Accessibility links

Министрдің сөзіне қырғыздар ренжіді, қазақтар ұялды


Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Алматы, 23 мамыр 2016 жыл.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Алматы, 23 мамыр 2016 жыл.

Ресейдегі қырғыз мигранттары жайлы сөзі дауға ұласқан Арыстанбек Мұхамедиұлының кешірім сұрағаны хабарланды. Оның сөзін «жоғарғы эшалондағы саясаткердің өресі» деп сипаттаушылар да бар.

Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының «қырғыз мигранттары жайлы айтқанына өкінгені» оның орынбасары Ғалым Ахмедияровтың сөзінен белгілі болды.

Вице-министр «кейбір ақпарат құралдары министрдің жауабын бергенде оның сөзінің екі шағын ғана үзіндісін ұсынғанын», «анығында жазушы Шыңғыс Айтматовтың талантына бас иетін министр оның терең философиясына назар аудартқысы келгенін» айтады.

«АДАЛ ЕҢБЕКПЕН КҮН КӨРІП ЖҮРМІЗ»

Министр Арыстанбек Мұхамедиұлы мамырдың 23-і күні халықпен кездесіп, 2015 жылы атқарылған жұмыстарға есеп беру кезінде Ресей қалаларында жұмыс істеп жүрген қырғыз мигранттарын да сөз еткен. Ол қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов жайлы айта келіп: «Жасыратыны жоқ, Мәскеуге немесе өзге қалаларға ұшып барғанда қоғамдық дәретханаларды көршілеріміз – қырғыздың жас қыздары тазалап жүргені аянышты. Бұл, әрине, адамдық сезіміңе әсер етеді. Олар мұндай жас шақтарында бұл іске – қоғамдық әжетхананы тазалауға қалай тап болды екен? Әрине, елде жұмыс жоқта, болашақ жоқта көптеген қырғыздар кетуге мәжбүр болған» деген.

Қазақ министрінің бұл сөзі Ресейде жүрген қырғыз мигрант қыз-келіншектерін наразы етті. Олар министр Мұхамедиұлының дәретхана жууды ар көрген пікірімен келіспейтін пікірлерін видеоға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы таратқан.

– Басқа түссе, барлығымыз әжетхана жуып жүреміз. Мұның еш ұяттығы жоқ. Біз тәнімізді сатқан жоқпыз. Он жыл ішінде екі баламызды оқыттық. Енді үйімізді бұзып, жаңа заманға сай етіп салмақ ниеттеміз, – дейді Ресейдегі қырғыз мигранттарының бірі.

Оның сөзін қостаған отандасы адал еңбектерімен күн көріп жүргендерін, оған арланатын ештеңе жоғын айтады.

– Қырғызстан экономикасына үлес қосып жүрміз. Қазақстан министрінің айтқанына қосылмаймын. Бұл дұрыс емес. Керек десе, бұл жерде Қазақстанның азаматтары да әжетхана жуып жүр, – дейді қырғыз мигранты.

Қазақ министрінің қырғыз мигранттары жайлы сөзінен соң, мамырдың 24-і күні Қырғызстан сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Бішкектегі елшілігінің кеңесші-уәкілі Ербол Ахметовті шақырып алып, қазақстандық дипломатқа наразылық нотасы тапсырған.

Бүгін қазақстандық ақпарат құралдары Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Қырғызстан нотасына жауап дайындап жатқанын хабарлады. БАҚ мәліметінше, министрліктің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов «нота мазмұнын жария етпейтінін, жауап дайын бола сала қырғыз тарабына жететінін» айтқан.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі өкілі Азаттық тілшісінің нотаға жауап жайлы сауалына: «Бізден мәлімдеме, хабарлама болса, хабарласамын. Әзірге ақпарат жоқ» деп қана жауап берді.

«БАСҚА ЕЛДЕ БОЛСА, МИНИСТР ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТЕР ЕДІ»

Министр Мұхамедиұлының қырғыз мигранттары жайлы сөзіне қазақстандықтар да наразы болған.

Facebook әлеуметтік желісінің қазақстандық қолданушыларының бірі Isai Bulat «қайдағыны айтып, Қырғызстанмен салыстырғанды қою керек деп біледі. «Қырғыздар әйтеуір нандарын адал тауып жеп жүр. Сыртта жүрсе де адал! Мұнайдың баррелі 6 доллар болып қалса, біздікілер де ақша іздеп сыртқа кетеді. Көршіге күлуге болмайды. Бауырлас екі елді салыстыру ессіздік» дейді ол.

Ал журналист Аян Шәріпбаев пен азаматтық белсенді Мұхтар Тайжан министрдің сөзіне бола қырғыздардан кешірім сұраған. «Мәдениеттен жұрдай мұндай министрлер де болады» дейді Тайжан. Ал Шәріпбаев «Қазақстанда шенеуніктер мұндайға жиі жолығатынын» айтады.

Мәдениеттанушы Ерлан Сайыров бұл оқиғадан соң «жоғары лауазымды адамдар сөздеріне абай болуы керек» деген ой түйген.

Кез келген халықты бұлай келемеждеуге болмайды.

– Шет мемлекетте ол кісілер арқылы біздің мемлекет танылады. Осы тұрғыдан алғанда бұл – үлкен әбестік. Бірақ бүгін ол кісінің (министр Арыстанбек Мұхамедиұлын айтады – ред.) ресми түрде кешірім сұрағанын естідім. Әрине, бұл – азаматтық. Сонда да кез келген халықты бұлай келемеждеуге болмайды, – дейді Ерлан Сайыров.

Ал саясаттанушы Әзімбай Ғали министр Мұхамедиұлының қырғыз мигранттары жайлы сөзін «оның өресінің белгісі» деп бағалайды.

– Өкінішке қарай, жоғарғы эшалондағы министр деңгейіндегі саяси қайраткер өзінің саяси таяздығын көрсетіп алды. Бірақ бұған бола министрдің номенклатурада ұпайы азаймайды. Бізде қызметке тағайындау, қызметтен алу басқа жолмен шешіледі. Егер басқа бір елде мұндай жағдай болғанда, оппозиция айғай-шу шығарып, министр ұялғанынан сол күні өзі қызметтен кетіп қалар еді, – дейді Әзімбай Ғали.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы – бұған дейін де әлденеше рет тосын сөзі не ісімен ел көзіне іліккен саясаткер. Жұрт есінде әсіресе оның Әлиев деген фамилиядан бас тартқанда айтқан уәжі, спортшыны марапаттау кезінде оған телефон ала жүгіруі, «Қазақстанды жаман қырынан көрсететін фильмдердің» тізімін жасау туралы ұсынысы сақталып қалған.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG