Accessibility links

Билік баспалдағында Храпуновпен әріптестікте өскен лауазымды шенеуніктің басына бұлт үйірілді

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қазақстан төтенше жағдайлар вице-министрі болған Абылай Сабдалин.(сурет министрліктің ресми сайтынан алынды)

Қазақстан төтенше жағдайлар вице-министрі болған Абылай Сабдалин.(сурет министрліктің ресми сайтынан алынды)

Қаржы полициясы Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министрі Абылай Сабдалинді 45 мың АҚШ доллары көлеміндегі пара беруді ұйымдастырды деген күдікпен тұтқындағанын айтады. Ал бұрынғы тәуелсіз журналистің әріптестері оны жемқорлыққа қатысы жоқ жан деп сипаттайды.

Экономикалық қылмысқа және сыбайласқан жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз хатшысы Дәмежан Есімбекова Азаттық радиосына төтенше жағдайлар вице-министрінің 29 қыркүйекте тұтқындалғанын растады.

- Абылай Сабдалин қаржы полициясының қызметкеріне аса ірі мөлшерде 45 мың АҚШ доллары көлемінде пара беруді ұйымдастырды деген күдікпен ұсталды. Ол параны тергеуге дейін тексеріс бойынша іс-шара қабылдамау үшін ұсынған. Қазіргі кезде тергеу амалдары жүзеге асырылуда. Толық ақпарат ресми айып тағылған соң берілетін болады, - деді Дәмежан Есімбекова.

Сонымен қандай тексеріс, төтенше жағдайлар жөніндегі министрлікте қандай заң бұзушылықтар орын алды?! Бұл жөнінде қаржы полициясы әзірге тіс жармай отыр. Ал Абылай Сабдалиннің тікелей бастығы, төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко мәселенің мән жайын анықтамай жатып, шешім шығаруға асықпауды сұрады.

- Кез келген құқық қорғау орындары прокуратураның бақылауымен жедел тексеру жұмыстарын жүргізе алады. Бұл іске қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондықтан мен қандай да бір түсініктеме беруге құқылы емеспін. Тергеу ісіне кедергі болмаймынн. Бірақ бірден айтамын, Сабдалин мырзадан бірден қылмыскер жасаудың қажеті жоқ,-деді Владимир Божко журналистерге берген сұхбатында.

Ал басшыларының бірінің тұтқындалғандығы жөнінде Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Елдор Райымбеков бірінші рет Азаттық радиосы тілшісінен естіп тұрғанын айтты.

- Абылай Сабдалин негізінде іс-сапарда жүрген. Сізден бірінші рет естіп тұрмын. Мен ол кісі жөнінде өте жақсы сипаттама беремін. Ол елге жаны ашитын, ұлтжанды ағаларымыздың бірі, - дейді Елдар Райымбеков Азаттық радиосына.

ЖУРНАЛИСТІ БИЛІК ЖОЛЫНА ХРАПУНОВ ӘКЕЛГЕН ЕДІ

Абылай Сабдалин «Жас Алаш» газетінен кейін, Алматы қалалық әкімшілігінде баспасөз қызметінде жұмыс істеді. 2000 жылдан бастап Алматының сол кездегі әкімі Виктор Храпуновтың көмекшісі болды. Кейін Виктор Храпунов Шығыс Қазақстан облысына әкім болып кеткен кезде, Абылай Сабдалин Шығыс Қазақстан облысы әкімшілігінің жетекшісі қызметін атқарды.

Абылай Сабдалин 2007 жылдан бастап төтенше жағдайлар вице-министрі болып қызмет етіп келген, сол 2007 жылы қараша айының басында Қазақстан президентінің жарлығымен Храпунов төтенше жағдайлар министрі қызметінен алынған болатын.

Бұдан кейін қазақстандық БАҚ-тар «соңғы қызметі - Қазақстан төтенше жағдайлар министрі болған Виктор Храпунов әйелі екеуі Швейцарияның азаматтығын алып, сонда біржолата қоныс аударды» деген хабарлар таратқан еді. Виктор Храпунов Алматының әкімі болып тұрған кезінде көптеген ғимараттарды, қала маңындағы жер телімдерін заңсыз сатып немесе жалған құжаттар арқылы үлестіріп жіберді, шенеунік жауапқа тартылуы керек еді деген шағымдар қоғамдық ұйымдар мен азаматтық қоғам белсенділері тарапынан әлі күнге дейін айтылып келеді. Бірақ қауесет бойынша қазір Швейцарияда тұрып жатыр делінетін Храпуновқа олардың үні жетер емес, ал Қазақстан билігі жоғары билік эшелонында сондай бір шенеуніктің болғанын ұмытып та кеткендей.

Абылай Сабдалин Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған соң шығармашылық жолын бастаған «Жас Алаш» газетінің сол кездегі бас редакторы Нұртөре Жүсіп Азаттық радиосына былай дейді.

- Ол журналистика факультетінің түлегі ретінде бірден бізге келген. Мен оны жұмысқа қабылдадым. Бірден өзін жақсы қырынан көрсетті. Өз ісіне өте жауапты болды. Ол саясат бөлімінде жұмыс істеді. Сараптамалары мен саяси болжамдары өте дәл, нақты болатын. Ол сол кездегі «Жас Алаштың» «азулы» жігіттерінің бірі болатын, одан шенеуніктердің өздері аяғын тартатын. Өзі шыншылдықты іздеп жүретін таза жігіт еді. Енді мен мына жағдайға сене алмай тұрмын, - дейді Нұртөре Жүсіп.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG