Accessibility links

Олимпиада чемпиондарын жүздеген адам қарсы алды


Илья Ильин бас жаттықтырушы Алексей Нидің отставкасы туралы Алматыға келгенше естімепті. Ильиннен кейін Алматы әуежайына тағы бір чемпион Ольга Рыпакова түсті.

Екі дүркін олимпиада чемпионы зілтемірші Илья Ильиннің Алматы әуежайына нешеде келетіні жайлы күні бойы әртүрлі ақпарат тарады. Әлеуметтік желілерде біреу ұшақ тоғыз жарымда қонады десе, енді біреулер түңгі бір шамасында деп жатты. Алайда, халық чемпионды сегіздерден бастап әуежайдың VIP залына арналған шыға берісінде күтіп жүрді. Тоғыз жарымда келуге тиіс болған ұшақ, бір сағатқа кешікті. Аэропорт алдындағы жұрттың қарасы көбеймесе, азаймады.

«НҰР ОТАН» МЕН «РАХАТ ЛУКУМ»

Айта кету керек, о баста Илья Ильиннің атын әр жерден дауыстап тұрған жанкүйерлер шоғыры негізінен президенттік «Нұр Отан» партиясы мен партияның жастар қанаты «Жас отандықтар» болса (ұстаған жалаулары мен киімдеріндегі белгілер олардың қайдан екенін айтып, «менмұндалап» тұрды), уақыт өте өз бетінше келгендердің саны анағұрлым асып кетті. Тіпті, шара біткеннен кейін жанкүйерлердің бірі өзінен Қазақстан туын сұраған «нұр отандықтарға»: «Бұл өзімнің әкелген туым! Неше рет айтуға болады?» деп ашуланды.
Олимпиада чемпионы Илья Ильинді Алматы әуежайында күтіп алу сәтінен көрініс. Алматы, 6 тамыз 2012 жыл.

Олимпиада чемпионы Илья Ильинді Алматы әуежайында күтіп алу сәтінен көрініс. Алматы, 6 тамыз 2012 жыл.


Спортшыны қарсы алуға келгендер арасында шенеуніктер де, әншілер де болды. Азаттық тілшісі депутаттық төс белгісі бар екі адамның біреуін, Мұрат Әбеновті таныды. «Рахат Лукум» тобының әнші қыздары спортшы келгенше біраз қолтаңба таратып үлгерді.

Илья Ильинді қарсы алуды ұйымдастырушылар «БАҚ өкілдері де шамадан тыс көп келді» десіп жатты. Себебі кейбір БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатына өтуге қажет төс белгілер жетпей қалды.

Екі дүркін олимпиада чемпионы әуежай ішіне «Қазақстан, алға!» деп кіріп келгенде, сап түзеп күтіп тұрған журналистер Илья Ильинге жапа-тармағай тұра ұмтылды. Жанындағы жаттықтырушылары мен ұйымдастырушылар арқасында ғана чемпион баспасөз мәслихаты өтуге тиіс бөлмеге жетті.

«ТАЗА ЖАЯ, ТАЗА ЖАЯ...»

Баспасөз мәслихатында Лондон олимпиадасының бірінші зілтеміршісіне әртүрлі сұрақтар қойылды. Алдағы жоспарларын айтқан Илья Ильин 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтуге тиіс Олимпиадаға қатысатын ойы бар екенін айтты.

- Мен қазір «тілімді дамытқым» келеді. Ағылшын тілін үйренгім келеді. Жарты жылды соған арнаймын. Одан кейін Риоға баратынымды, әлде бармайтынымды айтамын. Дегенмен жаным Риоға баруды қалайды, - деді спортшы.
Илья Ильиннің чемпион атанған сәті. Лондон, 4 тамыз 2012 жыл.

Илья Ильиннің чемпион атанған сәті. Лондон, 4 тамыз 2012 жыл.


Илья Ильин Лондон олимпиадасына бір жыл бойы Қазақстан ауыр атлеттері құрамасынан тыс жаттыққанын растады. Қазақ зілтеміршілерінің бас бапкері Алексей Нидің бапкерліктен кететіні жайлы мәлімдемесінен бейхабар болып шықты.

Лондон олимпиадасы жүлдегерінен диетасы жайлы да сұралды. «Қазы жақсы көретініңді білеміз, одан басқа жылқы етінің қай жерін ұнатасың?» деген журналист сұрағына, спортшы: «Таза жая, таза жая...» деді.

Жиын барысында әуежай сыртындағы жүздеген адамның «Илья – чемпион, Илья – чемпион» деп дауыстап жатқандары естіліп тұрды.

Алайда сыртта күтіп тұрған жұрт Лондон олимпиадасының чемпионын Илья Ильинді бір сәт қана көруге мүмкіндігі болды. Жаттықтырушылары мен ұйымдастырушылар қоршауында спортшы көлікке жылдам мініп, кете барды.

ӘКІМ КҮТКЕН ЧЕМПИОН

Лондон олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова (ұзындыққа секіру) мінген ұшақ Алматы әуежайына Илья Ильиннен үш сағаттан кейін қонды.
Лондон олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова. Лондон, 5 тамыз 2012 жыл.

Лондон олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова. Лондон, 5 тамыз 2012 жыл.


Қазақстанға алтыншы алтынды әперген жеңіл атлетті Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен журналистер, жанкүйерлер, әртістер қарсы алды.

Vesti.kz сайты таратқан ақпарат бойынша Рыпакова Қазақстанда жеңіл атлетикаға жағдай жасалмағанын, спорттың бұл саласының жаттығуларына арналған стадиондардың жоқ екенін айтқан.

Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясының вице-президенті Алексей Кондрат «Қазір Қазақстанда жүгіріп-секіруге арналған жолдары бар, сертификатталған бір ғана стадион бар. Ал ондай стадиондар әр ауданда болуы тиіс. Бізде тіпті Астанада жеңіл атлетикалық стадион жоқ» деген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG