Accessibility links

Атабекті қолдаушы жастар Жовтисті мысал етеді


Ұлан Шамшет, азаматтық қоғам белсендісі. Алматы, 6 сәуір 2010 жыл

Ұлан Шамшет, азаматтық қоғам белсендісі. Алматы, 6 сәуір 2010 жыл

Facebook желісінде «Арон Атабек пен Шаңырақ оқиғасы бойынша сотталған жастар бостандығы үшін!» деген топ құрылды. Оны құрушылар жұртқа Арон Атабек туралы көбірек мәлімет бере отырып, қоғам белсендісін бостандыққа шығаруды талап етеді.


Бастамашылар 2009 жылы көлік апатына қатысты сотталып, биыл бостандыққа шыққан құқық қорғаушы Евгений Жовтисті қамаудан ерте босатуды талап етуші азаматтық қозғалыстың халықаралық деңгейге көтерілгенін мысал етеді.

Олар 2006 жылғы Шаңырақ оқиғасына байланысты айып тағылып, 18 жылға сотталған Арон Атабек те ұмыт қалмауы тиіс деп санайды.

FACEBOOK БУЫНЫ

Әлеуметтік желілер Қазақстандағы азаматтық қоғамның белсенділігін арттыра бастаған факторлардың біріне айналды. Арон Атабекке қолдау көрсететін 1500-ге жуық мүшесі бар Facebook-тегі («Фейсбук») бастамашыл топ өкілдері "диссидент ақын, қоғамдық белсенді Арон Атабек қамауда емес, халықтың ортасында болуы керек" деп есептейді.

- Қазақстанға дәл қазір Арон Атабек сияқты нағыз патриот, ел арасында беделі бар, халықтың мүддесін шын жүрегімен ойлайтын жетекші керек, - дейді азаматтық қоғам белсендісі Қадыр Қошқаров Азаттыққа берген сұқбатында.

Қадыр Қошқаровтың ойынша, әлеуметтік желілер, оның ішінде Facebook арқылы қазақтар да өз елі мен әлемде болып жатқан көп жайттан хабардар бола бастаған.

«ХАЛЫҚ ҮШІН БАС ТІГУ – БАТЫРЛЫҚ»

Азаматтық қоғам белсендісі Ұлан Шамшет "Арон Атабек халықтың мүддесін қорғау жолында түрмеде отыр, оны ісін қайта қарауды талап етеміз" дейді:

- Біз Арон Атабекке тағылған айыпты әділетсіз деп қараймыз, оның ісі ұлттық деңгейдегі іс ретінде қайта қаралуы тиіс... [Оның] қазақ азаматтарының үй мәселесін қорғап, халық үшін осылай бас тігуін батырлық деп есептеймін, - дейді Ұлан Шамшет.

Қадыр Қошқаровтың айтуынша, қазақстандық ақпарат құралдарының көбі мемлекетке қарағандықтан, онда Арон Атабек сияқты «халықтың адамы» жайлы айтылмайды.
Арон Атабек, қоғам белсендісі, диссидент ақын. Шаңырақ ауылы, 14 шілде 2006 жыл

Арон Атабек, қоғам белсендісі, диссидент ақын. Шаңырақ ауылы, 14 шілде 2006 жыл


- Халықтың көбі Арон Атабекті, оның Шаңырақ ісіне қатысты сотталғанын білмейді, себебі телеарналар ол туралы сонша көрсеткен жоқ. Қазақ интеллигенциясы Арон Атабек туралы білгенімен, қарапайым халық ол туралы көп біле бермейді. «Ол кім, Қазақстан үшін не жасады?» деп сұрайды. Сол жағдайдан кейін біз Арон Атабек туралы көбірек хабар тарататын топ құрдық, - дейді азаматтық белсенді.

Бастамашыл топ жетекшісі Қадыр Қошқаров:

- «Арон Атабек босатылсын!» деген талабымызды билікке жеткізуге күш саламыз. Егер олардан жауап болмаса, халықаралық ұйымдарға өтініш жазамыз, ең ақыры митинг өткізіп, халықтың дауысын жеткізуге тырысамыз, - дейді.

САЯСИ ТҰТҚЫНҒА ТЕҢЕУ

Ал Ұлан Шамшет «Шаңырақ ісін» ұмытпас үшін Арон Атабекті саяси тұтқын деп қарастыруымыз керек деген пікір айтады.

Ол «Арон Атабек босатылсын» деген талапты алты жылдан кейін қоя бастауына түрмеде отырып шыққан құқық қорғаушы Евгений Жовтис сияқты азаматтың босатылуы түрткі болды деп санайды.
Арон Атабектің ісі көрінбей қалды. Шаңырақ оқиғасы ұмытылып барады. Оның түрмеде отыруы мына қазақ қоғамының әлсіздігін көрсетіп отыр.
- Жасыратыны жоқ, қазақ қоғамының санасы енді-енді ғана оянып келе жатыр. Мысалы, Жовтис түрмеде отырған кезде мен өзім де Жовтиске болысып кеттім. Себебі Жовтисті қорғайтын ынталы топтың қазақ қоғамына қарағанда, саяси мәдениетінің жоғарылығы көрініп тұрды. Жовтистің артында көптеген қоғам қайраткерлері тұрды, шетелде оның лоббиі күшті болды. Ал Арон Атабектің ісі көрінбей қалды. Шаңырақ оқиғасы ұмытылып барады. Оның түрмеде отыруы мына қазақ қоғамының әлсіздігін көрсетіп отыр. Өзіміздің батырымызды өзіміз қорғамасақ, бізге шетелден келіп, ешкім көмектесе алмайды, - дейді Ұлан Шамшет.

«Арон Атабек пен Шаңырақ оқиғасы бойынша сотталған жастар бостандығы үшін!» деген топты құрушылар: «Жақында Жаңаөзен оқиғасы бойынша қамалған журналист Игорь Винявский де осындай бастамашыл топтың акциялары арқылы бостандыққа шықты. Бірақ осыған ұқсас айыппен қамалған тағы бір белсенді Серік Сапарғалиді қолдайтын ондай шаралар өтпегендіктен, ол әлі қамауда отыр» деп ойлайды.

2006 жылы Алматы қаласының түбіндегі Шаңырақ ауылында «заңсыз салынды» деп танылған үйлерді жергілікті билік орындары қирата бастағанда, тұрғындар қарсы көтеріліп, полициямен арада қақтығыс болған еді. Бұл оқиға кезінде бір полиция қызметкері ауыр жараланып, қаза тапқан.

Шаңырақ оқиғасына қатысты қоғам белсендісі Арон Атабек «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырған» және «полиция қызметкерін қасақана өлтірген» деп айыпталып, 18 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Қазір ол Қаражалдағы АК 159/22 түрмесінде отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG