Accessibility links

Теміртау металлургтері Ресейге кетіп жатыр


"АрселорМиттал Теміртау" металлургтері ереуілде отыр. Теміртау, 29 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

"АрселорМиттал Теміртау" металлургтері ереуілде отыр. Теміртау, 29 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Теміртаудағы «АрселорМиттал» металлургиялық комбинатында өндіріс көлемін қысқарту көп адамның өмірлік жоспарын өзгертіп жіберді. Кейбір металлургтер жұмыстан шығып, Ресейден жұмыс іздеуге мәжбүр.

32 жастағы Филипп бірнеше жыл жұмыс істеген Теміртаудағы металлургиялық комбинаттан осыдан үш айдай бұрын жұмыстан шықты. Ол әуелі конвертерлік цехта краншы, кейін болат қорытушының көмекшісі болып істеген. Бірақ «АрселорМиттал Теміртау» комбинатында кейбір жеңілдікті алып тастаған соң, дағдарыс және басқа да өзгерістер металлургті жұмысы мен мекенін ауыстыруға мәжбүр етті.

Жұмыс іздеп Ресейге кеткен таныстарынан ол елдің солтүстік өңірлеріне тұрақты әрі жоғары жалақыға мамандар қабылдап жатқанын естіп, Ресейге кетуге бел байлаған.

Қазір ол Ресейдің солтүстігіндегі Сургут қаласында вахталық әдіспен жұмыс істейді. Айлық жалақысы – 60 мың рубль (300 мың теңгеге жуық). «Әрине, қиын, бірақ мұндай ақша үшін шыдауға болады» дейді ол. Филипп салынып жатқан нысандардың бірінде монтаждаушы болып істейді. Жұмыс орнында тегін баспана мен тамақпен қамтамасыз еткендіктен, тапқан ақшасын жұмсамай, Теміртауда қалған отбасына жібереді. Филипп «келешекте отбасымды металлургиялық зауыттарының еңбек ету жағдайы мен жалақысы жоғары Ресейге көшіріп аламын» дейді.

ҚЫСҚАРҒАН ШТАТ ПЕН АРТЫҚ МІНДЕТ

Филипп сияқты жұмыс орнын ауыстырғысы келетіндер Теміртаудағы металлургиялық комбинатта, шынымен де көп. Қарағанды облысындағы еңбек инспекциясының ақпараты бойынша, 2013 жылдың бес айында металлургиялық комбинаттан жұмыстан босаған 290 адамның 249-ы өз еркімен шыққан.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының жұмысшылары жалақыларын көбейтуді талап етіп, ереуілге шықты. Теміртау, 19 мамыр 2012 жыл.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының жұмысшылары жалақыларын көбейтуді талап етіп, ереуілге шықты. Теміртау, 19 мамыр 2012 жыл.

Жұмысшылардың айтуынша, комбинаттан шығып жатқандар көп. Бәрінің айтатын себебі біреу – жалақы аз және қызметкерлерге тиесілі үстемеақыны дүркін-дүркін қысқарту. Кейбірі қысқартуды күтпестен, өз еркімен шығып кеткен. Жұмыстан ерікті түрде шығу схемасы бойынша шығып, өтемақы алып жатқандар да бар. Жұмыстан шығудың бұл түрін жұмыс берушінің өзі ұсынады екен.

Жұмысшы азайған соң қалған жұмысшыларға түсетін салмақ көбейіп келеді. Қарағанды облысы еңбек инспекциясының деректері бойынша, 2013 жылдың бес айында «АрселорМиттал Теміртау» металлургиялық комбинатына 58 адам жұмысқа алынған. Инспекцияның тексерісі көрсеткендей, штат бойынша қарастырылған жұмысшы санынан нақты жұмыс істеп жатқандардың саны әлдеқайда аз. Жұмыс беруші ерікті түрде жұмыстан шыққандар мен бала босануға байланысты демалысқа кеткендердің орнына адам қабылдамайды.

Инспекция «қызметкерлердің жетіспеуі салдарынан қалған жұмысшылардың жүктемесі ұлғайып, бұл еңбек қауіпсіздігіне әсерін тигізіп, кәсіби ауруға шалдығу санын көбейткен» деген қорытынды жасады. Тексеру қорытындысы бойынша, еңбек заңын бұзғаны үшін компанияға айыппұл салынды.

«ДАҒДАРЫС КІНӘЛІ»

Жуырда металлургтерге жаңа өзгерістер болатыны хабарланды. «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында ұжымдық шарт өзгеруі мүмкін. Ал қызметкерлердің біразын толық емес жұмыс күніне ауыстыру туралы бұйрық шығарылмақ. Жұмыс беруші «бәріне кәсіпорынның жұмысын ақсатқан әлемдік дағдарыс кінәлі» дейді.

«Металлургиялық комбинаттың білікті мамандарын сақтап қалу мақсатында және тапсырыс түспей, өнім шығару көлемі шектелгендіктен» қыркүйектің 16-сынан бастап уақытша толық емес жұмыс күніне көшеді.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының жұмысшылары ұстап шыққан плакат. Теміртау, 19 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының жұмысшылары ұстап шыққан плакат. Теміртау, 19 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

– Толық емес жұмыс күніне көшу ұзақтығы өндірістік қажеттілікке байланысты созылады. Жағдай оңалысымен, бұрынғы кесте бойынша жұмыс істейміз, – деп хабарлады Азаттық тілшісіне «АрселорМиттал Теміртау» комбинатының баспасөз қызметі.

Толық емес жұмыс күніне көшкен комбинат қызметкерлері аптасына төрт күн алты сағат, бір күн сегіз сағат жұмыс істейді. Әрі аптасына 8 сағаттық төрт жұмыс күні енгізіліп, жетпеген уақытқа орташа жалақының 50 пайызы төленеді. Ауысыммен жұмыс істейтін зауыт басқару қызметкерлері мен тоқтатылған агрегаттардың технологиялық персоналы осы кесте бойынша жұмыс істейтін болады. Кейбір қызметкерлер басқа учаскелерде жұмыс істеуге жіберілмек.

– Қызметкерге өз өтініші бойынша еңбекақысы сақталмайтын демалыс берілуі мүмкін. Өндірістің мәжбүрлі тоқырауына бола орташа жалақының 50 пайызы төленеді, – дейді компанияның баспасөз қызметі.

Демалыс және мереке күндері жұмысқа шығатын қызметкерлердің санын да азайту жоспарланған. Өз келісімімен демалыс, мереке күндері жұмысқа шыққан жұмысшыларға бір күндік жалақы төленіп, ақысы төленбейтін демалыс беріледі. Бұл тәртіппен келіспеген қызметкер демалыс, мереке күндері жұмысқа тартылмайды.

ПРОКУРАТУРАҒА ХАТ

Бұл өзгерістермен келіспеген металлургтердің кәсіподақ ұйымы өнім шығару көлемін шектеу туралы бұйрықтың заңға сәйкестігін тексеруді өтініп, Теміртау қаласының прокурорына хат жазды.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының болат департаментінде 15 мыңнан көбірек адам жұмыс істейді. Ал компанияның Қазақстандағы болат, көмір және темір өндіру департаменттерінде 40 мыңдай адам бар.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының жұмысшысы цехқа кіріп барады. Теміртау, 2013 жылдың сәуірі.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының жұмысшысы цехқа кіріп барады. Теміртау, 2013 жылдың сәуірі.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының құрамына Теміртаудағы металлургиялық комбинат, Қарағанды облысындағы сегіз көмір шахтасы, Қарағанды, Ақмола және Қостанай облыстарындағы темір кенін шығаратын төрт кеніш кіреді.

Штат қысқартуға мәжбүр болған әлемдегі ең ірі болат қорытушы компаниялардың бірі Қазақстандағы «АрселорМиттал» компаниясы ғана емес. Еуропаның металлургиялық комбинаттарында да қысқарту жүрді. Мұны «өнімнің өзіндік құны түсіп кетуі мен болатқа сұраныстың азаюы себеп болды» деп түсіндіреді.
  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG