Accessibility links

Кәсіподақ «еңбекті жалға алуды» кемсітушілікке балайды


«АрселорМиттал Теміртау» болат қорыту департаментінің жұмысшылары. (Көрнекі сурет)

«АрселорМиттал Теміртау» болат қорыту департаментінің жұмысшылары. (Көрнекі сурет)

Билік Теміртау металлургтері кәсіподағының «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының «штаттан тыс жұмыс күшін» пайдалануы жайлы шағымын тексеріп жатыр. Кәсіподақтар «еңбек қатынасының мұндай формасын пайдалану заңсыздық болуы мүмкін» деп күдіктенеді.

ЖАЛАҚЫ КЕМ, ЖЕҢІЛДІК ЖОҚ

Қарағанды облысы Теміртау қаласының аты-жөнін толық көрсетпеуді өтінген тұрғыны Сергей «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты металлургия комбинатына аутстаффинг (outstaffing - штаттан тыс) тәртібімен жұмысқа орналасқан. Бұл - «штаттан тыс еңбекті» пайдалану, яғни компания қызметкерді «бас компания» штатынан шығарады, бірақ оны жаңадан құрылған «әріптес компанияға» жұмысқа қабылдайды. Әдетте жұмыс беруші қызметкер ұстауға, басқаруға жұмсайтын шығынын азайту, әлеуметтік салықты есептегенде ұту үшін аутстаффинг қызметіне жүгінеді. Аутстаффинг жүйесіне көшу жұмысшыны маусымдық жұмыстар кезінде «жалға алуға» мүмкіндік береді. Қызметкер келісім-шартқа жұмыс беруші фирма емес, делдал-мекемемен отырады.

Домна цехына «штаттан тыс жұмысшы» болып орналасқан Сергейдің арнайы білімі де, бұл салада тәжірибесі де жоқ . Домна цехы комбинаттағы ең қауіпті әрі денсаулыққа зиянды цех саналады. Сергей айына 115 мың теңге жалақы алады.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы аумағында ереуілге шыққан жұмысшылар. 29 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы аумағында ереуілге шыққан жұмысшылар. 29 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

- Мұндай жұмыс үшін қолға кемі 200 мың теңге тисе дейсің әрине. Әйелім, екі балам, жұрттың бәрі сияқты менің де мойнымда несием бар. Біз де өмірімізді қатерге тігіп жүрміз, олармен бірдей жұмыс істейміз, бірақ менің білуімше, штаттағы жұмысшылар жалақыны бізден гөрі көбірек алады әрі олар үшін кей жеңілдіктер, әлеуметтік пакет қарастырылған, - дейді Сергей Азаттыққа.

Металлургтер кәсіподағы мүшелері дерегінше, штаттан тыс жұмыс істейтіндер кәсіпорынның штаттағы жұмысшылар жалақысынан 35 пайызға және одан да көп мөлшерге аз ақша алады. Мысалы, 2016 жылдың ақпанында аутстаффинг бойынша жұмыс істеген тепловоз машинисі көмекшісінің жалақысы 86 мың теңге, ал штаттағы жұмысшының жалақысы 133,5 мың теңге болған.

«БҰЛ - ЫҢҒАЙЛЫ»

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы басқармасы «штаттан тыс еңбекті» немесе аутстаффинг жүйесін кәсіпорында 2014 жылдан бері қолданады. 2016 жылы сәуірдің 1-і күнгі есеп бойынша, болат қорыту департаментінде 400-ге жуық адам аутстаффинг тәртібімен жұмыс істейді. Компания аутстаффинг жүйесіне көшкеннен кейін ақша үнемдеу мүмкіндігі пайда болды деп мәлімдейді. Жалақыны аз төлеп уақытша жұмысқа алуға болатын қызметкерлермен ұжымдық келісім-шарт бекітілмейді, бұл да қаржы үнемдеуге тиімді. Бірақ компания «жұмысшыларды оқытып, арнайы жұмыс киімімен қамтамасыз етіп отырмыз» дейді.

Бұл өте ыңғайлы – мысалы бүгін аутстаффинг фирма өз жұмысшыларын берді, ал кейін олардың қызметінен бас тарттық. Бізге оларды жұмысқа алып, қайта шығарудың, өзге де мәселелерді шешудің қажеті болмайды.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы мәлімдемесінде «Аутстаффинг дегеніміз – жұмысшы еңбегін «жалға алу». Айталық, біз домна пешін іске қосуға байланысты жуырда өндіріс көлемі ұлғаятынын әрі оған адамдар қажет екенін білеміз делік. Бірақ ертең немесе бүрсігүні өзге домна пешін күрделі жөндеуге жабамыз да, адамдар керек болмай қалады... Бұл өте ыңғайлы – мысалы бүгін аутстаффинг фирма өз жұмысшыларын берді, ал кейін олардың қызметінен бас тарттық. Бізге оларды жұмысқа алып, қайта шығарудың, өзге де мәселелерді шешудің қажеті болмайды...» деп жазылған.

«ҚОРҒАНСЫЗДАР»

Металлургтердің «Жақтау» кәсіподағы аутстаффинг жүйесіне көшірілген жұмысшылар «қорғансыз» деп санайды. Кәсіподақ жетекшісі Виктор Щетининнің пікірінше, олар кепілді және өтемақы төлемдерден қағылып, ұжымдық шарттарда қарастырылған әлеуметтік қорғауға қолдары жетпей қалады, сөйтіп құқықтары шектеледі. Әдетте мұндай қызметкерлердің кәсіби даярлығы төмен әрі жұмыс тәжірибесі аз болады, олардың өндірісте жарақат алу мен кәсіби сырқатқа шалдығу қаупі жоғары.

Металлургтер кәсіподағы биліктен кәсіпорында «штаттан тыс жұмыс күшін», яғни аутстаффинг жүйесін пайдалану кезінде еңбек заңы талаптары қалай орындалатынын тексеруді сұрайды. Кәсіподақ егер заң бұзушылықтар анықталса, ондай жұмысшылардың мүддесін қорғаудың заңды тетігін құрастырып, қабылдағанға дейін аутстаффингті қолдануға тыйым салу туралы ұсыныс немесе ұйғарым енгізуді өтінеді. Ал тыйым салынған жағдайда жұмыс берушіні қызметкерлерді штатқа алуды міндеттеуді сұрайды. Сәуірде бас прокуратура, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен «Қазпрофметалл» тау-кен металлургия салалық кәсіподағына осы мазмұнда өтініш жолданған.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясындағы Еңбек қауіпсіздігі мен денсаулық күніне арналған митинг. Теміртау, 25 сәуір 2013 жыл.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясындағы Еңбек қауіпсіздігі мен денсаулық күніне арналған митинг. Теміртау, 25 сәуір 2013 жыл.

Металлургтердің «Жақтау» кәсіподағы қаладағы негізгі өнеркәсіп ошағы - «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында жұмысшы санын ұдайы қысқарып келе жатқанына да алаңдайды. «АрселорМиттал Теміртау» өкілдерінің айтуынша, 2016 жылы штат санын екі мың адамға азайту жоспарланған. Ертеректе компания басқармасы «Компания бәсекеге қабілетті болып, кіріс әкелу үшін сегіз мыңдай адам қалу керек» деп мәлімдеген. 1996 жылдың басындағы есеп бойынша, Совет Одағы күйрегеннен кейінгі ірі өзгерістер басталғанға дейін комбинатта 31 мың адам жұмыс істеген.

БИЛІК ТЕКСЕРУГЕ УӘДЕ ЕТТІ

Азаттықтың «Жақтау» кәсіподағы хатына орай жолдаған сауалына «Қазпрофметалл» тау-кен металлургия салалық кәсіподағы өкілдері «қазіргі кезде аутстаффинг жүйесі, яғни штаттан тыс жұмыс күшін пайдалану тәртібі ел заңдарында реттелмеген» деп жауап берді.

Штаттан шығарылған қызметкерлер жұмыс берушінің актілері мен ұжымдық шарттарда қарастырылған жеңілдіктер мен кепілдіктерді пайдалана алмайды.

- Штаттан шығарылған қызметкерлер жұмыс берушінің актілері мен ұжымдық шарттарда қарастырылған жеңілдіктер мен кепілдіктерді пайдалана алмайды. Мысалы, Ресей Федерациясында аутстаффингке 2016 жылы қаңтардың 1-інен бастап заң жүзінде тыйым салынған. Қолданыстағы заңдарға еліміздің кәсіпорындарында «штаттан тыс жұмыс күшін» пайдалануға тыйым салу туралы толықтырулар енгізуді ұсыну үшін қазір біз бұл мәселені жан-жақты қарап жатырмыз әрі таяуда Қазақстан Республикасы кәсіподақтары федерациясына сауал жолдамақпыз, - дейді «Қазпрофметалл» тау-кен металлургия салалық кәсіподағы өкілдері.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Азаттық тілшісіне «Жақтау» кәсіподағы хатында келтірілген фактілер мен жайттарды тексеру үшін Қарағанды облысы еңбек инспекциясы басқармасына хат жолдағанын хабарлады. Ведомствоның баспасөз қызметі «Еңбек инспекциясы тексеру нәтижелерін министрлікке жолдайды. Қазір бұл мәселені еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті бақылап отыр. Тексеру нәтижелері жайлы сіздерге де дереу хабарлаймыз» деп жазған.

Бас прокуратура Азаттыққа металлургтердің «Жақтау» кәсіподағы хатын денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне жолдағанын хабарлады әрі кәсіподақтар арызын қарау нәтижелерінен хабардар етуге уәде етті.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

XS
SM
MD
LG