Accessibility links

Тұтқындалған шенеуніктер қатарын тағы бір бұрынғы министр толықтырды. Ол - Нұрлан Ысқақов


Бұрынғы экология министрі Нұрлан Ысқақов. Астана.
Бұрынғы экология министрі Нұрлан Ысқақов. Астана.

Бұрынғы министр Нұрлан Ысқақов бюджеттің ақшасын жымқырды деген күдікпен ұсталған. Онымен бірге бұл іс бойынша «Меркурий плюс» деген компанияның өкілі Жайылғанов та күдікті қатарына жатқызылып отыр.

Тағы бір тұтқындау туралы ақпаратты 30 наурыз, дүйсенбі күні Экономикалық және сыбайласқан жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (Каржы полициясы) баспасөз қызметі таратты.

Наурыз айының басында Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде екі бірдей вице-министр - Әлжан Бралиев пен Зейнолла Сәрсембаев ұсталған еді. Әлжан Бралиев әлі тергеу абақтысында отырса, Сәрсембаев үй қамауына босатылған болатын.

Ал ҚазТАГ ақпарат агенттігі Әлжан Бралиевтің адвокаты Серікқали Мусиннің сөздеріне сілтеме жасай отырып, Нұрлан Ысқақовты өзінің бұрынғы орынбасары Әлжан Брәлиевпен бетпе-бет кездестіргеннен кейін, тергеу сұрақтарына кереғар жауаптар көп болған соң, тұтқынға алынғандығын жазады.

Алайда, Азаттыққа сұхбат берген белгілі адвокат Серікқали Мусин өзінің Әлжан Брәлиевке еш қатысы жоқ екенін, екінші вице-министр болған Зейнолла Сәрсембаевқа қорғаушы болатынын жеткізді. Бірақ, істің барысымен танысуға ол Астанаға енді келетіндігін айтты.

- Менің қорғалушым Зейнолла Сәрсембаев өзінің келісімінсіз ақпарат құралдарына түсініктеме бермеуді өтінді және өзінің еш айыбы жоқтығын, ал тендер мәселесімен о бастан-ақ Нұрлан Ысқақовтың өзі тікелей айналысқанын айтты, - дейді Серікқали Мусин.

Қоршаған ортаны қорғау министрінің баспасөз хатшысы болған Айгүл Сұлтанова Азаттық радиосына бұрынғы министрдің наурыз айының басында қызметтен өз еркімен кеткенін айтып, министрліктегі жағдайға түсініктеме бере алмайтындығын жеткізді.

Ал бұл министрлік тізгінін қолына алған Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Нұрғали Әшімов «министр мен вице-министрлер кеткенімен негізгі команда жас, олармен толыққанды жұмыс істеуге болады» деген еді.

Қамауда отырған қоршаған ортаны қорғау вице-министрі болған Әлжан Брәлиев пен үй қамауындағы екінші вице-министр болған Зейнолла Сәрсембаев бюджеттің жалпы сомасы 1 миллиард 100 миллион теңге қаржысын заңсыз тендерлер өткізу арқылы жымқырды деп айыпталуда. Ал аталған министрліктің департамент директоры Татьяна Савицкаяға да қылмыстық іс қозғалған.

Алайда ол жарты жылдан бері Қазақстан аумағында жоқ көрінеді.

Ал Экология министрлігіне дүйсенбі күні екі жаңа вице-министр таныстырылды. Эльдана Садуақасова осыған дейін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған болса, екінші вице-министр Мәжит Тұрмағамбетов кезінде осы министрлікте қызмет істеген.

Экс-министр Нұрлан Ысқақов қазір Астанадағы уақытша тергеу изолятрында қамаулы. Ол қарамағындағы вице-министрлер тұтқындалған соң, бірден қызметінен кеткен болатын. Бірақ ол ақпарат құралдары өкілдеріне өзін қызметінен босатса да, президенттің командасынан кетпейтіндігін мәлімдеген-ді.
XS
SM
MD
LG