Accessibility links

Рамазан Есіргеповтың жақтастары түрме оның денсаулығына қатерлі деп дабыл қағуда


"Журналистер қауіп-қатерде" қорының төрайымы Розлана Таукина мен қоғамдық қорғаушы Владимир Воевод. Алматы, 12 қаңтар, 2009 жыл.

"Журналистер қауіп-қатерде" қорының төрайымы Розлана Таукина мен қоғамдық қорғаушы Владимир Воевод. Алматы, 12 қаңтар, 2009 жыл.

Тараз қаласындағы ҰҚК Жамбыл облыстық басқармасының уақытша тергеу изоляторында қамауда жатқан «Алма-Ата Инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов тергеу сұрақтарына жауап беруден бас тартып, аштық жариялауын жалғастыруда.

Ал оның әйелі Раушан Есіргепова, күйеуі куәгерден айыпталушыға айналғандықтан оның денсаулығына алаңдап отыр.

Қаңтардың 9-ы күні Таразда Р. Есіргеповке байланысты сот отырысы өткен.
Прокурор соттан ҚР Қылмыстық кодексінің 172- бабының 3- тармағы бойынша айыпталып отырған Р. Есіргеповке тағы да дәл осы баптың 4- тармағына сәйкес айыпты деп табуын сұраған. Сот прокурордың сөзін жерге тастамаған. Сөйтіп, Р.Есіргепов бір баптың екі бірдей тармағы бойынша айыпты болып кете барған.

Рамазанның құдай қосқан қосағы Раушан журналистерден және қоғамнан жарының тағдырына араша түсуді, қиын-қыстау кезде оған көмектесуін сұрады. Сондай-ақ, Раушан Есіргепова, Рамазан жарыққа шығарған мақала үшін С.Махмадовтан ақша алмағандығын, өздері банктен несие алып, газет журналистеріне жалақы төлеп келгендерін және үй салып, соны сатып газет үшін ақша тапқандарын да ортаға салды.

Рамазан Есіргепов пен ҰҚК Жамбыл облыстық басқармасы арасындағы шытырман істің барысында заң өрескел бұзылып жатыр деді дүйсенбі күні Алматыда баспасөз-мәслихатын өткізушілер. Есіргепов өзінің ісін ҰҚК- нің Жамбыл облыстық басқармасы емес, басқа заң орны жүргізуін талап етуде.

Қоғамдық қорғаушы Владимир Воеводтың сөзіне қарағанда, сот ҰҚК Жамбыл облыстық басқармасының ықпалымен Р.Есіргеповке байланысты шешім қабылдаған көрінеді. Және заңның орындалуын қадағалау ҰҚК нің емес прокуратураның міндеті.

12 қаңтар күні өткізген баспасөз-мәслихатында Рамазан Есіргеповті далаға тастамаймыз деп мәлімдеген «Журналистер қауіп-қатерде» қорының президенті Розлана Таукинаның айтуына қарағанда, Р.Есіргеповтің Тараздағы адвокатына қосымша Алматыдан тағы бір адвокат жіберілгелі жатыр. Және халықаралық «Әділ сөз» қоры, Қазақстандағы халықаралық адам құқы мен заңның сақталуы бюросы да Рамазанды бір кісідей қолдамақ ниетте.

Айта кету керек, ҰҚК Жамбыл облыстық басқармасының қызметкерлері «Алма-Ата Инфо» газетінің журналисі Мағауия Қожамұратовтың да үйіне тінту жүргізіп, Таразда одан бірнеше рет жауап алған екен. Бұған журналистің жоғарыдағы газетте ҰҚК Жамбыл облыстық басқармасы С.Махмадовтың «ВМ» деп аталатын ЖШС інде сейфтер мен бухгалтерияның басқа да заттарын бұзғандары туралы мақаласы себеп болған екен. Одан кейін Қожамұратовты аталмыш мекеменің қызметкерлері мазаламаған.
XS
SM
MD
LG