Accessibility links

Астана әкіміне қарсы сот өткенше, тағы бір митинг өтті


Қарсылық күні акциясына жиналған астаналық белсенділер. Астана, 25 ақпан 2012 жыл.

Қарсылық күні акциясына жиналған астаналық белсенділер. Астана, 25 ақпан 2012 жыл.

«Келіспейтіндердің» ақпан айының 25-і күні митинг өткізуіне тыйым салған Иманғали Тасмағамбетов пен қала әкімшілігіне қатысты сот отырысы Астанада басталады дегелі үшінші айдың жүзі болды. Оппозициялық саясаткер Зәуреш Батталова, азаматтық белсенділер Болатбек Біләлов пен Ардақ Бижігітов биліктің қаулысын заңсыз деп тануды және ақшалай өтемақы талап етеді.


Оппозиция белсенділері мен Астана қаласы әкімшілігінің арасындағы тартыс ақпан айының 25-і күні митинг өткізуге рұқсат бермеуден басталды. Бұл күні бүкіл Қазақстан аумағында «Келіспейтіндердің» наразылық митингісі өтіп жатқан болатын. Жұрт Жаңаөзен қаласы мен Шетпе бекетінде болған қанды оқиғаларға байланысты наразылық таныту үшін жиналды. Мұндай наразылық шарасын өткізуге Қазақстанның бір де бір аймағының билік орындары рұқсат бермеді. Оппозицияның кейбір белсенділері мен саясаткерлері әкімшілік қамауға алынса, кейбіріне айыппұл салынды.

САЯБАҚТА ЕШҚАНДАЙ КВН ӨТКЕН ЖОҚ

Астанадағы наразылық шарасы еш шусыз, тыныш өтті. Ешкімді ұстап әкеткен жоқ. Шыны керек, бұл акцияны қолдауға шыққандардың қарасы да көп болған жоқ. Акцияны ұйымдастырушыларға Астана билігі «Митинг өткізу жоспарланған орында КВН өткізілмекші» деген уәж айтып, ақпанның 25-і күні наразылық шарасын өткізуге рұқсат бермеді.

Белсенділердің бір бөлігі биліктің бұл ақпаратын тексеріп көріпті. Бірақ Астананың Пушкин мен Құдайбердіұлы көшелерінің қиылысындағы саябақ ол күні бос болып шыққан – жарыс өткізеді деген "Көңілділер мен тапқырлар клубы" өкілдерінің ешқайсысы ол жерге келмепті.
Болатбек Біләлов, азаматтық белсенді. Астана, 25 ақпан 2012 жыл

Болатбек Біләлов, азаматтық белсенді. Астана, 25 ақпан 2012 жыл


Сол күні қала әкімдігінің ғимаратының алдына жиналған ондаған адамның әрқайсысы өзінің азаматтық құқықтарының бұзылғаны туралы шағым-арызын әкімдік кеңсесіне тапсырды. Сотқа да талап арыз түсті.

«Демократия және адам құқықтары институты» атты қоғамдық бірлестіктің директоры Болатбек Біләловтың пікірінше, Астана әкімшілігінің митинг өткізуге рұқсат бермеуі - заңсыз. Ол «саябақ бос болмаса, қала билігі басқа орын ұсынуы тиіс еді. Алайда олар бірден рұқсат бермеген» деді.

Талап арыз берушілер Астана әкімінен осы қызметте отырған сәттен бастап алып жүрген жалақысының төрт жылдық мөлшері көлемінде өтемақы талап етіп отыр.

САҒЫЗДАЙ СОЗЫЛҒАН СОТ

Осы іс бойынша сәуірдің 26-сы күні өткен кезекті сот отырысы басталмай жатып аяқталды. Сот отырысына жауапкердің бір де бір өкілі келмегендіктен, істі қарауды мамырдың 10-ына қалдыру жөнінде шешім қабылданды.

Әкімдік атынан сотқа қатысуы тиіс болған Астана әкімшілігінің құқық бөлімінің бас маманы Әбдікерімовтің науқастануына байланысты процеске қатыса алмайтынын хабарлаған хатын судья оқып берді. Астана әкімшілігінде бұл процеске қатысатын басқа өкіл табылмапты. Хатқа сәйкес, олардың барлығы басқа сот процестеріне қатысып жатқан көрінеді.

Талапкерлер процесті кейінге шегеруге келісім бергенімен, Болатбек Біләловтің пікірінше, жауапкердің мұндай мәлімдемесі орынды себеп болып табылмайды:

- Біз соттан жауапкердің сот отырысына келмеуін себепті сылтау деп танымауды сұрадық. Бірақ біз сот отырысын басқа күнге ауыстыруға келісім бердік. Өйткені сот бұдан бұрын ішкі саясат департаментінің басшысы Балаеваның келуін және біздің дәлелдерімізді растайтын бірқатар құжаттарды алып келуге міндеттеген болатын. Алайда олар сотқа келмеді.
Мұсағали Дуамбеков, экологиялық қозғалыс белсендісі. Астана, 26 сәуір 2012 жыл.

Мұсағали Дуамбеков, экологиялық қозғалыс белсендісі. Астана, 26 сәуір 2012 жыл.


Өздерінің талаптарының заңды екенін айтқан Болатбек Біләлов «Астана әкімдігінің заңгерлері мұны жақсы білетіндіктен, процеске келмеген болар» деді.

«Жақында бір топ азаматтар мамырдың 31-і күні митинг өткізу жөнінде Астана қаласының билік орындарына өтініш берді» деген Біләлов:

- Өз басым әкімдіктің қазіргі ұстанып отырған позициясы мынаған саяды деп ойлаймын: егер сот «әкімдіктің әрекетін заңсыз деп тану туралы» біздің бірінші талабымызды қанағаттандырса, онда сот азаматтық-процессуальды кодекс аясында қала әкімдігін біздің бұзылған құқымызды қалпына келтіруге міндеттеуі тиіс. Бұл жағдайда бұзылған құқымыз қалай қалпына келмек? Менің ойымша, әкімдік мамырдың 31-і күні өткізілетін митингке рұқсат береді де, бір оқпен екі қоянды атып, сот шешімін орындайды. Әрине, бұл - менің субъективті пікірім, бірақ мәселенің басқа жағынан қарасақ, біздің бұдан бұрын берген арызымызды да қанағаттандыруы мүмкін, - деді.

Сот процесіне қатысқан тағы бір адам - азаматтық белсенді және бір кездері Қазақстан президенттігіне үміткер болған Мұсағали Дуамбековтің айтуынша, өткен сот отырысында белгілі болғандай, Пушкин мен Құдайбердіұлы көшелерінің қиылысында ақпанның 25-інде шара өткізуге өтініш бергендердің бірінің арызында дәлсіздіктер бар:

- Біз олардың өтініш бергенімен, уақытын көрсетпегенін анықтадық. Біздің өтініште уақыты қойылған, ал олар басқа уақытты көрсеткен болып шығады. Біз осы себепті күдіктеніп қалдық. Сот отырысына тіркелген арыздың нағыз көшірмесін әкелу әкімдіктің заңгеріне тапсырылған. Біздің есебімізше, өткен жолы әкелген көшірме шындыққа сәйкес келмейді, - деді Мұсағали Дуамбеков.
Азаматтық белсенділер Зәуреш Батталова (сол жақта) мен Болатбек Біләлов Сарыарқа аудандық сотында. Астана, 26 сәуір 2012 жыл

Азаматтық белсенділер Зәуреш Батталова (сол жақта) мен Болатбек Біләлов Сарыарқа аудандық сотында. Астана, 26 сәуір 2012 жыл


Оппозиция саясаткері Зәуреш Батталова бұрын берген сұхбаттарының бірінде митинг өткізу туралы өтінішті «Жігер» компаниясы да бұлармен бірге бір күнде бергенін сот басталғанда барып білгендерін айтқан еді. Батталова «митинг өткізуге өтінішті заңды тұлғалар емес, азаматтар ғана бере алады, бұл - заңды бұзу» деген болатын.

Оның үстіне, талап арыз берушілер ақпанның 25-і күні мәдени шараны өткізу жауапкершілігі Астана әкімінің орынбасары Аида Балаеваға жүктелгенін айтады.

- Бұл шара өтпей қалды, демек Балаева кінәлі болып шыққаны ғой. Ол кісі бүгін сотқа келіп, кімнің кінәлі екенін айтуы тиіс болатын. Шараның өтуін қадағаламаған Балаева кінәлі ме, әлде бұл шараға мән бермеген КВН-шілер кінәлі ме? Нәтижесінде, сотқа ешкім де – Тасмағамбетов те, Балаева да, бюллетеньді әкелуі тиіс заңгер де келмеді, - деді Мұсағали Дуамбеков.

Азаматтық белсенділер, әкімдіктің қаулысын да заңсыз деп тануды талап етеді. Олар моральдық шығынның өтемақысы ретінде Иманғали Тасмағамбетовтің Астана әкімі қызметінде отырған мерзім ішіндегі алған бүкіл жалақы көлемін талап етіп отыр. Белсенділер бұл ақшаны Жаңаөзен оқиғасы кезінде жапа шеккендерге көмек қорына аудармақ ниетте.

Сәуірдің 28-і күні Астананың оппозиция белсенділері тағы бір митинг – «Қарсылық күнін» өткізді. Олар Жаңаөзендегі шерушілерге оқ атудың ізінше басталған қуғын-сүргінге қарсы наразылық білдіріп, ереуілге шыққан Батыс Қазақстан мұнайшыларын жазалауды айыптады.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG