Accessibility links

Шабуыл жасауға «дастарқан басында қарсы болған» Рустам Гацаев


Рустам Гацаевтың анасы тұрып жатқан Ақтөбе облысы Алға ауданындағы Маржанбұлақ ауылы. 20 шілде 2016 жыл.

Рустам Гацаевтың анасы тұрып жатқан Ақтөбе облысы Алға ауданындағы Маржанбұлақ ауылы. 20 шілде 2016 жыл.

Маусымның 5-і Қазақстанды дүрліктірген Ақтөбедегі қару-жарақ дүкендері мен әскери бөлімге шабуылдан бас тартқан үш адам кеше «қылмыс туралы хабарламады» деген айыппен екі айға қамалды. Азаттық тілшісі тергеліп жатқандардың бірі Рустам Гацаев жайлы зерттеп көрді.

Шілденің 20-сы күні Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі маусымның 5-сі күні 26 адам жасаған қарулы шабуылға қатысты тағы үш күдіктінің екі айға қамалғанын хабарлады.

«ҚЫЛМЫС ТУРАЛЫ ХАБАРЛАМАУ»

Сот санкциясымен тергеу изоляторына қамалған үш азамат- Рустам Гацаев, Әкімжан Кусимов пен Қожамұрат Сағынтаев. Үшеуінің жастары да шамалас - қырықтың үстінде.

Азаттық тілшісі Рустам Гацаев жайлы зерттеп көрді. Туыстары оның маусымның 5-сі күні «шабуыл жасауға дастарқан басында қарсы шыққанын» айтады.

Ақтөбе облыстық соты таратқан мәліметке қарағанда, Ақтөбе қаласының тұрғыны Рустам Гацаевқа Қазақстан қылмыстық кодексінің 434-бабы бойынша айып тағылған. Яғни, 42 жастағы Рустам Гацаев «Қылмыс туралы хабарламады» деп айыпталып отыр.

ВИДЕО: Ақтөбедегі атыс күні түсірілген видео (5 маусым)

Қылмыстық кодекстің 434-бабында «дайындалып жатқаны немесе жасалғаны анық белгiлi аса ауыр қылмыс не дайындалып жатқаны анық белгілі терроризм актісі туралы хабарламау» қарастырылған. «Алты мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады».

ПРЕЗИДЕНТТЕН ҮМІТТЕНУ

Рустам Гацаевтың 80 жастағы қарт анасы Гүлара Жексенқызы, әпкесі Мәриям және інісі Искандер Ақтөбеден 25 шақырымдай жердегі Маржанбұлақ ауылында тұрады.

Аты-жөнін атағысы келмеген ауылдастары Гацаевтарды «дін жолын ұстанатын, ешкімге зияны жоқ жігіттер» деп сипаттады. Олардың сөздеріне қарағанда, Гацаевтың анасы Гүлара Жексенқызы – ауыл белсендісінің бірі. Тұрғындар «көшелерге су мен жарық сол кісінің белсенділігі арқасында тартылған» дейді. Көптен күтім көрмей, тозыңқыраған ескі үйді Азаттық тілшісі оңай тапты.

Рустам Гацаевтың анасы Гүлара Жексенқызы. Ақтөбе облысы Алға ауданы Маржанбұлақ ауылы, 20 шілде 2016 жыл.

Рустам Гацаевтың анасы Гүлара Жексенқызы. Ақтөбе облысы Алға ауданы Маржанбұлақ ауылы, 20 шілде 2016 жыл.

Ақтөбедегі шабуыл туралы суық хабарды естіген күні есінен танып қалған қарт ана Азаттық тілшісі барғанда әлі сырқаттанып жатыр екен.

- Күйеуімнің ұлты шешен болатын. Ұзақ жыл Шешенстан астанасы Грозныйда тұрдық. Соғыс басталғанда (1991 жылы) Қобдадағы төркіндерімді сағалап, Қазақстанға көштік. Күйеуім Шешенстанда бомба жарылғанда жараланып, содан оңалмады - дейді ауылдастары «Клара апа» атап кеткен Гүлара Жексенқызы.

Зейнеткер мәселенің мән-жайы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құлағына жетсе, ұлының жазасы жеңілдейтініне сенетінін айтып, Азаттық тілшісінен аналық тілегін жеткізуді өтінді.

«КОНДИТЕР» ҺӘМ «ҚАЛТА ТЕЛЕФОН САТУШЫ»

Ал әпкесі Мәриям Гацаеваның сөзіне қарағанда, екі баланың әкесі (ұлы – 13, қызы 6 жаста) Рустам отбасымен бірге Ақтөбеде тұрады. Қарулы шабуыл болатын күні ол үйінен «қонаққа барамын» деп шығып кеткен.

- Дастарқан басында қарулы шабуыл туралы әңгіме қозғалғанда Рустам мен өзге де ересектеу жігіттер бірден қарсылық білдірген. Жастарға басу айтқан. Соған ашуланған жастар жағы дастарқан басынан тұрып кетеді. Ал бұлар болса, алаңсыз қала берген, - дейді ол.

Рустам Гацаевтың әпкесі Мариям Гацаева. Ақтөбе облысы Алға ауданы Маржанбұлақ ауылы, 20 шілде 2016 жыл.

Рустам Гацаевтың әпкесі Мариям Гацаева. Ақтөбе облысы Алға ауданы Маржанбұлақ ауылы, 20 шілде 2016 жыл.

Ол інісін Ақтөбедегі пәтерінен полиция «маусымның 6-сы, таңғы сағат 8-дер шамасында алып кеткенін» айтты. Содан бері туыстары онымен бір-ақ рет кездескен. Мәриямның айтуынша, алғашында «мәселенің мән-жайы анықталғанша ұстаймыз» деген ҰҚК департаменті өкілдері кездесуге рұқсат бермеген.

Ол інісінің «5-разрядты (жоғары білікті) кондитер екенін, соңғы жылдары кәсібі бойынша жұмыс таппай, базарда қалта телефонын сатқанын» айтты. Рустам Гацаев жұбайымен бірге Ақтөбеде пәтер жалдап тұрған. Інілері секілді дін жолын ұстанатын Мәриям Гацаева Рустамның ақталып шығатынына аса сеніңкіремейді.

- Тергеушінің сөзінен ұққаным - адвокат жалдаудың пайдасы болмайтын сияқты. Әрі оған ақшамыз да жоқ. Мемлекет есебінен тегін адвокат берілді. Қайдам... Олар процесті бастап жіберді. Енді кінәлілерді жазалау ғана қалған сияқты, - дейді Мәриям.

Рустам Гацаевтың (арғы қатардағы ұл) бала кезінде анасы Гүлара мен әпкесі Мәриямның ортасында түскен суреті.

Рустам Гацаевтың (арғы қатардағы ұл) бала кезінде анасы Гүлара мен әпкесі Мәриямның ортасында түскен суреті.

Ақтөбедегі қарулы шабуылдан «соңғы сәтте айныған» бірнеше адам бұған дейін де ұсталған еді. Соның бірі Азамат Абдрахмановты полиция маусымның 7-сі күні Шұбарши ауылынан ұстаған (бұл ауылда бес жыл бұрын қарулы топ пен полиция арасындағы қарулы қақтығыс 10 күнге созылып, 18 адам қаза тапқан еді). Азамат Абдрахманов туралы Азаттық осы айдың басында жазған болатын.

Оқи отырыңыз: «Шабуылдан айныған» шұбаршилік жігіт

2016 жылы маусымның 5-і күні Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған еді.

XS
SM
MD
LG