Accessibility links

Айтыстың бас жүлдесі – «Нұрекең алтынмен аптаған» домбыра


Айтыс ақыны Мұхтар Ниязов (сол жақтан екінші) "Алтын домбыраны" иеленді. Астана, 9 желтоқсан 2012 жыл.
Айтыс ақыны Мұхтар Ниязов (сол жақтан екінші) "Алтын домбыраны" иеленді. Астана, 9 желтоқсан 2012 жыл.
Қазақстанның тәуелсіздік күніне арналған «Біздің ел осындай» атты айтыстың ақтық сыны Астанадағы Конгресс-холл залында өтті.

Бұған дейін Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының айтыскерлері – Қызылордада, ал Ақмола, Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан облысының ақындары Өскемен қаласында айтысқан еді.

Осы сыннан өткен алты ақын (Балғынбек Имашев, Сара Тоқтамысова, Мейірбек Солтанхан, Жандарбек Бұлғақов, Әсем Ережеқызы, Мұхтар Ниязов) желтоқсанның 9-ы күні Астанада бас жүлде үшін бақ сынасты.

Биылғы айтыстың бас жүлдесіне «Алтын домбыра» тіккен мәдениет және ақпарат министрлігінің айтуынша, «бұл жүлдені қатарынан үш мәрте ұтқан ақын алтын домбыраны өз меншігіне алады – оған дейін алтын аспап ұлттық мұражайда сақталады, жеңімпаздар тізімі арнайы кітапқа енгізіледі».

ШЫҢҒЫСХАН, ЧЕЛАХ ЖӘНЕ ДИНОЗАВР

Биылғы айтыстың тағы бір жаңалығы – айтыстың жүргізушісі ретінде танылған ақын Жүрсін Ерман қазылар алқасының төрағасы болып, оның орнына тележүргізуші Олжас Сыдықбек шықты. Жүрсін Ерманның жанындағы қазылар – айтыскерлер Есенқұл Жақыпбеков пен Әселхан Қалыбекова және Әсия Беркенова, ақын Ақұштап Бақтыгереева, жырау Алмас Алматов.

Ұйымдастырушылар «айтысты әділ өткізудің бір жолы ретінде» қай ақынның кіммен айтысатынын залдағы көрермендердің көмегімен анықтауды құп көріпті. Екі көрермен сахнаға шығып, алғашқы жұп – Әсем Ережеқызы мен Мұхтар Ниязовтың аты-жөндерін жариялады.

Бұл айтыста сөзді Мұхтар Ниязов бастады. Ол ел тәуелсіздігі туралы айта келіп,
"Алтын домбыраны" күзеткен сарбаздар. Астана. 9 желтоқсан, 2012 жыл.
"Алтын домбыраны" күзеткен сарбаздар. Астана. 9 желтоқсан, 2012 жыл.
«батырша киінген» екі жігіт қарауылдап тұрған бас жүлде – «Алтын домбыраны» да сөз етті.

«Ақсақ құлан» күйі туралы аңыздағы бас кейіпкер Жошыны Шыңғысханмен ауыстырған ақын:

«... Жошыхан жорықта өлген құлан теуіп,
Тарихтың бізге жеткен аз ақпары
«Ұлым қайда?» деп Шыңғыс ақырғанда
Жиналды жан-жағына тез-ақ бәрі.
Батырмын деп жүргендердің бәрі састы,
Анық қой қорғасынан азап бары.
Ер сасып, етек басып қиналғанда,
Саңқылдап сөйлеп кетті саз аспабы.
Шыңғысқа шындықты айтқан бұл домбыра –
Ең алғашқы демократ қазақтағы» – дей келе:

«Шыңғысхан қорғасынмен қорлап еді,
Нұрекең алтынменен аптап берді» деп аяқтады сөзін.

Бір сағатқа жуық айтысқан бірінші жұптың сөзі қыз бен жігіт арасындағы әзілге
Айтыс көрермендері. Астана. 9 желтоқсан, 2012 жыл.
Айтыс көрермендері. Астана. 9 желтоқсан, 2012 жыл.
құрылды. Ақын Әсел Ережеқызы Қызылорда облысындағы сапасыз жолдардың жайын көзімен көргенін айтып, қарсыласын ықтыруға тырысты. Бұл сайыста ылғи ондық баға алған Мұхтар Ниязов алға шықты.

Одан кейінгі айтыс Балғынбек Имашев пен Мейірбек Солтанханның арасында өтті. Жас ақын Мейірбек 20 жылдан астам уақыт бойы айтыста жүрген қарсыласына «қартайдың, шалсың» деген сыңайда сөз бағыттады. Ал Балғынбек Имашев қарсыласының бұған дейін бірнеше замандасымен сөз сайыстырғанын айта келіп, оны «Арқанкерген» шекара заставасындағы оқиғаға орай сотқа тартылып жатқан жатқан Владислав Челахқа теңеді. Бұл жұпта Мейірбек Солтанхан озды.

Айтыстағы соңғы жұп Сара Тоқтамысова мен Жандарбек Бұлғақов болды. Бұл екі
Сара Тоқтамысова мен Жандарбек Бұлғақов. Астана. 9 желтоқсан 2012 жыл.
Сара Тоқтамысова мен Жандарбек Бұлғақов. Астана. 9 желтоқсан 2012 жыл.
айтыскер жеңгесі мен қайнысы болып айтысты. Алдымен сөз алған Сара Тоқтамысова сахнаға шығардан бір күн бұрын түс көргенін, түсінде бірі үлкен, бірі кіші екі динозавр өзін қуып жүргенін айта келе, «олар – өңімде де, түсімде де ізімнен қалмай жүрген әкелі-балалы айтыскерлер Айтақын мен Жандарбек Бұлғақовтар» деп әзілдеді. Ал Жандарбек Бұлғақов «бұл түстегі қос динозавр – айтысқа кетіп, үнемі үйде болмайтын Сараның енесі мен күйеуі» деп жорыды. Бұл бәсекеде қазылар алқасының шешімімен Жандарбек Бұлғақов үздік шықты.

ОЗҒАНЫ – ҮШЕУ, ФИНАЛҒА ӨТКЕНІ – ЕКЕУ

Үш жұптағы алты ақын өзара айтысып болғаннан кейін қазылар ақылдаса келіп,
Ақындарды марапаттау рәсімі. Астана, 9 желтоқсан 2012 жыл.
Ақындарды марапаттау рәсімі. Астана, 9 желтоқсан 2012 жыл.
финалға қызылордалық екі ақын – Мұхтар Ниязов пен Мейірбек Солтанхан шыққанын айтты. Бұған залдағы көрермендер қарсылық танытса да, айтыс жалғаса берді. Бұл екі ақын жарты сағаттай сөз қағыстырып, тақырыпқа сай тәуелсіздікті сөз етті.

Ақырында төрт сағатқа жуық өткен айтыс аяқталып, «Алтын домбыра» Мұхтар Ниязовқа бұйырды. Бұл кезде залдағы кейбір көрермендер қарсылық таныта айқайлап, «айтыс әділетсіз өтіп жатқанын, сахнаға Жандарбек Бұлғақов шығуы қажет» екенін айтты.

– Үш айтыскер бірдей ұпай (10 ұпай) жинады. Мысалы, біреуі бірінші орын алуы керек. Қалайша жеребемен үшінші адамды шығарып тастайды?! Екі нұсқа бар.
Айтыстың көрермені Момбай Оңласынов. Астана, 9 желтоқсан 2012 жыл.
Айтыстың көрермені Момбай Оңласынов. Астана, 9 желтоқсан 2012 жыл.
Үшіншісіне төртінші адамды шығару керек еді. Ішінде бар ғой жақсы айтқан. Сара жақсы айтты. Сөйтіп, екі жұп құру керек еді. Жеңгені финалға шығатын еді. Болмаса, екі бала айтысты ма – жеңгенін үшінші баламен айтыстыру керек еді. Жандарбекті шығару керек еді жеңгенімен. Жүрсіндікі дұрыс емес, – дейді Жандарбекке жақтасқан көрерменнің бірі зейнеткер Момбай Оңласынов.

«Айтыс әділетсіз өтті» деген тағы бір көрермен «жүлдені Мұхтар Ниязов емес, басқа ақын алуы тиіс еді» деген пікірде.

– Мейірбек – Мұхтармен салыстырғанда жас ақын. Сондықтан жас болғандықтан Мейірбекке беру керек еді. Жас ақынды одан ары талаптандыру керек еді. Мүлде әділ болмады. Төрешілер де, Жүрсін аға да әділ баға берген жоқ, – дейді аты-жөнін атаудан бас тартқан студент.

Бірақ, ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл айтысқа қатысқан алты ақынның құр қайтқаны жоқ. «Алтын домбыраны» алғаш ұтқан Мұхтар Ниязов – 3 миллион теңге, екінші орын алған Мейірбек Солтанхан – 1,5 миллион теңге, үшінші орын алған Жандарбек Бұлғақов 1 миллион теңге алатыны жарияланды. Ал өзге үш ақын (Әсем Ережеқызы, Балғынбек Имашев, Сара Тоқтамысова) ақтық сынға жеткені үшін-ақ 750 мың теңгеден олжалы болды.
XS
SM
MD
LG