Accessibility links

Софронийдің паналау орны басшысы да Ресейге кетті


Софронийдің паналау орнындағы балалар. Алматы облысы, Іле ауданы, Түймебаев атындағы кент, 3 қыркүйек 2013 жыл.

Софронийдің паналау орнындағы балалар. Алматы облысы, Іле ауданы, Түймебаев атындағы кент, 3 қыркүйек 2013 жыл.

Балалардың паналау орнында он жылдан аса істеген Светлана Плаксина Ресейге кетті. Ол «ресейлік миссионер Софронийді елден қуғаннан кейін паналау орнының тозғанына төзе алмадым» дейді.

Алматы облысы Іле ауданы Түймебаев атындағы кенттегі балаларды паналату мекемесінің бұрынғы меңгерушісі Светлана Плаксина Азаттық тілшісіне «Ресейден Софроний әкей телефон соғып, жұмыс істеуге шақырған бетте бірден жұмыстан шығып, осы аптада Қазақстаннан кеттім» дейді. Ол «паналау орны тозып барады әрі жалақымды да кесіп тастады» деп шағынады. Ал жаңа басшылық Плаксинаның «жаңа тәртіпке көндіге алмағанын» айтады.

ПЕРМЬ ӨЛКЕСІНЕ ҚОНЫС АУДАРУ

Софроний (азаматтық аты-жөні – Петр Евтихеев, Ресей азаматы) Түймебаев атындағы кентте балаларды паналату орны мен қарттар үйін 2000 жылы ашты. Содан бері оның есімі жұртқа таныла бастады. Кейін бұл екі мекеме ел аузында «Софроний әкейдің паналау орны» аталып кетті. Оның паналау орны Қазақстандағы орыс православ шіркеуінің қамқорлығымен жақсы жұмыс істейтін белгілі жеке меншік қайырымдылық мекемесі ретінде танылған.

Сергий Радонежский шіркеуінің және балалар мен қарттарды паналату орнының бұрынғы жетекшісі Софроний әкей.

Сергий Радонежский шіркеуінің және балалар мен қарттарды паналату орнының бұрынғы жетекшісі Софроний әкей.

Бірақ соңғы бір жарым жыл бойы Софронийдің өзі де, ол басқаратын паналау орны да қадағалау органдарының қырына ілігіп, талай қиындыққа тап болды. Жергілікті билік оны «әкімшілік кодекс талаптарын бұзды» деп айыптап, Қазақстаннан күшпен депортацияламақ болған. Ақыры Софроний былтыр желтоқсанда Ресейге кетіп қалды. Софронийдің жақтастары «паналау мекемесінің меншігіндегі жер мен дүние-мүлікке біреулердің көзі түскен» деп есептейді. Жергілікті билік кезінде Софронийді «паналау мекемесінің тәрбиеленушісі – қыз баланы ұрып-соқты» деп айыптаған, бірақ «мерзімі өтіп кеткендіктен» тергеу амалдары тоқтатылған. Софроний кеткен соң балаларды паналату мекемесі таратылып, қазір оның орнына «Солнышко» деп аталатын балалар үйі жұмыс істейді.

- Былтыр Софроний әкейді қалай қудалағандарын көргенде жүрегім қатты ауырды. Қанша қатал болса да, мұндағы балалар, қарттар мен қызметкерлердің бәрі оны жақсы көретін. Балалардың қамын қатты ойлайтын. Паналау орнын салған кезде өз қолымен тас тасыды. Ол кеткен соң мұнда бұрынғы береке, бұрынғы қамқорлықтан ештеңе қалмайтынын бәрі түсінді, - дейді Светлана Плаксина.

Ал Қазақстан азаматы Светлана Плаксина Ресейге барғанда не істейді?

Қазір Софроний Пермь өлкесіндегі Березники қаласында тұрады. Кезінде Қазақстандағы орыс православ шіркеуін басқарған митрополит Мефодийдің қарамағында жұмыс істеген ол қазір де митрополит Мефодийдің құзырындағы бірнеше ғибадатхананы басқарады.

Софроний әкей негізін қалаған паналау орны. Алматы облысы, Түймебаев атындағы кент, 25 сәуір 2014 жыл.

Софроний әкей негізін қалаған паналау орны. Алматы облысы, Түймебаев атындағы кент, 25 сәуір 2014 жыл.

Светлана Плаксина Березники қаласынан 15 километрдей жердегі ежелгі Пыскор кентіндегі ғибадатханада жұмыс істеуге бара жатқан сияқты. Көне тарихы бар бұл кенттің іргесін 16-ғасырда тұз өндіруші Строгановтар әулеті қалаған. 16-18-ғасырларда мұнда Пыскор ерлер монастыры болған.

Пермь өлкесі Усоль ауданы билігі бұрынғы коррекциялық мектептің бос тұрған ғимаратын Пыскор кентіндегі ғибадатхана иелігіне берген. Светлана «мұның бәрі Софроний әкейдің арқасы» дейді. Мектеп екі гектар жерде орналасқан. Жидегі пен саңырауқұлағы мол орманда орналасқан мектептің төменгі жағынан Кама өзені ағып жатыр.

- Табиғаты керемет жер, - дейді Софронийдің сөздерін қайталаған Светлана Плаксина.

Софроний 80 орындық балалар паналау орны мен 160 орындық қарттар үйін әлгі мектептің орнына салғысы келеді, ал Светлана Плаксина бұрынғыдай оның «оң қолы», яғни балаларды паналату орнының директоры болмақ.

Ол жақта Светлана Плаксина тұратын орын да дайын көрінеді. Бұрынғы мектептің территориясында екі үлкен бөлмелі үй бар. Оның бірінде Светлана Плаксина бастауыш сыныпта оқитын ұлымен тұрады деп жоспарланған. Әзірше ол Софронийге жалғыз кетіп барады. Қазақстанда қалған ұлын орналасып болған соң алып кетпек.

ПЛАКСИНАНЫҢ ӨКПЕСІ

Светлана Плаксинаның екі баласы - кәмелетке толған қызы мен бастауыш сыныпта оқитын баласы бар. Қызы бала-шағасымен Қазақстанда қалады. Светлана Плаксина қыздан туған жиендерін қатты жақсы көреді.

- Әрине, паналау орнында қалған балаларды да сағынатын боламын. Бірақ екі жылдан бері олардың көрмегені жоқ, соны ойласам жүрегім ауырады. Паналау орнынан кеткенімде онда 30 шақты ұл мен 30 шақты қыз ғана қалған. Оразадан кейін ауыз ашарға 30 ұлға бір аптаға небәрі сегіз тауық береді. Ол кезде қыздар «жоғарғы» мекемеде тұратын. Ал Софроний әкейдің кезінде мұздатқыш тамаққа толып тұрушы еді. Балаларды әрине қимаймын, сағынамын, - дейді Светлана Плаксина.

Софронийдің паналау орнында балалар тамақ ішіп отыр. Алматы облысы, Түймебаев кенті, 24 шілде 2013 жыл.

Софронийдің паналау орнында балалар тамақ ішіп отыр. Алматы облысы, Түймебаев кенті, 24 шілде 2013 жыл.

Плаксинаның Қазақстанға өкпесі де бар. Софроний басшылық еткен кезде ол 50 мың теңге жалақы алып тұрған, ал ол кеткен соң жалақысын 35 мың теңгеге қиып тастаған. Мұны «Радонеж» қорының Лариса деп танысқан бухгалтері де растады. Бұрынғы паналау орнын басқарған бұл қор қазіргі балалар үйін де басқарады.

Бірақ «Радонеж» қоры бухгалтериясы қызметкері Светлана Плаксинаның «балаларды дұрыс тамақтандырмайды» деген сөзімен келіспейді. «Радонеж» қоры өкілі «балалар күніне бес рет тамақтанады - таңғы ас, түстік ас, бесін кезіндегі ас, кешкі ас ішеді және түнде жатар алдында оларға айран мен тоқаш береміз» дейді.

Ол Светлана Плаксинаның өкпесін «ескі тәртіпке үйреніп қалған Плаксина жаңа тәртіпке көндіге алмады немесе көндіккісі келмеді» деп түсіндіреді.

Софроний Қазақстаннан кеткен кезде паналау орнында 120 бала, ал қарттар үйінде 120 қарт пен мүгедек жан болған. Мекеме директоры Ирина Смирнованың Азаттық тілшісіне айтуынша, қазір «Солнышко» балалар үйінде 68 бала тәрбиеленіп жатыр. Кейбір балалар мемлекеттік балалар үйлеріне өткізілген. Ал қарттар үйі әлі жұмыс істеп тұр. Қарттар үйі директоры Ирина Кулеваның айтуынша, қазір мұнда 87 қартқа күтім жасалады. Софронийдің паналау үйі орнына пайда болған «Солнышко» балалар үйі мен қарттар үйі Қазақстандағы орыс православ шіркеуінің қамқорлығында.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG