Accessibility links

Зағиптар қоғамы басшысы «алаяқтық» айыбын жоққа шығарады


Қазақ зағиптар қоғамы президенті Байболат Әубәкіров Астанадағы баспасөз мәслихатында отыр. 14 мамыр, 2015 жыл.

Қазақ зағиптар қоғамы президенті Байболат Әубәкіров Астанадағы баспасөз мәслихатында отыр. 14 мамыр, 2015 жыл.

Қазақ зағиптар қоғамы басшысы «сеніп тапсырған мүлікті жымқырды деген айыппен қылмыстық іс заңсыз қозғалды» дейді. Ұйымдағы ұзаққа созылған жанжалдың жаңа айналымы басталды.

Қазақ зағиптар қоғамы басшылығы мен оған қарасты кейбір кәсіпорын басшыларының арасындағы даудың басталғанына талай жыл өтті. «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық ұйымы президентін қарсыластары «қаржы-шаруашылық саласындағы заңды бұзды» деп айыптайды әрі оны қызметінен алуды талап етеді. Байболат Әубәкіров бұл айыптарды мойындамайды.

Бүгін Астанада өткізген баспасөз жиынында ол «Қазақ зағиптар қоғамына қарасты кәсіпорындарда талай бухгалтерлік аудит жүргізіліп, қаржы-шаруашылық істеріне қатысты құжаттары тексерілді» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, бұған мүшеліктен шығарылған кейбір қоғам мүшелерінің ұжымдық шағымы себеп болған. Олар президентті "қоғамға тиесілі ақшаны ысырап етті", "жылжымайтын мүлік нысандарын заңсыз сатты" және "шетелдегі ақшаны қайтармады" деп айыптайды.

Байболат Әубәкіров өзіне тағылған айыптармен келіспейді. Оның айтуынша, тексерулер мен «Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену немесе ысырап жасау, яғни жымқыру» бабы бойынша қозғалған қылмыстық іске қатысты тергеу амалдары «қылмыстық-процессуалдық кодекс нормаларын сорақылықпен бұзу арқылы» жүргізілген. Бұл қылмыстық іс бойынша ол күдікті ретінде тергелген.

Биыл мамырдың 6-сі күні шыққан қылмыс құрамын қайта қарау туралы қаулыға сәйкес, 2012 жылдың қыркүйегінде Қазақ зағиптар қоғамы «Тау Комфорт Алматы» компаниясынан жалпы аумағы бір гектар болатын жер телімін 37 миллион 600 мың теңгеге сатып алған. Қаулыда компания құрылтайшыларының бірі - президенттің қызы әрі жер телімінің құны нарықтық бағаға сәйкес келмейді деп жазылған.

Байболат Әубәкіровтің пікірінше, ішкі істер министрлігі «қоғамның ішкі ісіне заңсыз араласады».

Қазақстан ішкі істер министрлігінің (ІІМ) аға тергеушісі, капитан Құлжанов қаулыда «Әубәкіров Б.Ә. осындай қылмыстық әрекеттері арқылы «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігіне аса ірі көлемде, яғни айлық есептік көрсеткіштен екі мың есе асатын көлемде материалдық зиян келтірген» деп жазады.

Өзінің басшылығымен зағиптар қоғамы мұндай жер телімін сатып алғанын Байболат Әубәкіров мойындайды.

- Олар енді «Әубәкіров қымбатқа сатып алды» деп көрсеткісі келеді. Олар әлгі бір гектар жерді бір шаршы метрін 100 теңгеден есептеген. Бірақ тіпті кадастрлық бағасы да мұнша тұрмайды. Мен оларға 2012 жылдың қыркүйегі мен қазан айының басында газетке шыққан хабарландыруды көрсеттім. Әлгі тұстағы жердің бір сотығы жеті мың доллар тұрады. Міне, көрдіңіздер ме? Маған сенбей, өздері баға қойып алған әрі мұны жымқыру, жоқ, олай емес, қызмет бабын асыра пайдалану деп санайды. Бұл абсурд қой. Әлгі жер телімі қанша тұрса да, оны бәрібір сатып алар едік. Өйткені бізге санаторий салу керек. Бұған басқарманың тиісті шешімі бар, - дейді Байболат Әубәкіров.

Оның пікірінше, ішкі істер министрлігі «қоғамның ішкі ісіне заңсыз араласады». Ал полицейлер жәбірленуші деп танылған, бірақ қоғам талаптарын бұзғаны үшін Қазақ зағиптар одағы мүшелігінен қуылған наразы жандардың сөзіне сенеді.

Зағиптар қоғамы басшылығы әрекетіне қарсы наразылық акциясы былтыр Алматыда да өткен.

Былтыр қыркүйекте елдің әр аумағында тұратын 20 шақты адам Астанаға келіп, Ақорданың жәшігіне Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына хат тастаған. Олар хатта зағиптар қоғамындағы талай жылға созылған жанжалға араласып, қоғам төрағасы Байболат Әубәкіровтың қызметінен алып тастауды сұраған.

Ол кезде Қазақ зағиптар қоғамы өкілі Қайырбек Шәден Азаттыққа берген сұхбатында «ұйымда миллиардтаған теңгенің заң бұзушылығы болып жатыр» деп мәлімдеген.

Зағиптар қоғамы басшылығы әрекетіне қарсы наразылық акциясы былтыр Алматыда да өткен. 2014 жылдың шілдесінде қоғамға қарасты кәсіпорынның бұрынғы директоры Алтынай Ибрагимова мен бұрынғы жұмысшысы Гүлнәз Бекбосын екеуі бұрынғы қызметіне қайта тағайындауды талап етіп, кәсіпорын территориясында аштық жариялаған. Ол кезде Алтынай Ибрагимова Қазақ зағиптар қоғамы президенті Байболат Әубәкіров «бұрынғы қызметіме қайта тағайындау туралы сот шешімін орындамай отыр» деп мәлімдеген.

Астанадағы баспасөз жиынында Әубәкіров ол кезде сот шешімін орындап, Алтынай Ибрагимованы қызметіне қайта алғанын, бірақ кейін заң бұзған соң жұмыстан қайта шығарғанын мәлімдеді.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG