Accessibility links

Қытайдың Алтай аймағында тұратын этникалық қазақ Аршын Намазбекұлы мультфильм кейіпкерлерінің бейнесін ең көп сызған суретші ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген.

Азаттыққа берген сұхбатында 28 жастағы жігіт қазіргі мақсаты – қазақы нақыштағы қуыршақ, кәдесый заттарын жасау екенін айтты.

Азаттық: – Мультфильм кейіпкерлерінің бейнесін сызумен қай кезден айналысасыз? Ата-анаңыздың бірі осы салада қызмет істей ме?

Аршын Намазбекұлы: – Жоқ, екеуі де өнерге еш қатысы жоқ салада қызмет етеді. Анам Алтай қаласында сотта жұмыс істейді. Әкем – жергілікті дәрі дайындайтын мекемеде қызметкер.

Негізі, қуыршақ жасау, олардың суретін салуға бала кезден әуес едім. Нақты қай жастан бастап сыза бастағаным есімде жоқ. Бірақ, көрген кейіпкерлерімнің бейнесін кинодағыдай емес, өз қабылдауым бойынша сызатынмын. Кейін қарасам өзгеше болып шыққан екен. 2007 жылдан бастап осы жұмысты шындап қолға алдым. Ол кезде менің жасаған жұмысым отыз шақты ғана еді.

Азаттық: – Пекинде сурет салуды арнайы оқып үйренген екенсіз?

Аршын Намазбекұлы: – Әуелгі оқыған мамандығым басқа болатын – Үрімжі қаласында үй ішіне әрлеу жұмыстарын жүргізу бойынша екі жыл білім алдым. Бірақ, кейін оны тастап кеттім.

2008 жылы Үрімжіде мультфильм кейіпкері суретін салудан өткен жарысқа қатысып, үшінші дәрежелі дипломға ие болдым. Осыдан кейін У Хуа Жияң есімді ұстазым ішкі жаққа барып білімімді жетілдіруге кеңес берді. Сөйтіп, мұндағы оқуымды тастап Бейжіңге бардым. Онда қуыршақтарды (мультфильм кейіпкерлерін – ред.) жасауды үйрететін сегіз айлық курстан өттім де, бірден қызметке кірістім. 2013 жылға дейін Пекиндегі мультфильм жасайтын компанияларда жұмыс істедім. Балаларға арналған қуыршақ кинолардағы кейіпкерлердің түрлі сызбаларын, бейнелерін жасаумен айналыстық.

Азаттық: – Гиннестің рекордтар кітабына қалай ендіңіз?

Қытайда тұратын қазақ суретшісі Аршын Намазбекұлына Гиннестің рекордтар кітабына енгені туралы берілген куәлік.

Қытайда тұратын қазақ суретшісі Аршын Намазбекұлына Гиннестің рекордтар кітабына енгені туралы берілген куәлік.

Аршын Намазбекұлы: – 2014 жылы санасам салған суреттерім үш мыңнан асыпты. Сонан кейін рекордтарды анықтайтын комиссияға өтініш бердім. Мен ұсынған 3157 жұмысты қабылдаған Шиаңгандағы (Гонконг) дүниежүзілік рекорд қоғамынан «әлемдік рекорд жаңарттың» деп хабарлады. Бастапқыда суреттерді он мыңға дейін жеткізсем бе деген де ой болған. Бірақ, басқа кәсіппен айналыса бастағаннан кейін ол ойымнан қайттым.

Азаттық: – Қазіргі кәсібіңіз қандай?

Аршын Намазбекұлы: – Қазір кинодағы қуыршақ бейнесін емес, нақты мүсіндер жасауды қолға алдым. Бала күннен қытайдың немесе шетелдің қуыршақтары, ойыншықтарымен ойнап өстік. Кейін ер жетіп әр жерге барғанда базарда немесе сауда орындарында сый-сияпатқа арналған мүсіндерді жиі көретін болдым. Бірақ көргендерім өзге елдікі еді. Сонда мені неге қазақы қуыршақтар жоқ деген ой мазалайтын. Ақыры, інім Лашын екеуміз бірігіп жеке кәсіп аштық. Тарту-таралғы, кәдесыйға арналған қазақи мүсіндер, қуыршақтар жасаумен айналысып жатырмыз. Осы жерден кішкентай бір зауыт ашып, дүниелерімізді базарға шығармақпыз. Онда тек қуыршақтар ғана емес, түрлі-түсті қазақы нақыштағы шашбаулар, телефон қаптары, моншақтар және т.б. заттар өндіріледі.

Азаттық: – Сонда қуыршақтар бейнесін сызуды біржолата тоқтаттыңыз ба?

Аршын Намазбекұлы: – Жұмыс арасында уақыт тауып суреттер салып тұрсам деген ой бар.

Азаттық: – Қазақ тіліне шорқақ екеніңізді айтып кешірім сұрадыңыз. Себебі қандай?

Аршын Намазбекұлы: – Қазақ тіліне шорқақ екенім рас. Мен 1986 жылы 11 тамызда Қытайдың Алтай аймағының орталығы Алтай қаласында дүниеге келіппін. Алтайда қытай мектебінде оқыдым. Жалпы бұл жақтағылардың көбі балаларын қытай мектебіне беруді жөн көреді. Өйткені, қытай тілінде білім алғандарға болашақта жақсы қызметке тұру жеңіл болады деп саналады.

Азаттық: – Сұхбат бергеніңізге рақмет.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG