Accessibility links

Сейітқазы Матаевтың ұсталғаны хабарланды


Қазақстан журналистер одағы төрағасы Сейітқазы Матаев. Алматы, 19 қараша 2012 жыл.

Қазақстан журналистер одағы төрағасы Сейітқазы Матаев. Алматы, 19 қараша 2012 жыл.

Антикоррупциялық қызмет ұлттық баспасөз клубы басшысы Сейітқазы Матаев "қаржылық қылмысқа қатысты күдікке ілінгенін" хабарлады. Журналистер одағы жетекшісі Сейітқазы Матаев пен ҚазТАГ директоры Әсет Матаевты "полиция алып кетті" деген ақпарат тарады.

"ҚазТАГ агенттігі директоры Әсет Матаев пен Қазақстан журналистер одағы төрағасы, ұлттық баспасөз клубы президенті Сейітқазы Матаевты полиция күшпен әкетті" деген ақпаратты бүгін "Әділ сөз" баспасөз құқығын қорғау ұйымы жетекшісі Тамара Калеева хабарлады.

Құқық қорғау ұйымының мәліметіне қарағанда, оларды ақпанның 22-сі күні таңертең, өздерінің басындағы "жағдай" туралы баяндайтын баспасөз мәслихаттары басталардан жарты сағат бұрын әкеткен.

Ұлттық баспасөз клубында бүгін өткен сол жиынға қатысқан Тамара Калееваның айтуынша, Сейітқазы Матаев пен Әсет Матаев таңертең "Ұлттық баспасөз клубы мен ҚазТАГ агенттігі төңірегіндегі жағдай" туралы баспасөз конференциясына қатысып, спикер ретінде сөйлеуге тиіс болған. Бірақ екеуін полиция жиын басталмай тұрып ұстап әкеткен.

ВИДЕО: Ермұрат Бапидың Матаевтардың ұсталуы туралы айтқаны

Матаевтар қатыса алмаған жиынды Тамара Калеева мен журналист Ермұрат Бапи жүргізді. Баспасөз жиынын ұйымдастырғандар Сейітқазы мен Әсет Матаевтарды "Антикоррупциялық бюро қызметкерлері үйінің алдынан ұстап әкеткенін" және "олардың одан кейінгі жағдайынан хабар ала алмай отырғандарын" айтты.

Азаттық тілшісі Матаевтардың ұсталғанын анықтамақ болып хабарласқанда Әсет Матаев телефон тұтқасын алмады, Сейітқазы Матаевтың телефоны сөндірулі тұрды.

Жиында сөйлегендер Әсет Матаев пен Сейітқазы Матаев "көп мөлшеде мемлекет қаржысын жымқырды" деген күдікке ілінгенін айтты. Сейітқазы Матаев бұған қоса, Алматыдағы "Ұлттық баспасөз клубын заңсыз реконструкциялады" деген де күдікке ілінген.

- Өздерінің хабарлауынша, таңғы сағат 9:30 кезінде бұрынғы финпол (қаржы полициясы - ред.) келіп, жауап алуға күшпен әкеткен. Бұған дейін де олар шақыру бойынша барып, жауап беріп жүрген. Бүгін [органдар мәселенің] баспасөз мәслихаты арқылы жариялануына мүдделі болмаған, дау жарияланып кетпесін деп, оларды ұстап әкеткен. Олар "Қаржы жымқырды" деген күдікке ілінген. Соның ішінде Астана мен Алматыдағы ҚазТАГ пен журналистер одағы ғимараты кезінде заңсыз жекешелендірілген деген тұрғыда тексеру жүріп жатыр, - деді журналист Ермұрат Бапи.

МАТАЕВТАРДЫҢ УӘЖІ

Жиында Сейітқазы Матаев пен Әсет Матаевтың атынан таратылған мәлімдемеде "2016 жылы қаңтар айында Алматы қалалық мемлекеттік кіріс департаменті Ұлттық баспасөз клубы мен ҚазТАГ агенттігін кешенді түрде тексеретіні жөнінде хабарлама бергені, биліктің қаржылық құжаттарды алу жөнінде қаулы шығарғаны" жазылған. Мұнан ары мәлімдемеде "Ұлттық баспасөз клубын қаңтарда Алматы қалалық сәулет-құрылыс бақылау басқармасы сотқа бергені, ол арызда баспасөз клубы мен ақпараттық агенттік орналасқан ғимараттың жер сілкінісіне төзбейтіні, сондықтан оны жартылай бұзу керек екені жазылғаны, бірақ 2005 жылы ғимараттың қайта жөндеуден өтіп, 2006 жылы оны комиссия қабылдап алғаны" айтылған.

Мәлімдемеде Сейітқазы және Әсет Матаев «Біз заң бұзбағанымызды, бюджет ақшасын жымқырмағанымызды мәлімдейміз. Ұлттық баспасөз клубы мемлекеттік саясатты ақпарат арқылы тарату жөніндегі тендерлерге қатыспаған және қаржы министрлігінің қазына комитетінен қаржы алмаған. ҚазТАГ агенттігі байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетімен (ақпараттандыру комитеті - ред.) келісімшарт жасасқан, бірақ қаржына қалай жұмсағаны жөнінде толық есеп берген» дейді.

Матаевтар телефондары тыңдалатынын, біреулердің өздерін аңдып жүргенін, электрондық почталарын бұзуға талпыныс жасалғанын жазған. Болып жатқан оқиғаны олар «мемлекеттік органның БАҚ-қа және үкіметтік емес ұйымға қысым жасауға тырысуы, журналистердің кәсіби қызметіне кедергі жасау, сөз еркіндігін шектеу, ақпаратты кедергісіз алуға және таратуға бөгет жасау» деп бағалаған.

КҮДІК ТУРАЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАН АҚПАРАТЫ

Антикоррупциялық қызметтің Азаттыққа жіберген жазбаша хабарламасында "Матаев пен осы іске қатысы бар өзге де адамдардың үсінен тергеу жүріп жатқаны, қазір оларға процессуалдық мәжбүрлеу шарасын қолдану жайы қаралып жатқаны" жөнінде жазылған. ​

Ұлттық баспасөз клубы алдында тұрған БАҚ өкілі. Алматы, 22 ақпан 2016 жыл.

Ұлттық баспасөз клубы алдында тұрған БАҚ өкілі. Алматы, 22 ақпан 2016 жыл.

Ведомство бүгін ұлттық баспасөз клубында өткен жиынды "тергеудің шынайы жүргізілуіне кедергі келтіруді көздеу" деп бағалайтынын да ескерткен.

Антикоррупциялық қызметтің мәліметінше, "ұлттық баспасөз клубы басшысы Сейітқазы Матаев "қаржы жымқырды" және "салық төлеуден жалтарды" деген күдікке ілінген".

Антикоррупциялық қызмет "ҚазТАГ агенттігі мен ұлттық баспасөз клубының мемлекеттік саясатты ақпарат арқылы таратуға және басылымдарда материал басу үшін ақпараттандыру комитеті мен "Қазақтелеком" компаниясына бөлінген 300 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырғаны анықталғанын" хабарлайды.

Антикоррупциялық қызмет "Аталған ведомстволар мен ҚазТАГ ақпарат агенттігі және Ұлттық баспасөз клубы арасында мемлекеттік ақпарат саясатын жүргізу туралы келісімшарт жасалған. Бірақ тапсырыс берушінің тұрғындарды мемлекеттік саясаттан хабардар ету және тапсырысты орындау барысындағы ашықтықты қамтамасыз ету талабы орындалмаған" дейді.

Антикоррупциялық қызмет «Мемлекеттік саясат жөніндегі ақпараттар қоғамға жабық режимде жарияланған, ол ақпараттарды алу үшін қосымша ақы талап етілген. Ал ақпараттандыру комитеті аударған 80 миллион теңге мен «Қазақтелеком» аударған 260 миллион теңге қолма-қол ақшаға айналдырылып, оларды ұлттық баспасөз клубы басшысы Сейітқазы Матаев иеленген» деп жазады.

Антикоррупциялық қызмет бұған қоса, Матаевтың "заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, 1 миллиард 400 миллион теңге табыс тапқанын" және "одан 327 миллион теңгенің салығын төлеуден жалтарғанын", "келтірілген шығынды өтеу мақсатында Сейітқазы Матаевтың дүие-мүлкі сот санкциясымен арестке алынғанын" хабарлаған.

Ал ұлттық баспасөз клубында бүгін өткен жиында таратылған мәлімдемеде "Істің мәні оларды қудалаудың шынайы мақсаты ашық диалог алаңы - Ұлттық баспасөз клубының қызметін шектеу, ҚазТАГ материалдарының мазмұнына жасырын түрде мемлекеттік бақылау орнату және Қазақстан журналистер одағының қоғамдық белсенділігін төмендету деген ұйғарым жасатып отыр" деп жазылған. Онда "Матаевтардың өздеріне тағылған айыпты мойындамайтыны және кінәсіз екендерін дәлелдеуге дайын екендігі" де айтылады.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG