Accessibility links

«Таблиғи жамағат» «мүшесі» тоғыз айға сотталды


Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 сотында үкім тыңдап тұрған Мұрат Такаумов. 2 маусым 2016 жыл.
Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 сотында үкім тыңдап тұрған Мұрат Такаумов. 2 маусым 2016 жыл.

«Таблиғи жамағат» діни ұйымы қызметіне қатысты деген айыппен сотталған астаналық Мұрат Такаумовты судья тоғыз айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Такаумов сот шешімімен келіспейді. Ал адвокат «апелляцияға берсек, жаза мерзімін ұзартып жіберуі де мүмкін» деп қауіптенеді.

СОТ ҮКІМІ

Сот белгіленген уақытынан 10 минут кеш басталды.

Үкім жарияланған маусымның 2-сі күні Астана қаласының Сарыарқа ауданының №2 сотына Мұрат Такаумовтың шешесі және бұдан бұрын экстремистік айыптармен екі жыл алты айға сотталған Халымбахи Халымның жұбайы келді.

Сонымен бірге, сот залында аты-жөндерін атамай, «магистрантпыз» деген бір ер және екі әйел адам, мемлекеттік айыптаушы Серік Ишанов отырды.

31 жастағы Мұрат Такаумовты айдауылдар кісендеулі күйі әкеліп, сырты мөлдір пластикпен қапталған орынға кіргізді. Такаумовты фотоға түсіре бастаған Азаттық тілшісіне сотталушымен қатар кірген судья Біржан Төрегелді ескерту жасап, сот залында суретке түсіруге, аудио не видео жазуға тыйым салды. Маусымның 1-і күні өткен сот отырысында да сот Азаттық тілшісіне осындай шектеу жасаған болатын.

Сарыарқа ауданы №2 сотының ғимараты. Астана, 26 мамыр 2014 жыл.
Сарыарқа ауданы №2 сотының ғимараты. Астана, 26 мамыр 2014 жыл.

Үкімді екі минуттай оқыған сот төрағасы Біржан Төрегелді Такаумовты қылмыстық кодекстің 405-бабының 2-тармағы ("экстремизм немесе терроризмге қатысты тыйым салынған қоғамдық немесе діни ұйым қызметіне қатысу") бойынша айыпты деп, оған тоғыз айға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Судья іс бойынша «заттай айғақтар болғанын» айтып, осыған дейін ҰҚК қоймасында сақталып келген дискілер мен видео жазбалардың жойылатынын мәлімдеді.Сот үкімі бойынша ол жазасын қоныстандыру колониясында өтейді. Сонымен қатар, Такаумовтан 31 мың теңге көлемінде сот-сараптама шығындары өндіріп алынбақ.

«Сауалдарыңыз бар ма?» деген судьяға ешкім жауап қатпады.

«ӘДІЛЕТСІЗ ШЕШІМ»

Айдауылдар әкетіп бара жатқан Мұрат Такаумов Азаттық тілшісіне сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеп, «Мен келіспеймін. Бұл заңсыз» деген сөзін айтып үлгерді.

Астана қаласында өткен сот отырыстарының барлығына дерлік қатысып жүргенін айтқан Мұрат Такаумовтың анасы (аты-жөнін атамауды өтінді - ред) сот шешімін сабырмен тыңдады. Ол «шешімге қарсы шағым беретіндерін» айтты.

Әділетсіз үкім. Қылмыстық кодекс бойынша тағылған айыптардай қылмыс жоқ. Бұл қалай өзі?! Еш дәлел болған жоқ.

- Әділетсіз үкім. Қылмыстық кодекс бойынша тағылған айыптардай қылмыс жоқ. Бұл қалай өзі?! Еш дәлел болған жоқ, – дейді Такаумовтың анасы.

Үкім шығар күні сотқа келмеген адвокат Серік Нұрлыбаев қорғауындағы Такаумовтың «жазасын енді үш ай қамауда өтейтінін» (бұған дейін ол абақтыда алты ай отырған – ред.) Азаттық тілшісіне телефонмен айтты.

Оның пікірінше, сот шешімінің жеңіл болуына «Такаумовтың бұрын сотталмағаны, кәмелет жасына жетпеген төрт баласы болуы әсер еткен». Қорғаушы апелляциялық шағымның зияны көп бола ма деп қауіптенеді.

- Апеллицияға береміз. Бірақ үміт аз. Қайта апелляцияда жазасын ұлғайтуы ықтимал. Жаза мерзімі жеткіліксіз деп табуы да мүмкін, - дейді адвокат.

Такаумовты бір жылға бас бостандығынан айыруды сұраған мемлекеттік айыптаушы Серік Ишанов «комментарийді тек ресми сауал жолдасаңыздар беремін» деп, сот шешіміне келісетін-келіспейтінін айтпады.

Астаналық заңгер Мұрат Такаумовты 2015 жылы қарашаның 18-і күні қызметіне сот шешімімен тыйым салынған «Таблиғи жамағат» ұйымына қатысы бар деген айыптармен ҰҚК қызметкерлері тұтқындаған.

«Таблиғи жамағат» ұйымының сотталған мүшелері. Астана, 18 ақпан 2016 жыл.
«Таблиғи жамағат» ұйымының сотталған мүшелері. Астана, 18 ақпан 2016 жыл.

Ақпанның 18-і Астана соты қылмыстық кодекстің 405-бабы бойынша «Таблиғи жамағат» ұйымы мүшелері деген бес адамды соттаған болатын. Халымбахи Халым (32 жаста) қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-тармағы (араздық қоздыру) және 405-бабы 1-тармағы (тыйым салынған топтарды ұйымдастыру) бойынша 2 жыл 6 айға соттталса, Болатбек Қожагелдинов (39 жаста), Құбайдолла Төлебаев (54 жаста), Ерболат Омарбеков (45 жаста) және Нұржан Нұрәділов (36 жаста) 405-баптың 1-тармағы бойынша 2 жылға бас бостандықтарынан айырылған. Олардың туыстары Такаумовтың сотталушыларға заңгерлік көмек көрсеткенін айтқан еді.

Астана соты 2013 жылы «Таблиғи Жамағат» ұйымын экстремистік деп танып, қызметіне тыйым салған. Қазақстан билігі 1926 жылы Үндістанда құрылған бұл ұйымының басты мақсаты Қазақстан сияқты елдердің бірінде халифат құру деп санайды. «Шығыс Қазақстан облысы дін істері басқармасы мемлекеттік мекемесінің» сайтында бұл ұйым туралы «сарапшылар пікірінше, ұйым исламның жиһадшылар идеологиясынан айырмашылығы шамалы нұсқасын ұстанады» деген ақпарат жазылған.

Қазақстанда ұйым өкілдері қудаланып жатқанына бірнеше жыл болды. Топтың ондаған өкілі Қазақстан колонияларында жаза өтеп жатыр. Ал Батыс елдері, халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар Қазақстанның «діни сенім еркіндігіне қысым жасап отырғанын» сынайды.

XS
SM
MD
LG