Accessibility links

Арон Атабек қайтадан екі жылға «жабық» түрмеге кетті


"Шаңырақ ісі" бойынша сотталған Арон Атабек. Алматы, қазан 2007 жыл.

"Шаңырақ ісі" бойынша сотталған Арон Атабек. Алматы, қазан 2007 жыл.

Арқалық қаласындағы ерекше режимдегі түрме басшылығы диссидент Арон Атабектің мұнда этаппен жеткізілгені туралы ақпаратты растады. Диссиденттің жақтастары «үкімнің саяси астары бар» деген пікір айтады.

«Шаңырақтағы тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды» деген айыппен 18 жылға сотталған диссидент Арон Атабек (Едігеев) Қазақстанның ең қатал түрмесіне тағы да тап болды. Арқалықтағы жабық түрмені жұрт «крытка» деп атап кеткен. Әйелі Жайнагүл Айдарханның айтуынша, Арон Атабек бұл жолы Қазақстан билігін сынап жазған кітабы үшін жазаланған.

АРҚАЛЫҚҚА БІРІНШІ «САПАР»

«Жұбайымды Арқалық абақтысында азапқа бергісіз ауыр жағдайда ұстап отыруы мүмкін» деп алаңдайды Жайнагүл Айдархан.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Қостанай облысы бойынша департамент бастығы, полковник Азамат Базылбеков Арон Атабектің түрмедегі жағдайы туралы сауалға:

– Ештеңе айта алмаймын. Ол жалпы ережеге сай камерада отыр, – деп жауап берді.

Азаттық тілшісінің бұл сауалына Арқалық түрмесінің қызметкері, өзін «түрме бастығының орынбасарымын» деп атаған адам да:

– Бізде азаптау-қинау деген атымен жоқ. Ол кәдімгі камерада отыр. Бәрі жақсы, – деп жауап қайтарды.
Шаңырақ оқиғасы кезінде жараланған Арон Атабек. Алматы, Шаңырақ, 14 шілде 2006 жыл.

Шаңырақ оқиғасы кезінде жараланған Арон Атабек. Алматы, Шаңырақ, 14 шілде 2006 жыл.


Бірақ Арон Атабектің жұбайы Жайнагүл Айдарханның айтуынша, «Бұл - уақытша жағдай. Арон қазір түрмедегі карантинге байланысты ғана жалпы камерада отыр. Карантиннен кейін оны бір кісілік тар камераға ауыстырады. Онда қатаң режим, күні бойы тұрып тұрады, видеокамера бақылауы орнатылған».

2006 жылдың шілде айында болған Шаңырақ оқиғасына қатысты айыпталып, 18 жылға түрмеге кесілген Арон Атабек жазасын өтеу үшін алдымен Қарағанды облысының Қаражал қаласындағы қатаң режимдегі колонияға жіберілген еді.

2010 жылдың ақпанында түрмеде тағы бір сот отырысы болып, Атабек «түрме әкімшілігіне бағынбады» деген айыппен жалпы жаза мерзімі ұзартылмай, екі жылға күшейтілген түрмеге кесілген. Арон Атабек 2010 жылдың сәуір айында Арқалықтың «крытка» деп аталатын жабық түрмесіне жіберілді. Ол жерде хат-хабар алмасуға, ешкіммен жолығуға рұқсат берілмей, екі жыл ақпараттық қапаста отырды. Арон Атабек бұл жазаны интернетте жарияланған «Назарбаевщина и революция» мақаласы мен «Назарбаевщина и поэзия» деген өлеңдер топтамасы үшін алғанын жазды.

2012 жылдың наурызында Арон Атабек Арқалық түрмесінен Қаражалдағы қатаң тәртіптегі колонияға қайтарылды. Ал 2012 жылдың желтоқсанында Арқалық абақтысына екі жылға қайта жөнелтілді.

«КРЫТКАҒА» ЕКІНШІ «САПАР»

Жақтастарының күш салуы арқасында Facebook әлеуметтік желісінде Арон Атабектің жеке парақшасы ашылып, онда автордың «Еуразия кіндігі» деп аталатын жаңа кітабы жарияланды. Арон Атабектің туыстары «осы кітаптың жарық көруіне байланысты оны Арқалыққа екінші рет жіберді» дейді.

2012 жылдың қарашасында Арон Атабекке қатысты тағы бір сот болып, оны «тәртіпті өрескел бұзды» деген айыппен Арқалықтағы түрмеге 2012 жылы желтоқсанның басында жіберді. Қаражал мен Арқалық қалаларының арасында теміржол болмағандықтан, Атабек біраз уақытын Астанадағы айдауға жөнелтетін аралық түрмеде өткізді.
Арон Атабектің жұбайы Жайнагүл Айдархан. Алматы, 1 маусым 2010 жыл.

Арон Атабектің жұбайы Жайнагүл Айдархан. Алматы, 1 маусым 2010 жыл.


– «Түрме ережесін 30 тармақ бойынша бұзды» деген айыппен желтоқсанның 4-і күні Арқалықтың күзеті күшейтілген түрмеге екі жылға бір адамдық камерада отыру жазасына кесті. Бұл жолы оны интернетте жарияланған «Еуразия кіндігі» еңбегі үшін жазалап отыр. Қолжазбаны жаз бойы еңбектеніп жазып шықты. Арманы орындалды. Қолжазба интернетте жарияланды. Бірақ өтеуі қандай болды! – дейді Жайнагүл Айдархан Азаттық тілшісіне.

Жайнагүл Айдарханның айтуынша, бұл шығарманың тағдыры қиын болған. Арон Атабек кітаптың қолжазбасын 2012 жылы Қаражал түрмесінен Арқалыққа ауыстыру кезінде ұрлатып алған. Атабек бұған полицейлерді кінәлайды.

– Ол «Еуразия кіндігі» деген кітабының қолжазбасының бірнеше данасын жасапты. Алайда оны Арқалық түрмесінен Қаражалдағы абақтыға этаппен жібергенде қолжазбасының барлық көшірмесін ұрлатып алыпты. Бірақ «қолжазба жанбайды» деген сөз бар ғой. Қаражалға келгесін қолжазбаның кейбір тұстарын жадында жаңғыртып, кей тұстарын тұтқында отырғандар жіберген жазбаларына қарап қайта жазып шықты, – дейді Жайнагүл Айдархан.

«КРЫТКА» – ТҮРМЕ ІШІНДЕГІ ТҮРМЕ

Жайнагүл Айдархан Арон Атабектің қазақстандық басылымдардың біріне берген сұхбатында айтқан мына сөзін еске салды: «Абақтыда отырудың өзі адамға ауыр тиетін қасіретті жағдай болғандықтан, оның азабын одан сайын қиындатпау керек. Ал бүкіл қылмыстық-атқару жүйесі тұтқындардың онсыз де тақыл-тұқыл мардымсыз тамағына көз алартып, семіріп жатыр. Оның үстіне еңсе көтертпей таптайды. Мұнда азаптау, қинау, «гарем», ашық түрде кісі өлтіру сияқты істер қалыпты жағдайға айналған. Зонадағы жүгенсіздік қазір тіпті өршіп кетті. Сыртқа ақиқаттың аз ғана бөлігі шығады. Ал іс жүзінде «жұмбақ өлім» көп. Сәл табандылық көрсеткісі келген, адамдық қасиетін танытқысы келген жандардың бәрін басып-жаншып тастайды. Әсіресе «Карлагта» отырған тұтқындардың жағдайы мүшкіл».

Арқалық абақтысындағы тұтқындардың жағдайы туралы Азаттықта нақты дерек жоқ. Алайда Арон Атабектің бұл түрмеде бірінші отырған кездегі жағдайы туралы Азаттық бұрынырақта жазған еді. Жұбайы Жайнагүл Айдарханның айтуынша, Атабек өмір бойы түрмеге кесілген азаматтар қамалатын учаскеде отырыпты.
Арон Атабектің Алматы абақтысында (СИЗО) жасырын түсірілген суреті. Алматы, ақпан 2007 жыл.

Арон Атабектің Алматы абақтысында (СИЗО) жасырын түсірілген суреті. Алматы, ақпан 2007 жыл.


– Ол жерде бір кісілік камераның ішіндегі темір торда отырды. Камера ішіндегі темір тордың біреуі терезе орнатылған қабырғадан, ал екіншісі есіктен бөліп тұрады, – дейді Жайнагүл Айдархан.

Жұбайының айтуынша, Арқалық абақтысындағы азаптауға бергісіз ауыр жағдайдан Арон Атабектің көзі нашарлап, денсаулығы сыр берген. «Крыткада» отырған екі жыл ішінде Арон Атабектен бір рет қана хат алғанын, ал қалған хаттары жетпегенін, телефонмен бір рет те сөйлесе алмағанын айтқан Жайнагүл Айдархан:

– Арқалық абақтысында ол басқа бірде-бір тұтқынды көрмепті. Өмірлік жазаға кесілгендер қамалатын учаскедегі бір кісілік камерада отырған кезінде оны серуенге алып шыққанда басын тұмшалап, қап кигізіп шығарады екен. Шалынысып құлап қалып, аяғын сындырып алмас үшін күзетшілер кейін оның басына қап кигізуді қойыпты. Әрине, оны аяғандықтан емес, алда-жалда аяғын сындырып алса, Аронды арқалап жүрмес үшін, – дейді.

Оның ойынша, «тағы екі жылды Арқалық түрмесінде өткізу жасы келіп қалған Аронға қиын тиеді»:

– 2013 жылдың 31 қаңтарында ол 60-қа толады. Егер қоғам оны жиі еске алып, түрме әкімшілігін жиірек мазалайтын болса, біраз серпіліп қалар еді, – дейді Жайнагүл Айдархан.

Арон Атабек Арқалық түрмесінде бірінші рет отырғанда інісі Рашид барып, онымен жолыға алмай, заттарын ғана беріп қайтқан көрінеді.

– Маған айтуларынша, теледидар мен видеоплеер беріпті. Оларды түрмеде бір жылын өтеген соң пайдалануға рұқсат етіпті. Әлгі заттар Арқалық түрмесінен кеткен соң жоғалып кетті. Мұны Аронға көмектескісі келетін біреулер болса, Арқалықтағы түрмеге ескі болса да шағын теледидар мен видеоплеер беріп жіберуіне болады деп айтып отырмын. Түрмедегі есеп шотына аздаған қаражат, мысалы, 5 мың теңгедей ақша аударуға болады. Ол мұндай жәрдемге мұқтаж. Түрменің тамағын жеу мүмкін емес қой. Бұрынырақ Серікжан Мәмбеталин «таксофоннан сөйлесіп тұрсын» деп, 10 мың телефон бірлігінің карточкасын беріп жіберген еді. Бірақ Қаражал колониясында таксофон істемейді. Арон енді Арқалық түрмесінде карточканы пайдалана ала ма, жоқ па - білмеймін, – дейді Жайнагүл Айдархан.

АЙДАУДАҒЫ ӘҢГІМЕ

Жайнагүл Айдарханның айтуынша, Арон Атабек Астанадағы айдауға жөнелтетін аралық түрмеде отырған кезінде бала-шағасымен сөйлескен.
Арон Атабектің жары Жайнагүл Айдархан (оң жақта) және ұлы Асқар Айдархан (ортада) Ұлыбритания астанасы Лондондағы Қазақстан елшілігі алдында пикет өткізіп тұр. 5 қазан 2012 ж.

Арон Атабектің жары Жайнагүл Айдархан (оң жақта) және ұлы Асқар Айдархан (ортада) Ұлыбритания астанасы Лондондағы Қазақстан елшілігі алдында пикет өткізіп тұр. 5 қазан 2012 ж.


– Ол «өлтірсе де басымды имеймін» деді. Бізбен сөйлескенде де жігерлендіріп, психологиялық тұрғыдан демеуге тырысты. Оның үнінен күш-қайраттың, оптимизмнің лебін сездік. Рас, дауысын естіп, «Тістері түсіп қалған ба?» деп ойладым. Сөйтсем, Арқалық абақтысына алғаш түсердің алдында Қаражал түрмесінде арандату болып, төбелескенде алдыңғы тісінен айырылыпты. Төбелесте Арон әлгі «бұқаның» сазайын беріпті, – дейді диссиденттің зайыбы.

Жайнагүл Айдархан Арон Атабектің денсаулығына шағымданбағанын айтады.

– Журналистерге берген сұхбатында «екі жылды сүңгуір кемедегі сияқты, сыртқы дүниемен ешбір байланыссыз өткізетін болдым» деген еді. Мына режим оның үні қоғамға, ал қоғамдық пікір оған жетпес үшін оны сыртқы әлемнен бөлектеп тастағысы келеді. Ол журналистер мен қоғам қайраткерлеріне, саясаткерлер мен нағыз патриоттарға ғана үміт артып отыр. Өзіне және жақын туыстарына Қазақстан мен шетелден көрсетіліп жатқан қолдауға Арон ризашылығын білдіреді, – деді тұтқындағы диссиденттің жұбайы.

Жайнагүл Айдарханның айтуынша, Арон Атабек өзін ғана емес, 2012 жылдың аяғында сотталған азаматтық белсенді Вадим Курамшин мен оппозициялық саясаткер Владимир Козловты да «саяси және ар-ұждан тұтқыны» деп есептейді:

– Арон «Қазақстанның саяси және ар-ұждан тұтқындары наразылық процестерін қозғаушы катализатор болса екен» деп тілейді. Ол «түрмеде отырған біздің есімдерімізді мына режимді құлату үшін таран ретінде пайдалану керек» дейді.

ШАҢЫРАҚ ОҚИҒАСЫ

2006 жылы шілденің 14-і күні Алматының Шаңырақ шағын ауданында болған оқиғалар кезінде ауыл тұрғындары полицейлерге қарсы шықты. Қала билігі полицейлердің көмегімен тұрғындардың үйін бұзуға тырысқан кезде қақтығыс болып, бір полицей қаза тапты. Осы оқиғадан соң Арон Атабек пен Шаңырақтың бірнеше тұрғыны «ауыр зардаптарға соқтырған тәртіпсіздіктер ұйымдастырды» деген айыппен ұзақ мерзімге сотталды.
Ақын Арон Атабектің ұлы Асқар Айдархан түрмеде отырған әкесіне берілген «Түрмедегі шығармашылық тұлға» сыйлығын алып тұр. Египет, Каир, 26 қараша 2010 жыл.

Ақын Арон Атабектің ұлы Асқар Айдархан түрмеде отырған әкесіне берілген «Түрмедегі шығармашылық тұлға» сыйлығын алып тұр. Египет, Каир, 26 қараша 2010 жыл.


Билік кейін бұл мәселені реттеді. Шаңырақ тұрғындарының көбінің баспана проблемасы шешілді. Олардың біразы жаңа баспана алды, енді біреулеріне даулы жерде тұрғызған баспанасын заңдастыруға рұқсат берілді.

2010 жылдың қараша айында Арон Атабек Freedom to Create халықаралық сыйлығының «Түрмедегі шығармашылық тұлға» (Imprisoned аrtist) номинациясы бойынша марапатталды. Марапаттау рәсімі қарашаның 26-сы күні Египет астанасы Каирде өтті. Сыйлық диссиденттің баласы Асқар Айдарханға табыс етілді. Арон Атабек бұл сыйлықпен өзінің әдеби еңбектері, оның ішінде эпиграммалары мен президент Назарбаевтың билігін сынаған «Назарбаевщина и революция» деген мақаласы үшін марапатталды.

Бас кеңсесі Сингапурда тіркелген Freedom to Create World ұйымы веб-сайтында «Назарбаев режимі мен революция» – Атабектің түрмеде отырған сәттен бастап жазып, интернетте жарияланған прозалық шығармалары мен өлеңдерінің тақырыптарының бірі. Ол өз еңбектерінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның саясатын сынайды. Автор бұл еңбектерінде бұрынғы совет республикасындағы демократияның жоқтығын айтып қынжылады» деп жазды.

Арон Атабек 2008 жылдың қаңтарында Қазақстанның демократиялық күштері тағайындаған «Азаттық» сыйлығының лауреаты атанды. Сыйлық оның әйелі Жайнагүл Айдархан мен баласы Асқар Айдарханға табыс етілді.

Бұл мақаланы тілшіміз Қазис Тоғызбаевтың Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында да талқылауға болады.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG