Accessibility links

Атыраулық «терроршылардың» туыстары үкімге наразы


Атырауда "терроризм" баббымен сотталған азаматтардың туыстары: (солдан оңға қарай) Шаттық Қабдолова, Ксения Баярисова, Бибігүл Баярисова, Гүлдана Ақорынова, Гүлсара Хабибуллина. Атырау, 24 маусым 2013 жыл.
Атырауда "терроризм" баббымен сотталған азаматтардың туыстары: (солдан оңға қарай) Шаттық Қабдолова, Ксения Баярисова, Бибігүл Баярисова, Гүлдана Ақорынова, Гүлсара Хабибуллина. Атырау, 24 маусым 2013 жыл.

Қазанның 10-ы күні Атырауда «терроризм» айыбымен 9 адам сотталды. Арасында кәмелетке толмаған екі бала бар. Адвокаттар «сотталушылар айыптарын ішінара мойындады, айғақтан аса алмадық» дейді.

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «терроризм» бабы бойынша «топ басшысы» аталған 33 жастағы Роман Баярисов пен 30 жастағы Рамиз Кимге 14 жыл жаза кесті. Оларға «қылмыстық топқа кәмелеттік жасқа толмаған балаларды тартты» деген айып та тағылған.

Өзге айыпталушылар - 18 бен 23 аралығындағы Владимир Ким, Жанұзақ Ізім, Дастан Болатұлы, Райымбек Зияшев, Алтынбек Зейнетуллаев 8-9 жылға түрмеге кесілді. Кәмелетке толмаған Әділхан Қыдырсиқов пен Тұрғанбай Ақорынов "жастығы ескеріліп", 6 жыл мерзімге бас бостандықтарынан айырылған.

«ҚАЙТА АРЫЗДАНАМЫЗ»

Сот үкімін жария еткен соң жастары 16-18 аралығындағы үш сотталушының анасы Азаттық тілшісіне қоңырау шалып, сот үкіміне наразылықтарын айтты.

16 жасар Әділхан Қыдырсиқовтың анасы Шаттық Қабдолованың айтуынша, «сот үкімі бойынша, баласына тағылған ең басты айып - Рамиз Ким деген «бас терроршының» үйіне барғаны».

Солдан оңға қарай: Шаттық Қабдолова мен Ксения Баярисова.
Солдан оңға қарай: Шаттық Қабдолова мен Ксения Баярисова.
- Біз ауылда тұрамыз. Қалаға келгенде баратын жері болмаған соң, ауылдас ретінде Рамиздің үйіне барады. Менің түсінбейтінім – бар дәлел «Рамиздің үйіне барған, телефон шалған» деген әңгіме ғана. Қайта арызданамыз, -дейді Шаттық Қабдолова.

Ал тағы бір кәмелетке толмаған сотталушы Тұрғанбай Ақорыновтың анасы:

- Балам бұған дейін қыспаққа алып, қол қойдыртқанын айтқан еді. Ал сот отырысындағы соңғы сөзінде балам «жеңілдік беруді сұраймын» дегеннен басқа сөз айтпады, - деді.

«ЕСКЕРІЛГЕН МОЙЫНДАУЛАР»

Әділхан Қыдырсиқовтың адвокаты Клара Баямирова:

- Мен судья емеспін. Судья барлық істі зерттеп, оқыды. Сондықтан оған таққан айыптардың бәрін қосқанда ең төменгі жыл берді. Егер өзі үкімге қарсы арыз жазамын десе, жазамыз, - дейді.

Клара Баямирова - Әділхан Қыдырсиқов пен 9 жылға сотталған Жанұзақ Ізімнің мемлекет тағайындаған адвокаты. Оның айтуынша, Жанұзақ Ізім «өзіне тағылған айыптарды мойындаған».

- Сотталушылардың тең жартысы айыптарын мойындады. Мәселен, Жанұзақ Ізім сотта өз-өзіне қол жұмсағысы келгенін айтты. Осы ойы туралы Рамиз Кимге айтқанда ол «одан да шахид болса, жұмаққа баратынына» сендірген. Сөйтіп Ізім ағасының компьютері арқылы жарылатын құралды қалай жасайтынын іздеген. Ол Исатай аудандық полиция бөлімшесінің алдына барып жарылмақ болған, бірақ полицейлерге зиян тигізгісі келмеген, - дейді адвокат Клара Баямирова.

Адвокаттың айтуынша, сотта айыпталушылардың осы «мойындауларының» бәрі ескерілген.

«ҰРЫП-СОҚҚАН»

Сегіз жылға сотталған Райымбек Зияшевтің анасы Гүлсара Хабибуллинаның айтуынша, ұлы қазанның 22-сі күні 19 жасқа толады.

Сотталушылардың туыстары (солдан оңға ) Гүлдана Ақорынова, Гүлсара Хабибуллина. Атырау, 24 маусым 2013 жыл.
Сотталушылардың туыстары (солдан оңға ) Гүлдана Ақорынова, Гүлсара Хабибуллина. Атырау, 24 маусым 2013 жыл.
- Біз жоқта ұстап алып кетіпті. Неге ұстады дегенде «террорист», «балаңнан мылтық таптық» дейді. Ол - әкесінің ескі шолақ мылтығы. Айыбы - құжатсыз. Жолдастарымен бірге қоян атуға шығатын. Осы мылтықты досының үйіне сваркіге апарған. Осыған қатысты әкесін де, мылтықты дәнекерлеген баланы да шақырды. Бірақ олардың жауаптары ескерілген жоқ, - дейді Гүлсара Хабибуллина

Гүлсара Хабибуллина сот шешіміне қарсы арыз түсіретінін айтты. Оның айтуынша, «Баласының кінәсі жоқ, ұрып-соққан соң, ауру бір құлағынан мүлде айырылып, саңырау болып қалам ба деп мойындаған».

- Балаларды ұрып-соққандары туралы айтсақ, заң орындары «анықтамаларың қайда, дәлелдерің жоқ» дегенді айтады. Оларды бізге көрсетпесе, дәрігерге апармаса, қайдағы анықтама? - дейді Гүлсара Хабибуллина.

АДВОКАТ: «СЕГІЗ ЖЫЛ - НОРМАЛЬНО»

Райымбек Зияшевтің адвокаты Ұлмекен Cапарованың айтуынша, «ол айыбын ішінара мойындаған».

- Зияшев Саид Бурятскийдің таспаларын қараған. Осы топтың басшылары Роман Баярисов пен Рамиз Ким оларға Пәкістан мен Ирандағы жағдайлар туралы айтқан. Айып оның тергеушілерге берген жауаптарына сай тағылып отыр. Мен оны бостан босқа сотталды деп айта алмаймын. Айғақтардан асып кете алмаймын ғой. Сегіз жыл - нормально, - деді Ұлмекен Cапарова.

Ал Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиев 9 азаматқа «Қазақстанда тыйым салынған салафиттік бағыттағы идеологияны қолдады, терроризмді насихаттады, террористік топ құрып, оны басқарды, қаржыландырды, заңсыз қару жасады және сақтады» деген айыптар бойынша үкім шыққанын хабарлап:

- Судья шешімді тергеу айыптары, анықтамалары, фактілері негізінде шығарды, - деді ол.

Азаттық бұл іс жөнінде сот үкімі шығардың алдында да жазған. Атырау облыстық ұлттық қауіпсіздік департаментінің баспасөз хатшысы Темірбек Мұқашев Азаттыққа өзінің бұл мәселеге қатысты ештеңе айта алмайтынын мәлімдеп, «маған ондай (азаптау туралы - ред.) мәлімет түскен жоқ» деген еді.
XS
SM
MD
LG