Accessibility links

ҰҚК «Қазатомпромның» бес вице-президентінің үшеуін – Дмитрий Парфенов пен Асқар Қасабековты, Малхаз Цоцорияны қамағаны турасында «Республика» газеті жазды. «Қазатомпромның» бүрынғы президенті Жәкішевтің және вице-президенттердің үйлеріне тінту жасалды деп мәлімделді. Ресми мекемелер әзірге үнсіз отыр.

«Өткен түні Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Қазатомпромның» бес вице-президентінің үшеуін – Дмитрий Парфенов пен Асқар Қасабековты, Малхаз Цоцорияны тұтқынға алды. Олардың үйлеріне тінту жүргізілді», - деген ақпаратты 23 мамыр күні «Республика» газеті таратты. «Қазатомпромның» бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің үйіне де тінту жасалды деп те мәлімделді.

«Республика» газетінің жазуынша, шындығында «Қазатомпромның» бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевті ҰҚК-нің қызметкерлері ұстаған. Мұхтар Жәкішевтің тұтқындалғаны жөніндегі ақпарат ол 21 мамыр, бейсенбі күні «Қазатомпром» компаниясының президенті қызметінен отставкаға кетісімен пайда болды. «Самұрық-Қазына» қорының баспасөз-қызметі Жәкішевтің орнынан кетуі Бас прокуратураның ұсынысына байланысты болды деп түсіндірген ақпарат жариялады. Бірақ прокуратура бұндай ақпаратты жоққа шығарды.

- Біз ондай деректер берген жоқпыз. Ол тұтқындалған, тіпті ұсталған да жоқ. Тексеру болған, алайда, менің білуімше, іс қозғалған жоқ, - деген түсініктеме берді жұма, 22 мамыр күні таңертең Бас прокуратураның баспасөз-қызметінің жетекшісі Сәулебек Жәмкенұлы.

«Қазатомпром» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінде де жағдайды ешкім түсіндіріп бере алмады.

«Мен өзім ақпараттарды мерзімді басылымдардан біліп отырмын», - деп жауап берген «Қазатомпром» компаниясы баспасөз қызметінің жетекшісі Сергей Насыров, ұлттық компанияның президенті болып жаңадан тағайындалған Владимир Школьник қызметке кірісе қойған жоқ деп атап көрсетті.

«Республика» газеті «мыстандарды аулау науқанының» келесі құрбандарының аттарын атайды, олар - «Қазатомпромның» тағы бір басшысы, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев, Қазақстан президентінің бұрынғы көмекшісі Болт Өтемұратов және топ-менеджер Зейнолла Кәкімжанов

«Республика» газеті редакциясының пікірінше, бұлардың барлығы да қазір қашқындағы топ-менеджер Мұхтар Әблязовтың достары, әріптестері, демек олардың ендігі күш құрылымдарының қара тізімінде тұрғандығы анық.

Азаттық радиосының тілшісі Зейнолла Кәкімжановқа телефон шалған кезде ол емханада жүргенін айтып, қандай да бір комментарий беруден қашқақтады. Журналистермен әңгімеден кейін Зейнолла Кәкімжанов телефон қоңырауларына мүлде жауап бермей қойды.

Мұхтар Әблязовқа жақын болғандардың тағы бірі - кәсіпкер Нұрлан Смағұлов бұл күндері Ақтөбеде жаңа бизнес нысанын ашып жатыр екен.

Бұл сценарий БТА банкте болған сериялы тексерулерді еске түсіреді, тек айырмашылық сол - ол банктің топ-менеджерлері дер кезінде ел аумағынан шығып үлгеріп, Қазақстан билігінің қолына түспей кетті.

«Қазатомпромдағы» қазіргі қалыптасқан жағдайға қарағанда, ондағылар заң орындарының өздеріне осыншалықты жіті назар аударатынын күтпеген болса керек.

Мұхтар Жәкішевтің үш орынбасары тұтқындалды деп хабарланған соң, көп ұзамай-ақ «Республика» газетінің хакерлік шабуылдар кесірінен серверден серверге көшіп жүрген сайтын ашып, оқудың өзі мүлде қиындап кетті.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG