Accessibility links

Жалақыны азайту туралы ұсыныс қарсылық тудырды


«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының металлургия комбинаты цехтарының бірі. Теміртау, сәуір, 2013 жыл.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының металлургия комбинаты цехтарының бірі. Теміртау, сәуір, 2013 жыл.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы тамыздан бастап жұмысшылар жалақысын 25 пайызға азайтатынын мәлімдеді. «Қорғау» көміршілер кәсіподағы мен үкімет бұл қадамды заңсыз санайды. Жұмысшылардан әлі ашық шағым мен арыз түспеген.

«БҰРЫН-СОҢДЫ БОЛМАҒАН» ЖАҒДАЙ

Металлургтер мен көміршілер 13-жалақысын алып, қазақстандық Магнитканың 55-жылдығын тойлап, мәре-сәре болып жатқандары сол еді, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының жалақыны қысқартатыны туралы суыт хабар олардың қуаныштарын су сепкендей басты.

Шілденің 28-і күні «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы Қазақстан үкіметі мен кәсіподаққа биылғы тамыз айынан бастап барлық қызметкерлерінің жалақысын шамамен 25 пайызға азайтатынын мәлімдеді. Кәсіпорын мұндай қадамға «нарықтағы бұрын-соңды болмаған жағдайдың кесірінен барып отырмыз» десті.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы бас директоры Виджай Махадеван.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы бас директоры Виджай Махадеван.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы бас директоры Виджай Махадеван «жұмыс орындарын көптеп қысқартқанша осындай қадамға барғанды дұрыс көргендерін» айтқан.

Компания Қазақстанға импорттық өнімдер көптеп келіп жатыр, басым бөлігі – Ресейден дейді. Махадеванның айтуынша, ресейлік бәсекелестер рубльдің құнсыздануын өз пайдасына жаратып, бағаны арзандатқан.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ НАРАЗЫЛЫҚ

«АрселорМиттал Теміртау» жұмысшыларының көбі – қарапайым жұмысшылар – жұмыс берушінің жалақыны азайту туралы ниеті жайлы әлеуметтік желілерден білді. Онда шілденің 28-і күні Теміртауда өткен баспасөз мәслихатынан алынған ақпарат жарияланған.

Форумға пікір жазғандар Теміртауда коммуналдық қызметтер мен қоғамдық автокөлікте жүру құны қымбаттаған кезде металлургтер мен шахтерлердің жалақысын қысқартпақ болып жатқанға реніштерін білдірген. Жалақыны азайтқан күнде қаланың көптеген тұрғынының тұрмыс жағдайы ауырлайды, себебі Теміртаудың әрбір екінші отбасында «АрселорМиттал Теміртау» зауытында істейтін адам бар.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы металлургия цехының жұмыскерлері басқару пультінде отыр. 30 маусым 2015 жыл.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы металлургия цехының жұмыскерлері басқару пультінде отыр. 30 маусым 2015 жыл.

«Алдымен 4-күндікке ауыстырды, енді жалақыны 25 пайызға кемітпек, шектен шыққандық емес пе? Кішкентай балалары бар, әкесі ғана жұмыс істейтін отбасылар қалай өмір сүреді? Онсыз да зауыттар мен шахталар бар нәрін сығып алды» деп ашуланады әлеуметтік желі қолданушы Оксана Мамычева.

«Одан да зауыт басқармасындағыларды, басшылары мен шеберлерді азайтсын, жалақыны қысқартпасын, арамтамақтар қаптап кетті, ал жұмысшы қолы жетіспейді. Олардың орнына жұмыс істегеніміз аздай, енді жалақыны азайтпақ» деп жазады интернет қолданушы Елена Кудинова.

Әлеуметтік желі беттерінен бұндай пікірлерді өте көп кездестіруге болады. Бірақ жұмысшылар тарабынан әлі ашық шағым немесе арыз түскен жоқ.

КӘСІПОДАҚ БАСҚА ЖАҒЫНАН ҮНЕМДЕУГЕ ШАҚЫРАДЫ

Компания жұмысшылардың жалақысын кеміту туралы мәлімдеме жасаған соң Қазақстан денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жұмысшылардың еңбекақысын «кәсіподақпен келіспей қысқарта алмайды» деп мәлімдеді. Министрлік Қазақстан заңы бойынша, жұмыс беруші ұжымдық шарт талабын өзгертіп, жұмысшылар кәсіпкерлік одағының келісімінсіз жалақыны азайта алмайтынын айтады.

«Қорғау» көміршілер кәсіподағының төрағасы Марат Миргоязов.

«Қорғау» көміршілер кәсіподағының төрағасы Марат Миргоязов.

Азаттық тілшісі «АрселорМиттал Теміртау» шахтасында істейтін «Қорғау» көміршілер кәсіподағының төрағасы, қарағандылық Марат Миргоязовпен сөйлесті. Оның айтуынша, қазір көміршілер және металлургтер кәсіподағы компания басшылығымен жалақыны 25 пайызға азайтуға қатысты келіссөздер жүргізіп жатыр.

– Қазір қиын кезең екенін, өндірісті азайту қажеттігін түсінеміз! Бірақ оның шешімі жалақыны азайту емес! 25 пайыз деген тым көп! Үнемдеудің басқа да көптеген жолдары бар. Жиналыста осы жайында келісіп жатырмыз. Олар жалақыны азайтуға ниеттіміз дейді, бірақ кәсіподақ қолынсыз ол шешімдері заңды болмайды. Сондықтан оларды заңсыз әрекет жасады деп сотқа беруге болады, - деді Марат Миргоязов.

Кәсіподақ жетекшісі компания «дұрыс бағытта емес» және әркез жұмысшыларға қатысты тиімсіз шаралар қабылдап, дүрлігу мен шиеленіс тудырады дейді.

– Компанияның неліктен олай істейтінін білмеймін. Мүмкін біреу үкіметке қысым көрсеткісі келетін шығар. Әркім өз мүддесі үшін әрекет жасайды ғой. Бірақ бір көзім жететіні – жалақыны қысқарту компанияны құтқармайды, оның қаржылық жағдайын жақсартпайды, - дейді көміршілер кәсіподағының төрағасы.

Әңгіме соңында Марат Миргоязов кәсіподақтардың жалақыны азайтпас үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын, сондықтан жұмысшылар алаңдамай, жұмыстарын істей беруі керектігін айтты. Теміртаудағы металлургтер кәсіподағының төрағасымен Азаттық тілшісі сөйлесе алмады. Кәсіподақ ұйымы кеңсесінің телефонын таңертеңнен бастап ешкім көтермеді. Металлургтер кәсіподағының сайтында да ешқандай ақпарат жоқ.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы цехтарының бірі.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы цехтарының бірі.

2015 жылдың басында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жұмысшыларының жалақысының бір бөлігін ұстап қалып, қаңтар айы үшін жалақының 75 пайызын берген еді. «АрселорМиттал Теміртау» басшылығы оны «қаржы қиындығымен» байланыстырған.

Төлемді кешіктіру себебі ретінде рубльдің құнсыздануы, «күрделі геосаяси жағдай», экономикалық өсім қарқынының азаюы және өтім нарығындағы жағдаяттың қиындауы аталды. Прокуратура ол кезде толымсыз жалақыны заңсыз деп танып, компанияға 600 мың теңге (3 мың доллардан астам) айыппұл салған еді. Қаңтардағы жалақыдан қалған 25 пайызды компания жұмысшыларға ақпанның екінші жартысында берген.

Орысшадан аударған – Динара Әлімжан.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

XS
SM
MD
LG