға жөнелтілгенін, әрі қарай Алматы қаласына, не болмаса Алматы облысына қарай әкетілуі мүмкін екенін растады.

«ЖАЗАСЫ ӨЗГЕРМЕЙДІ»

Диссидент Арон Атабектің Қаражал колониясынан ауыстырылатыны туралы алғашқы ақпарат қоғамдық белсенді Бахытжан Төреғожинаның Facebook парақшасында жарияланған болатын. Оның жазуынша, желтоқсанның 3-і күні Арон Атабекпен оның адвокаты Василий Садықов және ұлы Асқар Айдархан кездесіп, апарған заттарын тапсырған.

Азаттық тілшісі сөйлескен адвокат Василий Садықовтың сөзіне қарағанда Арон Атабекті Қаражал колониясынан өзінің бұрынғы тұрғылықты жеріндегі колониялардың біріне ауыстыру туралы қылмыстық атқару жүйесі комитетінің шешімі шыққан.
Арон Атабек өлең оқыған видеоны тамашалап тұрған адамдар. Астана, 11 қыркүйек 2010 жыл.
Арон Атабек өлең оқыған видеоны тамашалап тұрған адамдар. Астана, 11 қыркүйек 2010 жыл.

- Арон Атабек желтоқсанның 4-і күні этаппен жөнелтілді. Қаражал қаласы шалғай өңірде жатыр. Алматы жаққа, яғни туыстарына жақын жерге ауыстырылуын жақсы хабар ретінде қабылдаймыз. Өткен қараша айында оны қайтадан Арқалықтағы түрмеге ауыстыру туралы да сөз болған. Прокуратура наразылық білдіргендіктен ол жоспар жүзеге аспай қалды, - дейді адвокат.

Василий Садықовтың пікірінше, Арон Атабектің қай өңірге жеткізілетіні әзірге беймәлім, оны Алматы қаласының, не болмаса Алматы облысының қылмыстық атқару департаменті анықтауы мүмкін.

- Арон Атабектің өзімен желтоқсанның 3-і күні кездестік, ол жағдайды түсініп отыр. Оны тұрғылықты жеріне қарай жақындатқанымен жаза мерзімі азаяды деген ой тумауы керек. Өйткені қолданыстағы заң бойынша «аса ауыр қылмыс жасағандарға» рақымшылық та жасалмайды, мерзімі де азайтылмайды, - деді Василий Садықов.

«САЯСИ ТҰТҚЫН»

Биыл қараша айында кассациялық сот Арон Атабекті екі жылға Арқалықтағы «жабық» түрмеге ауыстыру туралы былтыр шыққан сот шешімінің күшін жойған еді. Арон Атабек (Едігеев) Қостанай облысы Арқалық қаласындағы «жабық» түрмеден Қарағанды облысындағы Қаражал колониясына этаппен жіберілді. Қарашаның 6-сы күні оның ұлы Асқар Айдархан Азаттық тілшісіне «Ол енді 18 жылдың қалған мерзімін осында өтеуі тиіс» деп хабарлаған болатын.

Арон Атабектің ұлы Асқар Айдархан прокуратураның өз бастамасымен қарсылық білдіруін және оны кассациялық соттың оң қабылдауын «биліктің Астанада өтетін Expo 2017 халықаралық көрмесі алдында халықаралық қауымдастықтың алдында жақсы көрінгісі келгенінің дәлелі» деп түсінеді.

Биыл қазақстандық бірнеше құқық қорғау ұйымы Арон Атабекті «саяси тұтқын» деп таныған.

Ақын, әрі диссидент Арон Атабек «2006 жылдың жазында Алматыдағы Шаңырақ ықшам ауданындағы үйлерді бұзу кезінде билік өкілдеріне қарсылық әрекеттерін ұйымдастырды» деген айыппен 2007 жылдың қазанында 18 жылға сотталған. Полиция мен Шаңырақ тұрғындарының қақтығысы кезінде бір полицей қаза тапқан еді.

Арон Атабек – Қазақстан демократиялық күштері тағайындаған «Азаттық» сыйлығының, «Шығармашылық еркіндігі» (Freedom to Create) халықаралық сыйлығының «Тұтқындағы шығармашылық иесі» номинациясының лауреаты. Оған бұл сыйлықтар сырттай табысталды.
XS
SM
MD
LG